Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұржамал ҮСЕНБАЕВА «Егемен Қазақстанға» арнайы сұхбат берді.
– Нұржамал Пернебекқызы, таяуда ғана сіз ерекше жетістік үшін Еуразия шығармашылық одағы беретін «Еуразия сыйлығының» алтын лауреаты атандыңыз. Өнер жолын ұстанған отыз бес жылдан бері түрлі атақ пен марапаттарға қол жеткізіп келе жатырсыз ғой. Сонда да сізді кезекті жетістігіңізбен құттықтағымыз келеді.
– Көп рахмет! Мен бұл атақ тапсырылғанда Мумбайда ағылшын композиторы және дирижері Карл Дженкинстің концертінде жүргенмін. Ол концертке қатысудың өзі мен үшін үлкен жауапкершілік, жетістік, шығармашылық бақыт еді. Ресей елшілігі 21 қыркүйек күні белгіленген лауреаттарға «Еуразия сыйлығын» табыстады. Елден жырақта жүрген мен үшін сол құттықталғандардың арасында өзімнің де болғаным үлкен қуаныш сыйлады.
– Сіз сегіз жасыңыздан музыкамен айналыстыңыз. Саналы өміріңізді бекзат өнерге арнап келесіз. Өзіңізді, өміріңізді музыкаға арнадыңыз. Ал музыка сізге не берді?
– Музыка – менің тағдырым, тағдыр ұсынған сыйым. Бұл менің жұмысым және ол маған үнемі қуаныш, тек қана бақыт сыйлап келеді. Мамандық мәселесіне келгенде мен жалпы бақытты адаммын. Өйткені өзімді толықтай өнерге, музыкаға арнаған болсам, ол да маған дәл солай жауап беріп келе жатыр. Музыка мені өзінің биік шыңына бастады. Менің оған бергеніме қарағанда, оның маған беріп жатқаны көп деп ойлаймын. Сондықтан мен оны жақсы көремін, үнемі Жаратушыға осы өнер жолына салғаны үшін шүкіршілік айтып келемін. Музыка маған қиын сәттерде көмектеседі. Ауырсам емдейді, барлық нәрсеге философиялық көзбен, байсалды қарауға үндейді. Музыка жалпы адамды тазартады, шынайылыққа шақырады, биіктетеді, жақсылыққа жетелейді.
– Сіздің ұстазыңыз көзі тірісінде талай опера қыранын баптап ұшырған Қазақстанның халық әртісі Бекен Жылысбаевпен әңгімелескенімде, «Нұржамал маған үнемі «Мен өзімнің азғантай ғана мүмкіндігіммен үлкен жетістіктерге ұмтылып жүрмін ғой» деп айтады. Өзінің талантын, қабілетін төмен бағалайды. Ал Нұржамалдың бойында өзіне тән ерекше тартымдылық, дауысында нәзік бір сыр бар», деген еді. Қазіргі сөзіңізге қарап сол есіме түсіп отыр.
– Расында, мен жеңіске талант емес, еңбек жетелейді дегенге сенемін. Адамның барлық жеткен жетістігінің 5 пайызы ғана таланттан, қалғаны еңбекпен келеді деп жатады ғой. Сол дұрыс деп ойлаймын. Егер сенің бойыңда қабілет, талант болып, оны орнымен жарата алмасаң, онда сен тасада қалмайсың ба? Елге қалай пайдаңды тигізесің, қалай танылып, қалай құрметке ие боласың? Сондықтан мен де қандай да бір жетістікке қол жеткізіп, биікке көтеріліп жатсам, ол 100 пайыз талантымнан емес, қажырлы еңбектен деп ойлаймын.
– Кез келген өнердің шыңына шығу үшін, расында, сол өнерге толық берілу керек. Фанатизм қажет. Ал сіз музыкаға өзіңізді арнаған соң өмірдің басқа қызықтарынан құр қалдым деп ойламайсыз ба? Мәселен, сіз дүкендегі нан мен сүттің бағасын білмеуіңіз мүмкін. Мәселен, құрбыларыңызбен бас қосып, әңгімелесіп отырудың немесе ештеңе істемей, ештеңе ойламай бос жүрудің рахатын сезінбеуіңіз мүмкін. Болмаса, жай ғана тамақ дайындап, үй тазалап, киім үтіктеп, ерінің жұмыстан қайтқан уақытын күтіп отыратын қарапайым әйел өмірінің де өз бақыты барын білмей өтуіңіз мүмкін ғой.
