Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Палатаның Бюро отырысында алдағы жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасы нақтыланды. Жалпы отырыста халық қалаулыларының назарына тұрғын үй қатынастары бойынша түзетулер бірінші оқылымда ұсынылмақ.
Сонымен қатар Палата отырысында Қазақстан мен Азия Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімге түзетулерге қатысты келісім-хатты ратификациялау туралы заң жобасы талқыланатын болады. Бұл құжат бойынша «Жетібай-Жаңаөзен» автожолының қосымша аумағын енгізу көзделіп отыр. Бұл Ресей және Түрікменстан елдерімен байланыста Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік бермек.
Күн тәртібінің жобасы бойынша Палатаның бейінді комитеттеріне меншік құқығын қорғауды күшейту және төрелік мәселері, сонымен бірге мемлекеттік функцияларды бәсекелестік ортаға беру мәселелеріне қатысты заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеу мерзімдерін белгілеу ұсынылады.