• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 14 Ақпан, 2019

Абзал Мырзаш, 13 жасар студент: IT-гиганттардың алдыңғы қатарында болуды армандаймын...

1528 рет
көрсетілді

Ақылы асып туған вундеркинд балаларды көргенде қайран қаламыз. Бүгінде ондай таланттардың ел ішінен өзімізден де шығып жатқаны қуантады. Абзал Мырзаш 12 жасында 11 сыныпты аяқтаған, қазір Қазақ-Британ техникалық университетіндегі Ақпараттық технологиялар факультетінің 2-курсында оқиды. Бала-өнертапқыш осыған дейін компьютер клавиатурасына ыңғайлап қазақ-латын әліпбиін және 1 минутта 1200-ден астам кітапты кириллицадан латын қарпіне аударуға болатын конвертер бағдарламасын ойлап тапты. Оның алдағы арман-мақсаттары да еліміздің болашағымен байланысты.

– Абзал, мектепке бармай тұрып әкеңе «Жер неге сіл­кінеді?» деген сұрақ қойып­сың, қазір қандай мәселе маза­лайды?

– Қазір мені «Адамзаттың әлеуметтік тұрмысын жақсарту және өмірін ұзарту үшін не істеу керек? Еліміздің экологиясын қайтіп жақсартуға болады? Ел экономикасын қалай көтереміз? Ғарыш кеңістігін қайткенде тиімді пайдалануға болады?» деген сұ­рақ­тар мазалап жүр. Аталған мәселелерге қатысты идеяларым­ды­ және қолға алған жобаларымды тезірек іске асыру үшін уни­вер­ситетті мерзімінен 1 жыл ерте бітіру мақсатында, көп ізденіп жүр­­мін.

– ХХІ ғасыр – ІТ ғасыры. Жа­санды интеллект пайдалы ма,­ әл­де зияны да бар ма?

– Бүгінде экономистер мен ғалымдар қоғамның әлеу­­мет­тік-экономикалық құры­лымының трансформациясы робот­танды­рудың әсерінен болатынын айтып жүр. Болашақта жасанды интеллект миллиондаған адамдарды жұмыстан айыруы мүмкін. Соның салдарынан көптеген кәсіп жойылды. Ал еңбек нарығында ІТ-маман­дары ең көп сұ­ранысқа ие болады. Мұндай технологиялық төңкеріс саяси әлем тәртібіне де әсер етпей қоймайды. Нәтижесінде мемлекеттер виртуалды әлем мо­но­полистерімен күресуге мәж­бүр болуы мүмкін. Со­нымен қатар үкі­­меттің азамат­тар арасында кеңі­нен тараған жұмыс­сыздықты жеңу жолдарын іздеуіне тура келеді.

Ғылыми-технологиялық рево­­лю­­цияның алдыңғы кезеңдері дене еңбегінің негізгі бөлігін маши­наларға ауыстыруға мүмкіндік берді. Бүгінде әлем кезекті индус­триалды революцияның ше­гі­­не жетті, ол тек жалдамалы қыз­мет­керлер мен корпорациялар ара­сындағы қарым-қатынасты ғана емес, сондай-ақ азаматтар мен мемлекет арасындағы қа­рым-қатынасты да өзгерте алады. Осылайша, индустриядан пос­тиндустриалдық қоғамға көшу болады, онда халық­тың көпшілігі өн­дірістік емес салада жұмыс іс­тей­ді. 

Жасанды интелект барлық са­ладағы адам қызметіне әсер етеді, сондай-ақ әлеуметтік же­лілер, іздеу жүйесі және бейне хостинг сайттар әлеу­­меттік ком­муникациялар құры­лымын, бұқаралық ақпарат құрал­да­рының жұмысын, ақпарат алу прин­циптерін өзгертеді және оның пайдасы өте көп. Мысалы, күнделікті интернет-дүкендерден керек нәрсені сатып алу, таксиге қоңырау шалу, картадан ың­ғай­лы маршруттарды іздеу, мейрамхананы немесе қонақ үйді таңдау сияқты көптеген жұмыс бағдарламалық қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырылады. Тіпті мемлекеттік бюрократиялық жүйе де желіге кірді. Сөйтіп электронды үкімет азаматтардың лауа­зымды тұлғалармен байланысын айтарлықтай жеңілдетті.

– Адамдардың өмірін жеңіл­деткен ғалымдар мен өнер­тап­­қыштарды үлгі ететініңді ай­­тыпсың. Қазір үйдегі жеңіл киімді де, 5-6 ыдысты да машина жуатын болды. Әлбетте ауыр еңбек­терді жеңілдеткен жақсы, алай­да барлық жұмысын компьютерге шегелеп қойған қоғам­ды бұл жол одан сайын қимыл-әрекеттен алыстатпай ма?