– Иә, мен музыкаға берілген, бар қуанышы мен шаттығын, барлық несібесі мен бақытын музыкадан тапқан адаммын. Осы мамандығым арқылы әлемді көріп, танып жатырмын. Осы мамандығымның арқасында қызықты, ерекше адамдармен танысып, араласып жүрмін. Соларды таныған сайын, олармен араласқан сайын менің де көзқарасым толысып, жан-дүнием байып, кемелденіп, көкжиегім кеңеюде. Мен ешқашан зерігіп көрген емеспін. Өйткені, менің өмірім қозғалысқа толы. Мен белсенді адаммын, алға қойған көптеген мақсат-міндеттерім, қол жеткізгім келетін көп арманым бар. Жалпы, маған өзімнің өмірім қызық. Сондықтан әлденеден құр қалдым екен деп ойламаймын.
– Өзенді бір бағытқа бұрсаң, арнаға толып ағады. Кенері кемел келеді. Ал бірнеше арнаға бөлінгенде оның суы да, ағысы да бәсеңдей беретіні анық. Адамның көңілі, махаббаты да сол сияқты... Ендеше сіз өзіңізді музыкаға арнап, махаббатыңызды, ықылас-зейініңізді көбіне өнерге жұмсағанда жақын туғандарыңыздың, дос-жараныңыздың «бізге көңіл бөлмей кеттің?» деп ренжіген кездері болған жоқ па?
– Өнер жолым басталғалы көбінесе туған-туыстарымның, отбасымның жанында бола алмай қалатыным рас. Бірақ менің жақын адамдарым, құдайға шүкір, менің жұмысыма түсіністікпен қарайды. Мен қандаймын, мені осы қалпында қабылдайды, осы күйімде жақсы көреді. Мен де олардың бәрін қалай бар, солай жақсы көремін және ешқайсысын өзгертуге, өзіме ыңғайлы бағытқа бұруға тырыспаймын. Қай қиырда жүрсем де ең жақын адамдарыммен үнемі жаным бірге. Біз бір-бірімізді сезініп, бір-біріміз үшін алаңдап отырамыз. Қазір, рас, біздің дем алып, өз рақатымызбен өмір сүретін уақытымыз таяды. Бірақ сонда да мен бұрын, осыдан он бес-жиырма жыл бұрын қалай белсенді жұмыс істесем, қазір де сол арынымнан қайтқан жоқпын. Жалпы, мүмкіндігім барда жұмыс істеуді тоқтатпаймын, жұмыс істеймін және сол істеген жұмысымнан ылғи рақат тауып келемін. Менің осы өнерге деген махаббатым мен талпынысымды түсініп, үнемі қолдау көрсетіп отырған отбасыма, жақындарыма дән ризамын.
– Сіз жайында тағы бір ұстазыңыз Базарғали Жаманбаев «Нұржамал ұяң, ұялшақ қыз еді. Әсіресе дайындық кезінде өзгелердің кіріп, тамашалап отырғанын білсе, ұялып қалатын», деген еді... Көптің алдына шығып қысылмай өнер көрсету, ән салып, ариялар орындау, спектакльдерде ойнау кезінде сол ұялшақтықты қалай жеңдіңіз? Алғаш сахнаға шыққанда аяғыңыз дірілдемеді ме? Мәселен, ең алғаш рет «Қыз Жібекте» Жібек образын орындағанда.
