Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры өңірлік филиалы алдында аударымдар мен жарналарды жинақтау, медициналық ұйымдарға қызмет көрсетуге ақы төлеу, медициналық көмекті пайдаланушылар мен қызмет көрсетушілерді есепке алу бойынша іргелі міндеттер тұр.
Филиал директоры Лариса Гордееваның сөзіне қарағанда, былтыр міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің электрондық ақпараттық жүйесі мен ақпараттық ресурстарын құру және дамыту бойынша бірқатар шаралар атқарылған. Жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлерден түскен аударымдар мен жарналар көлемі 5,7 миллиард теңгеден асқан. Биылдан бастап өз бетінше жұмыспен қамтылған халық тек міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде ғана емес, сондай-ақ зейнетақы, салық және әлеуметтік сақтандыру жүйелерінде де бірыңғай төлемге қатыса алады. Бұл төлем қызметкерлердің еңбекақысын пайдаланбайтын, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, өздері жұмыс жасайтын немесе жеке тұлғаларға қызмет көрсететін тұрғындарға қолданылады.
«Болжам бойынша, елімізде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі толық іске қосылатын 2020 жылы жинақ көлемі 240 млрд. теңгеге жетеді. Бұл қаражат МӘМС пакеті арқылы халыққа көрсетілетін медициналық көмектерге төленеді. Біз 52 денсаулық сақтау ұйымымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс атқарамыз. Бүгінгі таңда медициналық сақтандыру қорының қызметтері қызмет жеткізушілер тарапынан халыққа тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне ғана қолданылады», дейді Л. Гордеева.
Сондай-ақ амбулаториялық-емханалық негізде тегін медициналық көмек кепілдігі аясында «СК-Фармация» арқылы науқастарға дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар сатып алынады. Биылдан бастап қазақстандықтардың шетелде емделуі мен жоғары технологиялардың көмегімен жасалатын бірегей қызметтерді көрсету функциялары қордың әкімшілендіруіне беріліп,бұл мақсаттарға 5,6 миллиард теңге қарастырылған.
Филиал жетекшісі сақтандыру төлемдерін тек жұмыс берушілер ғана төлейтінін жеткізді. Олар қорға жұмысшы табысының 1,5% көлемінде жарна аударады. Қаржы жұмыскердің өз қаражаты есебінен босатылады. Ал 2020 жылдан бастап мемлекет азаматтардың 13 санатына сақтандыру жарнасын аудара бастайды. Олардың арасында балалар, зейнеткерлер, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері, көп балалы аналар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, бала күтіміне байланысты декреттік демалыста отырған аналар, мүгедектер, мүгедек балалардың күтушілері, ресми тіркелген жұмыссыздар, интернат тәрбиеленушілері, студенттер, изоляторлар мен қамауда отырған тұлғалар, жұмыс істемейтін оралмандар бар.
Емханалық-амбулаторлық көмекті дамыту бойынша жұмыстар одан әрі жалғасады. Денсаулық сақтау жүйесінде жалпы практика дәрігерлерінің жүктемесін азайту, ауруларды басқару бағдарламасын енгізу, емханалық-амбулаторлық көмек пен жедел жәрдем тарифтерін көтеру сияқты маңызды міндеттер тұр. Жалпы алғанда, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі республикада 972,7 миллиард теңгені құрап отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 5% -ға артық.
«Біздің басты міндетіміз халықты кепілдендірілген көлемдегі сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар міндетті медициналық сақтандыру пакеттерін толық ұсыну болып табылады. Бұл орайда қолданыстағы ақпараттық жүйелерді одан әрі жетілдірудің, толық интеграциялаудың, кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңызы зор, Ең бастысы, адамдар 2020 жылға дейін ешкім тегін медициналық көмексіз қалмайтынын түсінуі керек», дейді Лариса Гордеева.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы