Біздер арнайы іздеп келгенде ғасыр куәгері Байтұма қария таяғына сүйене тұрып, баяу қимылмен қасымызға келіп жайғасты. Күрделі отаның салдары болар, қуаң тартқан жүзінен шамалы әлсіздік байқалғанымен, сұңғақ бойлы, өр келбетті қарияның жылы дидарынан тағдырдың бұл ісіне де мойынсұнбағандық байқалады.
Зәулім үйдің терезесінен ақ қарлы сілемдерге көз тіге қарап, біраз үнсіз отырып қалған Байтұма қарияның жүзінен ауылға деген сағыныштың табын сезгендей болдым. Әттең, аяқ асты ота жасатпағанда, бәлкім, балаларын қолқалап әлдеқашан ауылға тартып кетер ме еді, кім білсін?.. Ғасыр куәгері үшін мына жарық әлемнің ыстығы да, суығы да ауыл өмірімен астасып жатқандығы ақиқат.
Байтұма Тұрарұлы туып-өскен өңір Тәңір таудың баурайындағы шұрайлы өлке - Райымбек ауданының Шәлкөде ауылы. Алғаш ашылған мектепте Нарынқол өлкесінде оқу-ағарту саласының ұйымдастырушысы әрі ауыл мектептерінің көбеюіне зор үлес қосқан, бүгінде еңбектері әдебиетіміздің қорында сақталған ақын, публицист Мәлікаждар Құлмұханбетовтен тәлім алған.
«Балалық шағым Елтайда өтті. Әкем орта шаруа адамы болатын. Қолғабысқа жарап қалған кезім, қасынан бір елі де қалмаймын. Сондай күндердің бірінде үйге былғары күртеше киген атты кісі келіп түсті. Тұрар әкем «Қонақтың атын байлап, жем-шөп салып, су беріп қой», - деді. Тапсырмасын қалт етпей орындап қойдым. Бейтаныс қонақ үйге түнеп қалды. Ертемен тұрсам, ол кісі кетіп қалған екен. Үлкен кісілердің әңгімесінен аңғарғаным, мен атын суғарған кісі қазақтың біртуар азаматы Ораз Жандосов болып шықты. Әкемді сол үшін жауапқа алып, Ораз Жандосовтың бұл маңға келіп-кетуінің себептерін сұрап, тиісті орындардың қайта-қайта шақыртқаны бар» деп жадына түйіп қалған осы бір оқиғаны есіне алды. Ал атасы Жұмабек 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісiне қатысқан. Әкесi Тұрардың есімі жұртшылықты колхоз ұйымдастыруға үндегендердің қатарында аталады.
- Үлкен атам Итбала батыр жайындағы тарихи мәліметтер әлі де зерттеуді қажет етеді. Итбала батыр Тезек төренің сарбазы, сондай-ақ ғалым, этнограф Шоқан Уәлихановтың экспедициясында болғандығы туралы мәліметтер жайында аз-кем ақпараттар болғаны болмаса деректерге әлі қанық бола қойған жоқпын. Ал бала күнімде Итбала батыр туралы естiген аңыз-әңгiмелер мен шаңырақ бұйымдарының арасынан жиі кездестіретін көне әшекейлер сол тарихи кезеңдерден хабар берсе керек-ті, - дейді көнекөз қария.
Бүгінде 100 жасқа толып отырған қарт ұстаздың әңгімесіне қарап, жүрек түпкірінде қатталған өткен өмір өткелдерін жадынан алыстата қоймағандығына көз жеткізе түстік. Шәкірт тәрбиелеуге қатысты әр әңгімесін сүйіспеншілікпен, дидарына қан жүгіре отырып баяндауынан ол кісінің ұстаздық кәсібіне деген ерекше ынтазарлығы байқалады. Жалаңаш ауылындағы онжылдық мектептi аяқтап, еңбек жолын 1939 жылы Ақбейіт ауылындағы жетіжылдық мектепте физика, математика пәндерінің мұғалімдігінен бастаған Байтұма ұстаз көп ұзамай әскер қатарына алынды. 1941 жылы Польша мен Украина шекарасында әскери оқу-жаттығуларынан өтіп жатқанда ІІ Дүниежүзілік соғыс басталады. Сұрапыл соғыс жылдары білімді деген әскерлердің тәжірибесі майданның төтенше іс-қимылдарына ауадай қажет еді. Мектепте физика, математика пәндерін мүдірмей меңгерген жауынгерді майдан шебіндегі тұтқиылдан соққы беретін әдістерге жұмылдырды. Кез келгенге тапсырыла бермейтін дыбыс ұстайтын құрал мен прожектор жарығын басқарған жауынгер Байтұма Тұрарұлы жау ұшағының алған бағытын дыбыс арқылы бақылай алатын зеректік қасиетімен де ерекшеленген. Жау ұшағының көзін жоюдағы ерліктері «Красная звезда» орталық әскери газетіндегі мақалаларға арқау болды. Байтұма Тұрарұлы Львов қаласынан кейін Киев, Харковь, Кавказда әуе қауіпсіздігі операцияларына қатысты. Тіптен, есепке жүйрік деп соғыста жабдықтаушы міндеті де қатар тапсырылған екен.
Соғыс аяқталғаннан кейін Жапонияға баруға құрылып жатқан арнайы армия қатарында Қырымға алынады. Осы кезеңде соғыстың аяқталуы Қырымдағы әскерилердің елге қайтуымен жалғасын тапты.
