Бүгін Қазақстан құрамасы футболдан 2018 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Румыния құрамасына қарсы кездесу өткізіп, жеңіліп қалды.
Румынияның Плоешти қаласындағы Илие Оанэ атындағы стадионында өткен кездесуде жерлестеріміз қарсыластарына 1:3 есебімен есе жіберді. Матчтың алғашқы 15 минуты тең дәрежеде өтті. Осы уақыт аралығында қазақстандық футболшылар бір-екі рет Румыния құрамасының қақпашысы Чиприан Тэтэрушанудың сергектігін тексеріп көрген болатын. Арадан екі минут өткенде румын футболшылары біздің қақпамыздың кілтін іздеп көрді. Ойынның 33-минутында Константин Будеску Абзал Бейсебековты қапы қалдырып, қақпамызға гол соғып кетті. Ал 38-минутта Будеску Румыния құрамасының екінші голын салды. Сөйтіп, бірінші тайм соңына дейін есеп өзгерген жоқ.
Румыния мен Қазақстан текетіресінің екінші таймын бас жаттықтырушымыз Александр Бородюк ойыншы алмастырумен бастады. Жалпы екінші таймда ойынға жаңадан қосылған футболшылар ойнады десек қателеспейтін шығармыз. Шабуылшы Азат Нұрғалиевтің орнына Сергей Хижниченко шықса, Роман Мұртазаевты Алексей Щеткинмен алмастырды. Ойынға жаңадан қосылған футболшыларымыз құрамамыздың ойынын жандандыра түскенін атап өткеніміз жөн. Дегенмен, 73-минутта ойынға екінші таймда қосылған Клаудиу Кешерю есепті 3:0-ге жеткізді. Арадан 10 минут өткенде ойынның екінші бөлігінде алаңға біздің құрама сапынан шыққан Бауыржан Тұрысбек Румынияға соққан жалғыз голымыздың авторы атанды.
Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы келесі кездесуін 8 қазан күні елордадағы "Астана Арена" стадионында өткізеді.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан» –
Бухаресттен
Сурет авторы – Ілияс Омаров