А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты және «Мәдениеттерді жақындастыру» орталығының қолдауымен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де «Түркі жазуы: рунадан латын әліпбиіне дейін» атты тақырыпта ой-пікір алмасу мақсатында белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар, Алматыдағы түрік, әзербайжан, өзбек, түрікмен консулдықтарындағы лауазымды тұлғалар дөңгелек үстел басына жиналды.
Басқосуды кіріспе сөзімен ашқан ҚазҰУ-дің ректоры Ғ.Мұтанов түркі мәдени мұрасын сақтау, әліпбиді латын графикасына көшіру, жалпы әлемдік қауымдастықтағы түркі халықтарының орны туралы баяндай келе, жиынға қатысушылардың 1926 жылы Баку қаласында өткен Бірінші Бүкілодақтық түркітану съезінде жасалған баяндамалар негізінде дайындалған кітаптың тұсаукесеріне арнайы шақырылып отырғанын айтты.
Рәсім алдындағы алғашқы сөзді алған белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов дөңгелек үстел басындағы дерегі мол дәйекті әңгімесін өзінің ежелгі мәдениеті мен өткен тарихын қайта қарастыру кезеңін бастан өткеріп отырған қазақстандық ғылымдағы түркологияның өркендеуі тұрғысынан бастады. «Барлық түркі халықтары үшін маңызы жоғары болған тарихи съезге Қазақстанның атынан Ахмет Байтұрсынов, Нәзір Төреқұлов, Елдес Омаров, Біләл Сүлеев қатысып, сөз сөйлеген. Съезге барлығы 130 делегат қатысқан. Бірақ осы бір-бір елдің рухы мен туын көтеріп барған марғасқалардың бәрі дерлік, Мәскеуден барған Бартольд, Малов, Ашмарин секілді бірді-екілі ғалымдардан өзгесінің бәрі де кейін тұтас атылып кетті. Түркі әлеміндегі серкелер тұтас саяси жүйенің құрбаны болған соң бұл ғылымның дамуы да тежелді. Құрамында түркітілдес халықтар мекендеп отырғандықтан, Одақта баяу болса да, оң қадамдар жасалып отырды. Бірақ соған қарамастан, түркология ғылымы әлі де жөргектегі сәби қалпында келеді. Әрине жергілікті грамматиканы зерттеу, сөздіктер әзірлеу, фольклор, этнографияны өркендетуде ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын терістей алмаймыз. Бірақ түркі этносы қалай пайда болды, тілдері қалай дамыды, жазу қайдан өркендеді – бұл сұрақтарға толыққанды жауап әлі алынған жоқ. Ал бүгінгі түркологиядағы бізге белгілі мәліметтер ол 1926 жылға дейін де белгілі болған деректер. Сондықтан жеке емес, жалпы әлемдік түркологияны дамытудағы қозғалыс енді басталып, қайта өркен жайып келеді», деді «АЗиЯ»-ның авторы.
О.Сүлейменовтің айтуынша, түркология ғылымының іргетасы берік қаланған. Әйтпесе сусылдаған құмның үстіне салынған үй секілді әлдеқашан құлап қалған болар еді. Ол түркі халықтарының ортақ қоғамдық санасы, мәдениеттерді жақындастыру негізінде мығым бола түспек. Түркілердің қалай, қайдан пайда болғаны 1926 жылғы Баку конференциясында да ғалымдардың қызу пікірталасын туғызған. Түркология туралы сөз енді басталған кезде, ол толастамауы тиіс. Сол себепті биылғы жылдың маусым айында Түркістан облысында «Ежелгі дүниедегі түркілер» атты халықаралық үлкен конгресс жұмысын өткізу жоспарланып отыр. Түркі-шумерлер, Вавилонды, Ежелгі Римді мекендеген түркілер, Оңтүстік Еуропадан табылған түркі іздері туралы табылған тарихи деректерді жинақтап, сүзгіден өткізіп, мәміле негізінде сұрыпталған маңызды мәліметтер осы конференцияда ғалымдардың кең талқылауына түспек.
Дөңгелек үстел басындағы негізгі әңгіме «Бірінші Бүкілодақтық түркітану съезі. Стенографиялық есеп» атты кітаптың жарыққа шығуы туралы болғандықтан, осы жинақты тарту етіп отырған Әзербайжан Республикасының Алматыдағы консулы Рамил Рзаев ғасыр басында өткен түркологтар жиынының маңызына көбірек тоқталды. Съезде түркітілдес елдерден келген ғалымдардың бәрі де өз ұлтының тілдік ерекшелігі мен дамуы, латын әліпбиіне көшу туралы ойымен шектелмей, ортақ түркі әліпбиін түзіп, қолданысқа енгізу туралы мәселе көтергенін еске салды.
Кеңестік жүйеге бағынып, жаңаша өмір сүруді бастаған түркі елдерінің рухани дамуына бұл тарихи съезд зор серпін береді. Осы съезде Ахмет Байтұрсынов «Орфография туралы» және «Қазақ терминологиясының принциптері туралы» деген тақырыптарда баяндама жасап, екі рет мінбеге көтеріледі. Ең ғажабы, бірнеше тілде еркін сөйлейтін кемеңгер ғалымның баяндамасына съезге қатысушылардың ықыласпен құлақ қойып, ой-пікірінің тереңдігіне қызығушылық танытқаны сондай, қолдауы мен мүдделестігін қатты соғылған алақан шапалағымен білдіріп, қайта-қайта қолпаштауға көміп салып отырған. Ахмет Байтұрсынов – осы съездің негізгі дем берушісі, тірегі әрі басты тұлғасына айналады.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек Баку съезі әлемдік деңгейдегі түркі халықтарының тұңғыш құрылтайы болғанына, Баку съезінен кейін де КСРО-да үлкенді-кішілі халықаралық құрылтайлар өткенімен, бұл кезде «Түркі» деген сөзді айтуға тыйым салынғанына тоқталды.
Жалпы, осы дөңгелек үстелде таныстырылған бұл кітап ғалымдардың кәсібилігін танытуға, түркітілдес елдерді бір-біріне жақындастыруға, рухани тұрғыдан интеграциялануына мүмкіндік беретін бағасы зор мәдени ескерткіш. Бакуден басталған тарихи маңызды қадамды қуаттап отыруға бүгінгі күні бүкіл түркі дүниесі тегіс мүдделі болуы тиіс.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