Парламент Мәжілісінің депутаттары 31 қаңтар мен 8 ақпан аралығында облыстың 8 ауданы мен Өскемен, Семей және Риддер қалаларында болып, жұртшылықпен кездесті.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының баспасөз қызметін таратқан мәліметтеріне сүйенсек, халық қалаулылары Нұртай Сабильянов, Аманжан Жамалов, Иван Клименко, Михаил Чирков, Мұрат Теміржанов және Сергей Звольский Аягөз, Үржар, Катонқарағай, Глубокое, Шемонаиха, Бородулиха, Көкпекті аудандары мен Семей, Риддер және Өскемен қалаларының тұрғындарымен жүздесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдапты. Депутаттардың қорытынды кездесуі Ұлан ауданындағы Саратов ауылында болды.
Елді-мекенде өткен кездесуге жүзден астам адам жиналды. «Кездесу барысында тұрғындар маңызды мәселелерді көтерді. Расымен де, жоғары білім, орта кәсіптік білім беруге қатысты мәселелер өзекті. Қазіргі таңда шаруашылықта еңбек ететін мамандар жоқтың қасы. Егістікте еңбек ететін, комбайн мен трактор жүргізетін нағыз мамандар өте аз. Осы ретте, өзіммен бірге Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін азаматтарының атынан оннан аса ұсыныс пен өтініш хаттарын әкетіп барамын. Олар әр бағытта, әр мәселеге қатысты», – дейді Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Теміржанов.
Аманжан Жамалов өзін Өскеменнің медицинасы таңғалдырғанын жасырмады. «Ана мен бала» орталығын көріп таңқалдым. Мұндай жоғары дәрежедегі емдеу мекемелері тек Астанада бар деп ойлаушы едім. Бұл орталық әлемде бар соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтылған. Сондай-ақ, облыс орталығында ТМД елдері ішіндегі кез келген қиындықтағы ота жасауға қабілетті робот тұр», дейді депутат.
Азамат ҚАСЫМ,
«Egemen Qazaqstan»
ӨСКЕМЕН