• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Ақпан, 2019

Ет орнына ине жұтып қоя жаздады

368 рет
көрсетілді

Петропавл қаласының тұрғыны сауда нүктесін сотқа беруге бекініп отыр.

Ольга Белякова түскі  ас әзірлеу үшін сиырдың етінен жасалған жартылай фабрикатты «Океан» сауда үйінен сатып алады. Тағам дайын болғаннан кейін бір тілімін аузына салғаны сол екен, шыбын жаны мұрнының ұшына келгендей күй кешеді. Жан даусы шығып, безектеп қоя береді. Дереу ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер тіліне тікендей қадалған сояудай инені алып шығады.

«Оқыс оқиғаға тап боламын деп еш ойлаған жоқпын.  Жұтып қойсам, не болар еді? Көзге елестетудің өзі қиын. Жараны емдетіп алған соң сотқа арызданып, моралдық шығын талап етемін. Ұзақ емделетін түрім бар», дейді жапа шегуші.

О. Белякова  ішкі істер органдарына қайрылған екен, қылмыс құрам жоқ деген жауап алыпты. Енді  тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының көмегіне сүйенбек.

Тұтынушылар құқығын қорғау қауымдастығының төрайымы Надежда  Дубоваяның айтуынша,  дүкен иелері өнімді жеке тұлғадан сатып алған. Оның сапасына кепілдік беретін не сертификаты, не  түбіртегі  болмай шыққан. Қайда әзірленгені де белгісіз. Ине шыққан өнім қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің зертханасына тапсырылыпты.

Былтыр  сауда үйлерінің бірінен құрттаған минтай балығы табылып,  санитарлық-паразитологиялық зерттеу қорытындысы бойынша  паразиттің үш түрі кездескен. Осы мәселеге  байланысты сот әлі шешім шығарған жоқ. Бүлінген тамақты жеген Дробышевтер отбасы моральдық өтемақы ретінде 200 мың теңге талап етіп отыр.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы