• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Ақпан, 2019

Жамбыл өңірінде нан бағасы қымбаттады    

723 рет
көрсетілді

Көптен бері халық арасында айтылып келе жатқан қымбатшылық туралы әңгіме бүгін расқа шықты. Тараз қаласында ас атасы 5 теңгеге қымбаттап, бүгіннен бастап барлық жерде 70 теңгеден сатылуда. Ал он ауданы бар Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында ғана нан бағасы 80 теңгеге дейін жетіп отыр.

Мойынқұм ауданы облыс орталығынан үш жүз шақырымнан астам қашықтықта орналасқан. Сонымен қатар, мұнда наубайхана саны да аз. Бұл мәселеге жауапты шенділер нан бағасының он теңгеге дейін қымбаттауын осындай мәселелермен байланыстырып отыр. Тіпті, өткен жылы күзде наубайшылар бидай мен ұнның бағасының да өскендігін ескере отырып, ас атасын қымбаттату үшін аудан әкіміне хат та жазған екен. Нәтижесінде Жамбыл облыстық тұрақтандыру қорынан 500 тоннадан аса ұнның келісі арзандатылған 70 теңгеден нан шығарушы нысандарға беріліп отырған. Енді ағымдағы жылы қаңтар айының соңында қордағы ұн да таусылған. Сондықтан да нан бағасын бірқалыпты ұстап тұру мүмкін болмай отырған көрінеді.

  Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашевтің айтуынша, наубайхана иелері бағаны бірден 10 теңгеге көтеруді сұрапты. Алайда, облыс әкімі Асқар Мырзахметов нан бағасын тек 5 теңгеге ғана көтеруге рұқсат берген. «Бүгіннен бастап нан бағасы бес теңгеге көтерілді. Қазіргі күні нарықтық бағада еліміздің солтүстік өңірлерінде бидай 75-80 теңгеден болып отыр. Жамбыл облысы бидайдың 70 пайыздан астам көлемін сол солтүстік өңірлерден әкеледі. Бірақ, ол кезде ұнның бағасы 70-80 теңге болатын болса, бүгінгі таңда ұнның бағасы 90 теңгеге жетіп қалды», дейді басқарма басшысы.

  Өткен жылдың қараша айында қаржылай қиындыққа шыдай алмаған наубайшылар нан бағасын негізсіз 10 теңгеге көтерген болатын. Барлық кәсіпкердің кәсібінен пайда тапқысы келетіні рас, әрине. Өнімді халыққа жеткізу үшін кететін шығын тағы бар. Дей тұрғанмен, қымбаттауға байланысты халықтың қарсылығының нәтижесінде ғана ас атасының бағасы бастапқы қалпына келген еді.

  Бүгінгі таңда Тараз қаласында елді нанмен қамтып отырған 8 наубайхана бар. Наубайшылар 400 мыңға жуық тұрғыны бар тараздықтар үшін тәулігіне 90 мың бөлке нан пісіреді. Бұл ретте күн сайын 50-55 тонна ұн жұмсалады екен. Айта кетейік, Жамбыл өңірінде нан бағасы жергілікті биліктің келісімімен осыдан екі жыл бұрын 55 теңгеден 65 теңгеге көтерілген болатын. Енді бүгін бес теңгеге тағы да қымбаттап отыр.

Хамит Есаман,

«Egemen Qazaqstan»

Жамбыл облысы