Сұрапыл майдан парақтарында бұғып қалған бір оқиғаның сырын Жеңістің 25 жылдығына орай «Социалистік Қазақстан» газетінен Байтұма Тұрарұлын іздестірген хат келгеннен кейін ашуға тура келді, дейді әңгімемізге араласқан Мира Байтұмақызы. Газет оқырманы ретiнде хат та өз иесiн тез тапқан болуы керек. Хат соңында майдандас қыздардың есімдері тізіле жазылыпты. – Міне, осы кезден бастап келген хаттың мән-жайына қарап, әкеміздің майдандағы өмірін түсіне бастадық... «А зори здесь тихие» атты көркемфильмдi үзбей қарап отыруының да сырын содан кейін ұғынғандай болдық,- дейді Мира апайымыз. Байтұма Тұрарұлы 1944 жылы әйелдер батальонында старшина қызметін атқарады. Нәзік жандылардың тоқ жүруі үшін арпаны ұнтақтап, қуырып берген кездерi үлкен қамқорлығының нышанындай.
Соғыс аяқталғаннан кейiн Мәскеуде қалуға мүмкiндiгi бола тұра, Байтұма қария ауылда қалған әке-шеше мен бауырлардың тағдырына алаңдаулы күй кешті. Осылайша 1939 жылдың қараша айында әскерлік міндетін өтеуге кеткен Байтұма Тұрарұлы 1945 жылдың желтоқсан айының соңына қарай ел-жұртқа оралады. Өзі жоқта кенже iнiсi Ұзақбайдың дүниеге келгенiнен де бейхабар едi. 1949 жылы әкесі Тұрар ауыр науқастан 53 жасында дүние салғаннан кейiн екi қарындасы мен екi iнiсiн тәрбиелеп өсiрудi өз міндетіне алады.
Майдан шебінен елге орала салысымен көп ұзамай ол райкомның шақыртуымен комсомол ұйымының хатшылығына ұсынылады. Алайда ауыл соғыстан кейінгі ауыр жылдарда білімді ұстазға зәру болатын. Ұстазы, ол кезде мектеп директоры Мақсат Беласаровпен ақылдаса келе білімнің соңына түсіп, мұғалім болып қалуды алдағы өміріне мақсат етеді. «Басшы табылар, ал болашақ ұрпаққа бiлiм беретін бiлiктi мұғалім ауадай қажет» деген ұстаз сөзін жадына түйеді. Осылайша Байтұма Тұрарұлы Нарынқол орта мектебінде физика-математика пәнінің мұғалімі қызметінде еңбек ете жүріп жоғары оқу орнын бітіреді, осы мектепте қызмет істеп жүріп өмірлік жары Шынармен табысады.
Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған Байтұма Тұрарұлының еңбек жолы бүгінде көпшілікке өнеге. «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері атанып, Кеңес Одағы халық-ағарту ісінің озаты төсбелгісімен марапатталады. Осы қырық жыл ұстаздық ғұмырында Байтұма Тұрарұлы көптеген математиктер мен физика саласының майталмандарын тәрбиелеп шықты. Математик ұстаздан тәлім алған Аужан Сақабеков, Кәден Бапаев, Тiлеухан Алғазиев, Оразхан Рамазанқызы, Батталхан Жамалдинов, Жолдасбай Несіпбаев, Ұлтуған Айдарова сынды математиктер және басқа да көптеген шәкірттері әр салада жемісті еңбек етіп жүр. Ал Байтұма ақсақалдың немересі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы 30 жастағы Олжас Тұрардың философия докторы (PhD) дәрежесіне жетуі атасының мақтанышы. Немерелерiнiң барлығы да жоғары бiлiмдi. Бiрi Санкт-Петерборда болса, екiншiсi Мәскеуде еңбек етедi.
Қаланың дүбірлі әлемімен астасып жататын күнделікті тіршілікке бей-жай қарамайтын ардагер ұстаз ел іші жаңалықтарын қадағалап отырады. «Егемен Қазақстан» газетінің тұрақты оқырманы ретінде әр нөмірін мұқият қарап, ауыл-аймақ азаматтары жайлы жазылған деректер мен тарихи мақалаларды қызыға оқиды.
«Көзәйнексіз жүруіңізге қарағанда көру қабілетіңіз жоғары ғой деймін» деген сауалымызға «Арғы атам Итбала батыр мерген болған деседі, олай болса көзімнің қырағылығы сол кісіден дарыған болуы керек» деп жымия жауап берген қария кезекті сұрағымыздың райын ұққандай, «Адамның жаны таза болса, тәні де сау. Рухани ұстанымы жоғары болса, айналасына шуағын төгіп жүреді, үлгі-өнегесі басқаларға дариды. Алла берген ұзақ өмірдің сүрудің құпиясы да осымен астасып жатса керек-ті», - дейді. Иә, қырық жылға жуық ұстаздық кәсібі мен жауынгерлік тәртіпті өміріне арқау еткен Байтұма Тұрарұлы бір мезгіл шахмат ойнап тұрудың да пайдасы көп екенін айтады. Ас-су ішкенде ерекше күтім талғамайтын қария қой еті мен сорпасының адамға берер күш-қуаты зор деп біледі. Бүгінде жеті бала өсіріп, немере-шөберелеріне мейірімін төгіп отырған қарт ұстаз көктем туып, наурыз келсе ауылдағы ел-жұртымен қауышсам деп армандайды.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