– Көптеген ғалымдардың бола­шақта қоғамдық көлік жүргізуші, сатушы, бухгалтер, экономист, заңгер сияқты мамандықтарда адамдардың орнына компьютер, яғни жасанды интеллект келе­ді деген болжамы бар. Деген­мен, адамзаттың осы мәселеге бай­ланысты қобалжуы бекер. Авто­маттандырудың дамуы кәсіп­терді жойып қана қоймай, жаңа маман­дықтарды да тудырады. Робо­тотехниканы көбіне ауыр еңбекке, қайталанып жасалатын, жалықтыратын жұмысқа пай­даланады. Сондықтан жасанды интеллектінің зияны жоқ, керісінше адам өмірінің сапасын арттыратыны сөзсіз. Егер жасанды интеллектіні әрі қарай дамытсақ, табиғатта серуендеуге, спортпен шұғылдануға, кітап оқуға, шет тілдерді үйренуге, шы­­­­ғар­­машылықпен, ғылыммен ай­налысуға бос уақыт табылады.

– «50 жылда − ел жаңа» деп жатамыз. 2070 жылғы Қазақ­станды қалай елестетесің? 

– ІТ-технология саласы жыл сайын қарқындап дамып жатыр. Мысалы, есептеу техникасының өнімділігі геометриялық прогрес­сиямен өсіп келеді: Mур заңына сәйкес, әрбір келесі, яғни жаңа шыққан процессорлар өнімділігі бойын­ша алдыңғысынан екі­ есе артық. Бұл – ғылым мен тех­никаның ұдайы прогрес­те бола­тынының дәлелі. Осыған бай­ланысты, 50 жылдан кейін галак­тикамыздағы бұ­рын-соңды та­нып-білме­ген алыс жұлдыз­дар­­­дың арасынан өмір сүруге қолай­­лы Жер сияқты планетаға сая­хат жасауға немесе көшуге мүм­­кіндік тууы ғажап емес. Сол­ сияқты нанотехнологияның да­муы арқылы адам баласын қатер­лі ісіктен 100 пайыз айықтыру, бол­маса гендік инженерияның гене­тикалық кодқа әсер етуі ар­қылы адам баласының өмірін ұзарту қолжетімді болуы мүмкін. 

− «Болашақ» бағдарлама­сы­мен шетелде 10 мыңнан аса сту­дент білім алып келді. 25 жыл­­­дан бері шекара асып дип­лом алғандардың арасында же­­тіс­­­тікке жетіп, елге қызмет етіп жүрген түлектер жетерлік. Бірақ Қа­зақ­­станның әлем алдындағы брен­дін, өз өнімін жасаған жандар әлі жоқ. Мұның себебі неде? 

– ҚБТУ-ді бітірген соң, АҚШ-тағы МІТ-дің магистратурасында және докторантурасында ІТ технологиямен бірге нанотехнология­ны игеремін деген мақсатым бар. Ал «Болашақпен» шетелде білім алып, елімізде өз мамандықтары бойын­ша жұмыс істеп жатқандардың елі­мізге қосқан үлесі де аз емес. Мы­салы, Халыққа қызмет көрсету орталығындағы (ХҚО) жүйе шетелдерде «Болашақпен» оқып келген ІТ-технология маман­да­рының арқасында электронды форматта жылдам әрі тез іске асы­­рылды. ХҚО-ға бармай-ақ үйде немесе жұмыста отырып қа­жет қызметті, айталық, мекенжай, айыппұл туралы анықтама, тіркелу, сертификат, лицензияны e-gov.kz порталынан алуға болады. Ресейдің өзінде әлі күнге дейін Кеңес өкіметі кезіндегідей қағаз арқылы қызмет көрсетіледі және кезек күтумен уақыт жоғал­тасыз. Сондықтан елі­мізде аз да болса ілгерілеу бар. Бірақ біз­­де ауылшаруашылық, кино, ІТ ин­дус­триясы деп ауыз толтырып айтатындай ешнәрсе жоқ. Яғни, аталған барлық салада өнеркәсіп әлі дамымағаны рас. Дегенмен, Жастар жылының ашылу салтанатында елі­міздегі жастардың аграрлық секторға, спорттық тағамға және отандық киім тігу ісіне қатысты Елбасына ұсынған 4 бірдей жаңа жобасын көргенде көңілім орнына түскендей болды. 

– Келешекте Қазақстанға қан­­дай үлес қосуды қалайсың?

– Сәтін салса ІТ-технология саласы бойын­ша еліміздегі ғы­лым­ның да­муы­­на үлесімді қосамын, сон­дай-ақ Қазақстанның ІТ-ин­дус­триясын дамытқым ке­леді. Бұл үшін Отанымда компью­терлік техниканы және оны жаб­дықтайтын құралдарды, робото­техниканы, нанороботтарды жа­сай­тын ірі кәсіп­орын ашамын деген арманым бар.

Майкрософт және Facebook се­кілді IT-гиганттар желіде ұлт­тық шекаралардың жоқтығын пайдаланып, әлемдік нарықтың үлкен үлесін иеленген. Сондық­тан мен де өз Отанымның экономикасын көтеру үшін әлемдік ІТ-гиганттардың алдыңғы қата­рында болуды армандаймын.

Әңгімелескен Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»