2000 жылы америкалық Элизабет Турнок пен Виктория Шарбону Қазақстанға арнайы делегациямен келген. Оларға сол сәтте елімізді аралап көруге волонтерлермен жұмыс істейтін Interlink Resources халықаралық коммерциялық емес ұйымы мүмкіндік берген. Екеуін таныстырған осы мекеме, ал тағдырын тоғыстырған – біздің балалар.
Аталған делегация 2 аптаға Тараздағы «Ұлан» балалар үйіне бас сұғады. Ондағы көзі жәудіреген балаларды көргенде өзі де қамқорлыққа жаны құмар жандардың жүрегі елжірейді. Балалармен бірге болып, бауыр басып қалған қос азамат бір-бірімен құрбыдайын сырласып, сыйластығы артқан. Елдеріне қайтарда қарадомалақтарды қимай қоштасқан олар жыл сайын келіп тұруды әдетке айналдырады. Қолдарынан келгенше көмектесіп, жағдайын жасап, балалалар үйінің балдырғандарына қамқорлық көрсетіпті. 2003 жылы Элизабет, 2009 жылы Виктория Қазақстанға біржола көшіп келеді. Элизабет біраз жыл Interlink-тің филиалын басқарады, ал кейін келген Виктория сонда менеджер болып жұмысқа орналасады. Осы уақыт ішінде екеуі балалар үйіне арагідік барып, ондағы тағдырлы тәрбиеленушілерге сыйлық беріп кеткеннен көп нәрсенің өзгермейтінін, көздеген мақсат, ниетіне жете алмайтынын түсініп, 2011 жылы АҚШ-қа қайтады.
Жаңа жоба – жаңа өмір
Қазақстанда тұрған тәжірибесінен, балалардың өмірінен, халықтың тіршілігінен түйгенін саралап, осы дүниенің бәрін ескеріп жаңа жобаны қолға алады. Оны жүзеге асыру үшін күні-түні табан тоздырып, демеуші іздеп, ақша жинайды. Олар араға жыл салып Қазақстанға қайта оралады. Қос құрбының «бұл балаларға тұрақты жер, қауіпсіз орын, еркін ойнап-күлетін, өздерін жайлы сезінетін шаңырағындай жылы ұя керек» деген ойынан орталық құру туралы идея туады және жүзеге асырады да. Алғашында шағын ұйым жұмысын бұрыннан көз таныс балаларға көмектесуден бастайды. Соның бір дәлелі – Викторияның қос қыз балаға жаңа өмір сыйлау үшін жанын салғаны. Ол екі жылдан кейін өледі деген Наташаны және өмір бойы мүгедек болып қалу қаупі бар Сәулені АҚШ-қа ота жасатуға алып барған. Наташа сколиоздың ауыр түріне және жырық таңдайына ота жасау кезінде ұлы Макспен АҚШ-та тұрған. Қазір Наташа ұлымен Тараз қаласында пәтерде тұрып жатыр және қорда жұмыс істейді. Ал Сәуле протезбен жер басып жүр. Виктория оның протезін жыл сайын ауыстыруды өз мойнына алған.
Тағы бір айта кететін оқиға – Мүсілімге көрсетілген көмек. 2018 жылдың қараша айында қорда жұмыс істейтін қызметкер Мүсілім есімді 4 жасар қызының қолындағы үлкен ісікті алдыруға күрделі отау жасату үшін АҚШ-қа сапарлаған. Осыған дейін айтылған ота жұмыстары, ауруханадағы қызметтер тегін көрсетіліпті. Демеушілер виза және жол ақысын төлеп көмектессе, Элизабет пен Викторияның АҚШ-тағы достары құшақ жая қарсы алған.
Шетелден білікті мамандарды алдырады
2015 жылы «Қамқор жүрек» қоғамдық қорын ресми тіркеуден өткізіп, үлкен қажыр-қайраттың арқасында бұрын балабақша болған үйді сатып алып, қайырымдылық істі одан әрі жүйелі жүргізуге бел шеше кіріседі.
«Қазір бізден негізгі көмек алушылар – жалғызілікті аналар, жетім, және мүгедек балалар. Осы күні жұмысымызды нәтижелі етіп отырған үш бағдарламамыз бар. Бағдарлама жалғызілікті аналарға тұрақ болу, жайлы үй, жатар орын беруге бағытталған. Күндізгі бағдарлама бойынша жалғызілікті аналардың балалары, балалар үйінен шыққан аналардың балалары және әртүрлі диагноздағы балалар көмек алады. Тігін жобасы атты бағдарламамыз аналарға өз нәпақасын табуға жәрдемдеседі», дейді қордың ассистенті Әсел Фатихова. Бір айта кетерлігі, тігін жобасында аналар кәдімгі қазақтың киіз басуын жаңғыртқан, сонан соң киізден әртүрлі кәдесыйлар әзірлеп, сатады екен. Одан түскен қаржы аналарға жалақы болып жазылады.
2017 жылдың қыркүйек айында Сәулеге ота жасаған дәрігерлердің бірі Алматыдағы №5 ауруханаға келіп, шеберлік сыныптарын өткізіпті. Қор ұжымы 2019 жылы тағы да білікті мамандар делегациясын алып келуді жоспарлап отыр.
