Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен қозғау салынып, қоғамда жаппай талқыланып жатқан қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру мәселесі – әрісі еліміздің тағдыры мен болашағына қатысты, берісі жалпыұлттық өркениетке қатысты өзекті стратегиялық шара.
Сондай-ақ әліпбиді латын қарпіне көшіру белгілі мағынадан алғанда, бүгінгі уақыт өзі талап етіп отырған қоғамдық прогресс екені де қаперде болу керек. Сондықтан қазақ әліпбиін латын қарпіне көшірудің қажеттігі туралы әңгіменің басы ашық. Оны жалпы халық толықтай қолдайды һәм қолдап да отыр. Ендігі әңгіме, латын қарпіне қалай көшеміз, ұлттық төл дыбыстарымызға нұқсан келтірмейтіндей латынша әліпбиді қалай жасаймыз деген мәселелер төңірегінде өрістеп отыр. Бұл ретте негізгі жоба ретінде Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы ұсынған нұсқаның Парламентте таныстырылғанын білеміз. Дәл қазір қоғамда да жаппай талқыланып жатқан осы нұсқа. Әрине, аталған нұсқада ұлттық төл дыбыстарымызды негізінен қосәріппен (диграф) беруге тырысқаны белгілі. Ондағы мақсат – компьютер тақтасындағы латын таңбасынан шықпау. Алайда «ң» (ng), «ч» (ch) секілді әлемде жаппай қалыптасқан бірді-екілі диграф қолданылса, оның еш қиындығы болмас еді. Ал тілдегі сегіз бірдей дыбысты диграфпен беру уақыт өте келе тілді бұзуы мүмкін һәм жазуды тым шұбалаңқы жағдайға түсіреді.
Жақында бір ІТ маманы қазақ тіліндегі (кирилл жазуындағы) көлемді мәтінді латынша бір дыбыс бір таңбамен таңбаланатын нұсқаға қотарғанда 1100 беттен 1000 бет шыққан. Осы латынша 1000 беті қайтадан «орталық» ұсынған жобаға қотарғанда 1200 бет болған. Сонда Қазақ елінде бір жылда қанша бет кітап шығарылады? Мерзімді баспасөзге қанша бет жазба кетеді? Оның үстіне біз латын қарпін бір-екі қолданып тастай салмаймыз ғой... Сонда өмір бойы Қазақ елінің бюджеті және ел азаматтары жаңағы қос әріптен (диграф) туған «200 беттің» қағазы үшін, оның бояулары үшін, теру ақысы үшін, корректор, редактор ақысы, басу ақысы үшін басы артық шығын тартатын болады. Сондықтан ұлттық төл дыбыстарымызды латын қаріптерінің асты-үстіне дәйекшелер қойып әліпби жасаудан қашпауымыз керек. Дүние жүзінде, тіпті мынау өркениетті Еуропа елдерінің өзінде ұлттық төл дыбыстарын латынша қаріптердің асты-үстіне дәйекшелер қойып жазып жүрген елдер аз емес. Бұл– бір. Екіншіден, ең бастысы, диграфтарды ұзақ уақыт қолдану – ұлттық төл дыбыстарымызды белгілі деңгейде өзгеріске ұшыратады. Тіпті кей дыбыстарымыз жойылып кетуі де мүмкін. Сондықтан әліпбиімізді латын қарпіне көшірейік, бірақ мың өлшеп бір кесейік.
Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,
ақын