• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Ақпан, 2019

Шалқар ауданында «Халықтық кеңсе» ашылды

697 рет
көрсетілді

Өткен жұма күні Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс бабымен Шалқар ауданында болды.

Өңір басшысының жұмыс сапары Қауылжар ауылынан басталды, ол жақта жаңадан «Ақбота» балабақшасы ашылды. Мектепке дейінгі мекеменің құрылысы былтыр тамыз айында басталған. Жобаны жүзеге асыруға 110 млн жеке инвестиция құйылды. Үйлесімді даму үшін барлық жағдайы жасалған балабақшаға елу бүлдіршін бара алады.

Аудан орталығы – Шалқар қаласында облыс әкімі жетпіс балаға арналған тағы бір жаңа «Нұр Дана» балабақшасының, сонымен қатар мемлекеттік-жеке серіктестік аясында былтыр тамыз айында ашылған күндізгі емдеу стационарының жұмысымен танысты. Бүгінде стационарға күн сайын отыз емделушіге дейін келеді. облыс әкімі оларға тезірек сауығып кетулерін тіледі.

Бердібек Сапарбаев сонымен қатар, қазіргі таңда реконструкцияланып жатқан «Shalqar su» минералды су шығару зауытында да болды. Өндірістің екінші желісі осы жылдың көктемінде іске қосылмақ. Тоқсан адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Өндірістің жылдық қуаттылығы кем дегенде 3,2 млн литр газдалған су мен тәтті алкогольсіз сусындарды құрайды. Қолданыстағы кәсіпорынды кеңейтуге арналған жеке инвестициялар 845 млн. теңгені құрады.

Бұдан басқа, облыс әкімі Шалқарда «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобасы аясында ашылған «Халықтық кеңсенің» салтанатына рәсіміне қатысты. Аталмыш мекеме облыс аудандарының ішінде бірінші осы жерде ашылып отыр. Енді шалқарлықтар қажет құжаттарын рәсімдеу үшін түрлі инстанцияларды айналмайды. Олар мемлекеттік қызметтердің барлық түрін бір жерде – «Халықтық кеңседе» ала алады. Айта кетейік, аудан орталығының қақ ортасында орналасқан«Халықтық кеңсе» мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы көтергіштермен жабдықталған.

«Сіздер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жуырдағы Халыққа жолдауында тұрғындарға қызмет көрсету сапасын арттыруды тапсырғанын білесіздер. Адамдар құжат жинау үшін қаланың бір шетінен екінші шетіне жүрмес үшін осыдан екі жыл бұрын Ақтөбеде үлкен «Халықтық кеңсе»  ашылған болатын. Сол кезде аудан әкімдеріне осындай орталықтарды аудандарда ашуға тапсырма берілген. Шалқар – біздің облыстағы үлкен қалалардың бірі. Сондықтан бұл жобаны бірінші осы жерде жүзеге асыру шешімі қабылданды. «Халықтық кеңседе» сіздер мемлекеттік қызметтердің 600 түрін ала аласыздар. Аудан тұрғындары бұл орталықтың қолайлылығына оң бағасын береді деп сенемін»,- деді Бердібек Сапарбаев құттықтау сөзінде.

Осыдан кейін өңір басшысы аудан әкімі Бауыржан Қаниевтің тұрғындармен есептік кездесуіне қатысты. Мұнда шалқарлықтар жолдарды жөндеу, елді мекендерді сумен және газбен қамтамасыз етуге қатысты өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Сұрақтардың деніне облыс әкім өзі жауап берді.

«Мен аудандарға қандай проблемалары барын көріп, білу үшін жиі баруға тырысамын. Шешілмеген сұрақтар әлі де жетеді. Бастысы – біз олар жайында білеміз және солармен жұмыстанып жатырмыз, әрине бұл сұрақтардың бәрі ақшаны қажет етеді», - деді Бердібек Саапрбаев шалқарлықтармен әңгіме кезінде.

Өңір басшысы сондай-ақ, ағымдағы жылдың басымдықтарын да атап өтті.

Облыс әкімі: «Ауданның әлеуеті зор. Өнеркәсіпті дамыту керек. Су бар – ауыл шаруашылығы дақылдарын егетін алаңдарды ұлғайтып, мал басын көбейту керек. Оған қоса, мемлекеттің ауыл шаруашылығына қалай үлкен көмек көрсетіп жатқанын білесіздер. «Құлан», «Алтын асық» «Сыбаға» бағдарламаларының жүзеге асырылуы нашарлап кетті, мұны түзету керек. Кәсіпкерлікті аудан аумағы арқылы өтетін теміржол және халықыаралық автокөлік жолдарының артықшылықтарын пайдалана отыра дамыту керек»,-деп атап өтті.

Кездесуді түйіндеген Бердібек Сапарбаев ауданның барлық тұрғынын бірлік пен келісімге, сонымен қатар, өскелең ұрпақты патриоттық рухқа, адамгершілік пен еңбексүйгіштікке тәрбиелеуге  шақырды.

Темір ҚҰСАЙЫН,

"Егемен Қазақстан"

Ақтөбе облысы