– Бізді ата-анамыз бала күнімізден еңбексүйгіштікке, салмақтылыққа, жауапкершілікке, үлгерімді болуға үйретті. Үлкендерді құрметтеп, кішіге қамқор болу керектігін күн сайын емеурінмен болса да ұқтыратын. Отбасындағы тәрбие қатал болса да, ата-анамыз ешқашан біздің мектептегі кештерге қатысып, өнер көрсетуімізге, спорттық сайыстарға түсіп, белсенді болуымызға кедергі жасаған емес. Сол қолдау, ата-анамыз артқан үміт маған әрқашан күш-жігер беріп, бойымызға сенімділік дарытты. Ал кейінірек менің училищедегі, консерваториядағы оқытушыларым, театрдағы өзімнен үлкен әріптестерім үнемі тілектестік танытып отырды. Опералық спектакль – ұжымдық өнер ғой. Әр спектакльдің сәтті қойылуы – қойылымға қатысты ондаған, жүздеген адамның жетістігі. Сондықтан мұндай өнердің жауапкершілігі де, қорқынышы да, рақаты да бөлек. Сұрағыңызға келсем, рас, менің алғашқы дебютім «Қыз Жібек» опералық спектаклі болды. Мен де өзгелер сияқты алғаш рет сахнаға шығарда қатты толқыдым. Бірақ менімен бірге қойылымда Әлібек Дінішев, Шора Үмбеталиев, Шабал Бейсекова, тағы басқа әртістер болған еді. Олардың бәрі де маған жылы сөйлеп, мейіріммен, ниеттестікпен қарап, үлкен қолдау көрсетті. Ол үлкен сенім берді, мен оны ешқашан ұмытпаймын.
«Тән сұлулығын арттырудан жан сұлулығын арттыру қиын»– Cіз бақытты адамсыз. Өйткені өнер биігінен түскен емессіз. Көп алдында пендешілік танытып, төмендемедіңіз... Бұл Алланың бұйырған жолы ма, саналылықтан, сақтықтан ба?
– Айтқаныңыздың бәрі шығар... Мен өмірімде өнерді бірінші орынға қойған адаммын. Маған өз саламда жұмыс істеген ұнайды. Өз жұмысыммен шаршаған ұнайды. Бір жағы мұның бәріне алған тәрбием, көрген ортам себеп болғаны да анық. Әкем марқұм маған үнемі «жұмысыңды қуанып жүріп атқар. Ешқашан ешкімге ренжіме. Өзіңнің күшіңе сен және үнемі еңбектен. Сосын атақ-абыройыңды құрметте» деп айтып отыратын. Дәл осылай өсиет етіп жазған бір жапырақ қағазы менде әлі сақтаулы тұр... Мен бұл жайында алғаш рет өзімнің өнерім мен өмірім туралы жазылған «Нұржамал» атты кітапта әңгімелеп берген болатынмын.
– Сіз әртіске қойылар талап деңгейін көтеріп жібергендей көрінесіз. Сұлулық пен сымбат, өнер мен еңбек, ізет пен инабат – бәрі бір бойыңыздан табылады. Сізді көргенде «талантты адамның пендешілігіне, кемшіліктеріне кешіріммен қарау керек» деген қағидамен мүлдем келіспей кетуге болатындай. Ал сіздің өнер жолындағы басты ұстанымыңыз қандай?
– Мен өзімді асқан сұлумын деп санамаймын. Бірақ жан сұлулығы, адамның рухани байлығы, ішкі мәдениеті оның сыр мен сымбатын арттыра түседі деп ойлаймын. Мен үшін жан сұлулығы тән сұлулығынан қымбат. Сыртқы көрікті арттырғанға қарағанда, ішкі дүниені көркейту анағұрлым қиын келетіні де содан. Адамның қадірін арттыратын нәрсе – құндылық. Сондықтан сіз айтқан қасиеттің бәрі барлығымыздың бойымыздан табылуы керек. Ал өнердегі ұстанымыма келсем, мен үнемі еңбектеніп, дамуға талпыну, іздену қажет деп санаймын. Қандай да бір дәрежеге жетіп, қандай да бір атаққа қол жеткізіп алып, өзіңе қанағат қылып тоқтап қалмауың керек. Өйткені өнер мен білім, еңбек жолы шексіз. Алда әлі біз көрмеген талай қызық белестер, тың асулар бар. Жалпы, менің кредом адамдарға музыканың сұлулығын жеткізу, Нұржамал деген өз атыма лайық болу.
– Есіміңізді жақсы көресіз бе?
– Иә, мен үлкен ағам Берік қойған өз есімімді жақсы көремін. Ол кезде ағам жеті жаста ғана екен. Арыстың орталық киноклубында тура сол күндері «Дала қызы» деген фильм көрсетіліп жатқан ғой. Киноға барып келгенінде менің туғанымды естіп, ағам сол фильмдегі Нұржамал деген басты кейіпкердің есімін маған қоюды сұрапты. Бала да болса санасының түбінде қарындасым сондай дала қызы болып, еліне, халқына қызмет етсе деген арман жатқан болар, бәлкім. Ол арман қаншалықты орындалып жатыр, оны енді мен айта алмаймын, менің тыңдармандарым, өнерсүйер елім ғана айта алады.