Қор жоғары деңгейде қолдау көрмегенімен, жергілікті атқарушы органдар және жекеменшік мекемелермен тұрақты қарым-қатынаста. Мекеме мүшелері қорды инклюзивті білім беретін қайырымдылық орталығына айналдыруды армандайды. Өйткені қордан көмек сұрап келушілердің қатары күн сайын көбейіп, қазіргі таңда қабылдауға орын аз қалған. Сондықтан қор өрісін кеңейтуді көздейді.
«Махаббатқа толы ортада өскен бала қоғамды өзгерте алады»
«Қамқор жүрек» қоры туралы Викторияның әлеуметтік желідегі белсенділігі арқылы білдік. Ол қазақшаны жақсы үйреніп қалыпты, ал Викториядан бұрын көшіп келген Элизабет тараздық тұрғындармен еркін тілдеседі. Ойын жеткізуде аздап қиналатындықтан, Викторияны өз тілінде сөзге тарттық. «Қыркүйекте 4 жасар қыз бала келді, оның арық екендігі сонша, қабырғаларын санауға болатын, оған қоса өте әлсіз еді. Балдырғанның анасы апта бойына біздегі тігін шеберханасында жұмыс істейді, бірақ қызына қарайтын жағдайы жоқ. Сол кезде бір-екі сөзді ғана орысша айта алатын. Ал қазір үш тілде еркін сайрап тұр әрі ерекше шаттықпен шауып жүр», деп күлімсіреді ол.
Енді бірі 1 жасар сәбиімен үш жыл бұрын Аналар үйіне келген. Анасы екеуі әр жерінен соққы алған, оған қоса ешбір құжаты болмапты. Қор қызметкерлері осы ана мен баланың мәселесімен екі жылдай жүгіріп жүріп, барлық құжаттарын Көші-қон полициясына өткізеді. Қазір олар ана мен баланың құжаттарын күтіп жүр. Бұл балдырған да «Қамқор жүрек» орталығының табалдырығын аттаған кездегідей емес, санайды, әріп таниды, сөйлей алады.
Кезекті көмектескен адамын еске алған Виктория: «Жас ана өзінің 1 жас 3 айлық баласымен полициядан көмек сұрап барыпты. Ал полицейлер ана мен баланы бізге әкеліп тапсырды. Ол өзі Ресейден, бірақ бір кездері Қазақстанда тұрған және баласы осында туған. Жөргектегі сәбиімен отырғандықтан, жұмыс істей алмай, пәтерінен айырылып қалады. Әбден қорқып, жасқанып қалған жас ана көмекке зәру еді. Біз оны медициналық тексерістен өткіздік, сонан соң кафеге жұмысқа орналасты. Баласын анасы жұмыста болғанда қарап береміз. Бөбегі алғаш келген күні әлжуаз және жасқаншақ болды, қазір белсенді, жағдайы жақсы. Анасы ақшасын жинап жүр», дейді.
«Қамқор жүректің» қамқорлығын көріп жүргендердің көбі – Элизабет пен Викторияға бұрыннан таныс, балалар үйінен түлеп ұшқандар. Олардың айтуынша, балалар үйінен кеткенде олар қайда барарын білмей қиналады, таршылық тағдыр одан әрі жалғасады. Сонда өскен бір қыз бойжетіп, кейін өзі ана болғанда да жарытып жолы бола қоймапты. Ол алдымен бөпесін қорға қалдырып, өзі кафеде ыдыс жуушы болып жұмыс істейді. Кейін сәбиінің жанында болғысы келіп, қордан көмек сұраған. Қазір сондағы шеберханада тігін тігеді. Денсаулығында омыртқааралық диск жарығы, яғни «грыжа» болғанына қарамастан еңбекқор көрінеді. Ол Астанаға нейрохирургке көрінуге жол жүргелі отыр екен, бұған кететін шығынды да қор көтереді. Оның омыртқасына ота жасау қажет, ол жақсарып кеткенше баласы қордың қамқорлығында болады.
«Мен 2002 жылдан бері танитын тағы бір ана бар, оның қызы ДЦП диагнозымен туған. Бес жылдан бері біз оның баласын өзі жұмысқа кеткенде қарап, тәрбиелеп, дамытып келеміз. Жас ананың қазір қолы аузына жетіп отыр, көлік сатып алды және жайлы өмір сүруде. Ал қызы әлі де сабақтан соң және анасы жұмыста болғанда бізде болады», деді қор құрушылардың бірі Виктория.
Қоғамдық кедейліктің шексіз шеңберін үзу және отбасының беріктігін арттыру – қордың басты мақсаты. «Махаббатқа толы ортада өскен, құнарлы тамақ ішкен, дамыту ойындарын ойнаған, әрқайсысының өз мүмкіндіктерін толық ашу үшін талмай еңбектенетін ұстаздан тәлім алған және жалғызілікті аналар мен мүмкіндігі шектеулі балаларға көрсетілген көмекті көріп өскен бала қоғамды өзгерте алады», дейді қамқор жүректі жан.
Әр тағдырды үш сөйлемге сыйғызған, сәуле секілді жарық сыйлайтын адаммен бір қоғамда өмір сүргеніңе сүйсінесің. Осыдан соң бір ауыз сөзге еріксіз тоқтайсың: «Жақсылық жасау ұлт таңдамайды».
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»