• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Ақпан, 2019

Жезқазғанда «65 игі іс» жоспары жүзеге асырылады

1151 рет
көрсетілді

Еліміздің өркендеуіне өзіндік үлес қосып келе жатқан Жезқазған шаһары қала мәртебесін 1954 жылдың 20 желтоқсанында алған. Яғни, биыл мысты өлке астанасы өзінің 65 жылдық белесін атап өтеді.

Осы мерейлі межеге байланысты Жезқазған қаласында «65 игі іс» деп аталған жоспардың құрылғаны туралы қала әкімі Қайрат Бегімов есептік кездесу барысында мәлімдеді.

– 2019 жылы бізге қыруар жұмыс атқаруға тура келеді. Себебі, бұл жыл маңызды, қоғамдық-саяси, тарихи мәні бар оқиғаларға толы. Ол – «Жастар жылы» және Жезқазғанның 65 жылдық мерейтойы, – деді қала басшысы. – Бұл өзіміздің жетістіктерімізді көрсетуге және туған өлкемізді өркендету жолында  күшімізді шоғырландыруға мүмкіндік береді. 

Қала әкімі «65 игі іс» жоспары негізінде жүзеге асырылмақшы   жобалардың маңыздыларын атап өтті. Олардың ішінде жаңа көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы, кеңес беру-диагностикалық орталықтың ашылуы, Ғарышкерлер гүлзарын, «Жастар» саябағын, Қ.Сәтбаев атындағы алаңды қайта қалпына  келтіру сияқты шарапатты шаруалар бар. Сондай-ақ, 2019 жылы Жезқазғанда 900 оқушыға арналған, жобалық құны 1,9 млрд теңге болатын жаңа мектеп салынады. Бұған қоса, шағын және орта бизнес нысандарын да көптеп ашу жоспарда бар.

Жезқазғандықтар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қолға алынған «Сарыарқа» газ құбыры магистралінің құрылысына үлкен үміт артып отыр. «Газ құбырын тарту шалғайдағы тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді және аймағымыздың дамуына оң әсерін тигізеді», дейді Жазқазған қаласының әкімі.

Жезқазған үшін мерейлі жылда әлеуметтік саланың дамуына ерекше көңіл бөлінбек. Мысалы, қаладағы екі мектепте ІТ-кабинеттер жабдықталатын болады. Алты мектепте жабдықтар мен асханалардағы жиһаздар жаңартылып, спорт құралдары сатып алынады деп жоспарланған. Сонымен қатар, алдағы уақытта жаңа спорт нысандары – 320 орынға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені, спорттың ескек есу түріне арналған кешен, таеквондо орталығы бой көтермекші. Олардың құрылысы биыл басталады. 

Қала басшылығы мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде бизнес өкілдерімен қарым-қатынасты дұрыс жолға қоя білген. Осы жүйе аясында кәсіпкерлер биыл жалпы сомасы 5 млрд теңге болатын жобаларды жүзеге асырмақшы екен. Яғни, Жезқазған қаласының келбетін жаңғыртып, оның көшелерін жарықтандыру мен абаттандыру бағытында игі істер қолға алынады. Сонымен қатар, қалада жаңа супермаркет бой көтереді. Кәсіпкерлердің уәдесі бойынша, бұл сауда орнында әлеуметтік-бағдарланған бағалар қойылатын  болады.

Бір сөзбен айтқанда, Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша соңғы кездері жасара, жаңғыра түскен Жезқазған қаласы өзінің 65 жылдық тарихи белесін берекелі тірлікпен, лайықты тартулармен қарсы алуға бет түзеген.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы, Жезқазған қаласы