«Театрдан кеттім, бірақ сахнадан кеткен жоқпын»-Аудармашы, әлем әдебиетінің жауһары Маркестің «Жүз жылдық жалғыздығын» қазақ тіліне аударған қаламгер Кеңес Юсуповтан «әр елдің шығармаларын аударып, әр елдің жазушысының жан әлеміне бойлап жүрсіз, бұл сіздің болмысыңызға, сана-сезіміңізге ықпал етпеді ме?» деп сұрағанымда, өзіне бір ұстазы «сен неше түрлі әдебиетті оқып, неше тілде жазған жазушыларды аударып жүрсің ғой. Сенен болашақта үлкен интеллигент шығады» дегенін айтқан еді... Өзіңіз орындаған Сара, Жібек, Ажар, тағы басқа қазақ аруларының образы, сол секілді Виолетта, Джильда, Розина, Микаэла сынды еуропалық тұлғалар партиясы сізге ықпалын тигізді ме? Жалпы, сізде кейіпкерге еліктеу, кейіпкерден үйрену деген бола ма?
– Қандай да бір образ жасағанда, әрине, сол образға барынша енемін. Сахнада өзіме тапсырылған кейіпкердің өмірін сүріп, соның ішкі әлеміне бойлаймын, өз кейіпкерімнің мұңын өз мұңымдай қабылдап, қуанышын өз қуанышымдай көремін. Образды композитор қалағандай шынайы, түсінікті жеткізу үшін барымды салатыным анық. Ондайда, әрине, кейіпкеріңді өзгелердің есінде қаларлықтай сомдауға тырысасың. Сөйтіп жүріп кейіпкеріңнің барлық жақсы жағын, ерекше қасиеттерін өз бойыңа қабылдап аласың. Көркем әдебиет секілді, поэзия, сұңғат, сонымен қатар опера да бізге әсер етеді. Бізді тәрбиелейді. Біздің жақсы кейіпкерлерге ұқсағымыз келіп тұрады, еліктейміз. Бұл тыңдармандарға ғана қатысты емес, опера орындаушылары да шығарма кейіпкерлерінен эмоциялық әсер алады. Бірақ мен барлық кезде сахна мен өмірдің шекарасын білемін. Шынайы өмірді сахнаға, сахнаны шынайы өмірге араластырмаймын. Әр нәрсенің өз орны бар. Сахнада биік патшайым болсаң да, үйде қарапайым әйел екеніңді ұмытпауың керек. Бұл қағида алғаш рет сахнаға шыққан күннен бастап менің санама ұмытылмастай болып жазылған.
-Қазақтың көрнекті композиторы Төлеген Мұхамеджанов сізге өмірлік жар ретінде де, өнерде тірек ретінде де көп демеу болып келе жатқанын айтып жүрсіз. Төлеген аға сізді ылғи дамуға, ізденуге үгіттеді. Ал сіз ше? Ол кісінің музасы болып шығармашылығына дем бере алдыңыз ба?
-Біз Төлеген екеуміз де шығармашылық адамдарымыз. Бір-бірімізді жақсы түсінеміз, жан-жүрегімізбен сезінеміз. Жаныңда өзіңді түсінетін, сенің мықты маман, үлкен тұлға болып қалыптасуыңды қолдап, тілеуіңді тілеп отыратын адамның болғаны өте маңызды нәрсе. Бұл тұрғыда менің өмірімдегі Төлегеннің рөлі мен ықпалы қандай болса, Төлегеннің өміріндегі менің рөлім және ықпалым дәл сондай деп айта аламын. Мен өз күйеуімнің қызметін, оның ұстанған жолы мен мойнына алған міндеттерінің қыр-сырын жақсы білемін және үнемі қолдап, оның әр жетістігіне қуанып, мақтанып отырамын.
– Айтпақшы, Төкең «Ақжелкен» атты әнін «отбасымыздың гимні» деп атаған еді.
