• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Қаңтар, 2018

«Болашақ» бірегей жобасы – зияткерлік ресурс  

1024 рет
көрсетілді

Алматыда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Орталық Азиядағы ең ірі «International Education Fair 2018» халықаралық білім көрмесін өткізді. Көрмеге 100-ге жуық отандық және АҚШ, Ұлыбритания, континенталды Еуропа мен Азия және ТМД-дағы шетелдік жоғары оқу орындары, тіл үйрету мектептері мен білім агенттіктері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік xатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Өрсариев, Алматы қаласы әкімнің орынбасары Арман Қырықбаев қатысты. 

Білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты арттыру, шет елде стипендиялық бағдарламалар арқылы білім алу мүмкіндіктері туралы хабардар ету, сонымен қатар халықаралық білім беру жобаларын іске асыру бойынша тәжірибе алмасуды мақсат тұтқан іс-шара барысында сонымен қатар, қазақстандық және шет елдік жоғары оқу орындары мен білім агенттіктері арасындағы B2B-кездесулер ұйымдастырылды.

Адам капиталының басты құндылығы болып табылатын білім беру саласын дамыту бағытында Елбасы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен білім берудің ұлттық үлгісі құрылып, еліміздің бүгінгі таңда үлкен жетістіктерге қол жеткізе бастағанын соңғы он жыл ішінде Қазақстанның ЮНЕСКО-ның білім беруді дамыту индексі бойынша әлем елдерінің үздік сегіздігіне енгені дәлелдеп отырғанын айтып өткен ҚР Мемлекеттік xатшысы Гүлшара Әбдіхалықова ғаламдық білім беру үрдістеріне сәйкес, білім берудің барлық сатысын тиімді дамыту қолға алынып жатқанғандығына тоқталды.

«Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында ел азаматтарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған 10 міндеттің бірі – «Адами капитал – жаңғыру негізі» маңызды басымдық болып табылады. Жолдауда көрсетілгендей, ендігі айқын мақсат – білім берудің барлық жастағы азаматтарды қамтитын озық жүйесін құруды тездету. Біз ол мақсатқа ел азаматтарының өмір бойы білім алуы мен кәсіби біліктілігін арттыруына қолжетімді мүмкіндіктер ұсыну арқылы жүзеге жетеміз. Сондықтан бізге білім беру саласын әлемдік үрдістерді ескере отырып, жаңа индустриаландыру талаптарына бейімдеу қажет. Отандық оқу орындары информациялық технологияларды енгізе отырып, жасанды интеллект және ауқымды деректермен жұмыс істей білуі, шетелдік жетекші оқу орындарымен және зерттеу орталықтарымен бірігіп, түрлі жобаларды жүзеге асыра бастауы керек. Сондай-ақ, Қазақстанда ортаазиялық білім беру хабын құру жұмысы жүргізілуде. Ол үшін еліміздің жоғары оқу орындарында ағылшын тіліндегі оқыту бағдарламалары, қос диплом және академиялық мобильділік бағдарламалары қолға алынды. Шетелден ғалымдар көптеп тартылуда. Тек соңғы 5 жылда елімізге 8 мың шетелдік маман тартылып, біздің ЖОО-да 14 мың шетелдік студент білім алуда», – деп атап өтті Гүлшара Наушақызы.

Елімізде 2014 жылдан бастап өткізіле бастаған, биыл 30 қазақстандық және 70-тен астам шетелдік ЖОО-ның, әлемнің 21 елінің білім беру агенттіктерінің басын қосқан бұл көрменің бір ерекшелігі «Болашақ» президенттік стипендиясының 25 жылдығына сәйкес  өтіп отыр. 1993 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан тарихында 12800 талантты жастың «Болашақ» стипендиаты атануына, 10 мыңнан астам жастың осы бағдарлама бойынша әлемнің үздік университеттерінің түлегі атануына мүмкіндік берген, Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен ашылған «Болашақ» бірегей жобасы Қазақстанның әлемнің 30 озық елінің қатарына ену мақсатына апаратын зияткерлік ресурс екеніне тоқталып өткен Мемлекеттік хатшы елімізде өткізіліп жатқан «International education fair-2018» xалықаралық білім көрмесі де «болашақтықтар» ізінен ерген сапалы жастар санын көбейте түсетінін жеткізді. «Қатысушылар арасында Колумбия университеті, Уорвик университеті, Сьенспо (Sciences Po) университеті сияқты әлемдегі жетекші оқу орындарының болуы қазақстандық жастардың білім алу мүмкіндіктерін кеңейтіп, халықаралық білім беру жобаларын жүзеге асыруда тәжірибе алмасуына, Қазақстандағы адам капиталын дамытуда құнды үлес қосуға ықпалын тигізетініне сенемін», – деді Гүлшара Әбдіхалықова.  

Бұған дейін Астана және Шымкент қалаларында өткен, жастардың шетелдік жоғары оқу орындарында білім алуындағы мүмкіндіктерін кеңейтіп отырған халықаралық көшпелі білім көрмесіне сондай-ақ, Қазақстандағы Франция Елшісі Филипп Мартинэ қатысып, күні кеше ғана ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевпен екі ел арасындағы меморандумға қол қойылғандығын, ол келісім бойынша 2018 жылдан бастап жыл сайын қазақстандық 100 студентке «Абай-Верн» стипендиясы тағайындалып отыратынын хабарлады. 

«Шетелдік студенттерді қаржыландыру жағынан Франция алдыңғы орынға шығып отыр. Қазақстан 2006 жылдан бастап Еуропа кеңістігіндегі жоғарғы білім беру жүйесіне қатыса бастады. Десек те, Қазақстан студенттердің 3 пайызы ғана Еуропада білім алады. Францияда 310 мың шетелдік студент оқыса, соның ішіндегі қазақстандықтар саны 600-ге де жетпейді. Сондықтан Францияда білім алатын қазақстандық студенттер санын көбейту мақсатында жаңа білім беру бағдарламасы ашылды. Франция үкіметі Халықаралық бағдарламалар орталығымен бірлесе отырып, 2018 жылға 100 студентке шәкіртақы бөлді. Оның 90-ы 2-курста оқитын магистранттарға, қалған 10-ы докторанттарға бөлінеді», – деп атап өтті Филип Мартине.     

Екі күнге жалғасатын білім көрмесіне келіп, шетелдік Herit-Watt University, University of Glasgow, City University London, University of Manchester, Riga Technical University, University of Latvia, Istanbul Aidyn University, Michigan State University, Ankara University, Oregon State University, Columbia University, New York Film Academy, University of California, The George Washington University, Bozok University, Bremen Universities, Shanghai International Studies University, University of Nicosia, Universite Sorbonne, Giresun University және басқа да әлемге танымал университтермен танысып шығу мүмкіндігі бар.

Мира Байбек,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