Шайбалы хоккейден Оңтүстік Кореяда өткен Мұрагер кубогы жолындағы жарыста Қазақстан құрамасы бас жүлдені жеңіп алды.
Алғашқы ойында жерлестеріміз Жапонияны 5:2 есебімен жеңді. Бұл ойында Аркадий Шестаков, Иван Степаненко, Кирилл Савицкий, Кирилл Панюков және Антон Некряч гол соқты. Келесі кездесуде Оңтүстік Кореяның осал тұсын оңай таптық. Есеп – 5:1. Бұл бәсекеде Антон Некряч, Артем Лихотников, Дмитрий Быков және Еміл Нұрғалиев мергендік танытты.
Соңғы ойынды Қазақстан құрамасы Латвияға қарсы өткізеді. Шиеленісті бәсекенің негізгі уақыты 2:2 есебімен тең аяқталды. Біздің команда сапында Аркадий Шестаков пен Никита Клещенко нысананы дәл көздеді. Овертаймда жерлестеріміздің бағы жанды. Есеп – 3:2.
Осылайша, сегіз ұпайға иелік еткен Қазақстанның хоккейшілері Мұрагер кубогын жеңіп алды.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»