– «Ақжелкен» – біз шаңырақ құрып, отбасы болғаннан кейін, мен алғаш рет ұзақ уақытқа гастрольге кеткенде Төлегеннің терең сағыныш үстінде жазған әні. Ол бүгінде біздің отбасымыздың және достарымыздың ортақ символына, гимніне айналғаны да рас. Бұл ән біздің бірлігімізді арттырып, бәрімізге ортақ қуаныш, шабыт, іңкәрлік сыйлайды. Біз осы әнді орындағанда сөзбен айтып жеткізгісіз ләззат аламыз, қуаттанып, қуанышқа кенелеміз.
– «Ақжелкен» әнін ойласам, маған сіздер музыканы ортақ балаларыңыздай немесе аналарыңыздай аялап, музыка тағдыры туралы толғанып, әңгімелесіп отырған бейнеде елестейсіздер... Жалпы әңгімелеріңіздің шамамен қанша пайызы музыка жөнінде болады?
– Біз шығармашылық адамдары болғаннан кейін көбіне әңгімеміз музыка, шығармашылық жоспарлар, идеялар туралы болатыны рас. Біз үшін бұл кәдімгі өмірлік тақырыбымыз және рухани қажеттілігіміз секілді.
– Таяуда «Мама» атты халықаралық қайырымдылық қорының жетекшілігін қолға алғаныңыз туралы естіген едім.
– Иә, маған «Мама» атты халықаралық қайырымдылық қорының Қазақстан филиалына жетекшілік ету ұсынылғаны рас және мен оны қабылдадым. Өйткені қайырымдылық мен үшін тың нәрсе емес еді. Барлық кезде қайырымдылық мақсаттағы концерттерге, акцияларға қатысып келе жатырмын ғой. Әзірге ол ұйым өз жұмысын бастаған жоқ, құжаттары дайындалу үстінде.
– Театрды қалай қиып тастап кеттіңіз?
– Иә, мен театрдан кеттім, бірақ бұл сахнадан кетті деген сөз емес. Бұрынғыдай гастрольге шығып, спектакльдерге қатысып тұрамын, ән салып концерттерге шығатын боламын. Мәселен, алда 28 қазан күні Астанадағы «Астана» концерт залында жеке концертімді бермекшімін. Ол кешті ұзақ ойланып, «Сіздерге мөлдір сезіммен» деп атадым. Өйткені сол кеште тыңдармандарыма өзімнің барлық жылы лебізімді, көңілімді, сезімімді жеткізгім келді. Концертіме Өнер университетінің студенттері, әртүрлі байқауларда лауреат болған жас әншілер қатыспақшы. Олар жай ғана әншілер емес, нағыз таланттар, дауысы жақсы, болашағы зор әншілер. Бұйыртса біз бірге концерт көрермендеріне тамаша кеш сыйлаймыз деп ойлаймын
.– Нұржамал Пернебекқызы, сіз расында ерте танылып, елдегі ең үлкен марапаттарға ерте қол жеткіздіңіз ғой. Сіздіңше, өнерді мойындатып, атаққа қол жеткізу қиын ба, әлде сол жиған абыройды сақтап қалу қиын ба?
-Мен Ғабит Мүсірепов, Нұрғиса Тілендиев секілді біртуар тұлғалардан бата алған бақытты адаммын. Иә, мен өнер жолын бастамай тұрып, әу баста-ақ бақ құсы менің басыма кеп қонды. Сәттілік мен жақта болды, олай дейтінім, ең алғаш рет бақ сынағанымда-ақ жүздеген үміткердің арасынан ұстаздарымның үміті мені алға оздырып, Қыз Жібек рөліне мен таңдап алындым. Ол – өрге бастаған өнер жолымның басы еді. Бірақ содан бері күнде еңбектеніп, күнде өзімді жетілдіруге жұмыс істемеген болсам, мен бүгінгі дәрежеге жетпес едім. Демек екеуі де оңай емес. Екеуі де еңбекке және Алланың бұйырған бағына байланысты. Мен қазір де ізденісті, жұмысты тоқтатқан емеспін. Сахнада жүргеніме отыз жылдан асса да мен ең үлкен қуаныш-бағымды осы жолдан тауып келе жатырмын. Адамның ізденіп, даму, жетілу қабілеті сарқылмайтын болса, ол – ғажап нәрсе! Өмір мен үшін осынысымен құнды, осынысымен қызық.
Әңгімелескен Нәзира БАЙЫРБЕК, журналист, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты
Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «Егемен Қазақстан»