Сән әлемінде ойып тұрып өз орнын алған, 20 жыл бойы Кристиан Диордың табыс тұмарына айналған Алла Ильчун, анығырағы Алла Қуантханқызы Елшіннің есімі бізден гөрі, Еуропаға әлдеқайда мәшһүр.
Париж подиумдарында жылдар бойы салтанат құрған, Кристиан Диордың №1 моделі, кейін Ив Сен Лоранды да мойындатқан құмырсқа бел тұлғаның тағдырында тылсым оқиғалар ғана емес, жұмбақ жайттар әлі жеткілікті.
Ақиқатында Алла Ильчунның жолы болған модель емес, шын мәнінде тұлға екендігін Кристиан Диордың өзі де мойындап өткен ғой.
Ғажайып және барлық кезде бойында аздаған жұмбағы, бір қараған адамды жалт еткізер қасиеті бар, белінің табиғи жіңішкелігі 46 см ғана болған Алла Елшіннің сән әлеміне келуінің өзі кездейсоқ, қызық оқиға. Ақиқатында, ол бетінің әрі бар кезде Еуропаның бүкіл мода туралы журналдарының мұқабасынан түспеген.
Сымбатымен ғана емес, мінезділігімен де Парижді бағындырған қандасымыз туралы жазуға түрткі болған басты себепті атап өткеніміз жөн.
Жуырда Алматының мәдени өміріндегі елеңдетерлік жаңалықтың бірі – «Муза DIOR. Алла Ильчунның тарихы. Қазақтан шығып, сән әлемін мойындатқан» атты кітабының авторы Берлин Иришевпен кездесу болды.
Жаңа кітап Алла Ильчунның өмірін ғана емес, бұрын-соңды белгісіз болып келген деректер мен мұрағаттық құжаттарды да қамтиды.
Кітап авторына келсек, Берлин Иришев – экономист, дипломат. 1996 жылдан бері Францияда тұрады. Ал бұрынғы дипломатқа өз қандасы жайлы кітап жазу идеясы күтпеген жерден пайда болады. 2018 жылдың жазында Парижде қыдырып жүріп, Алла Ильчунның Леон Зейтлин салған портретін көріп, сатып алып қазақстандықтарға мақтанышпен көрсетпек болады. Артынша 60-қа келгенде ғана әкесінің қазақ екендігін мойындап кеткен модель туралы кітап жазуға шешім қабылдайды.
Кітаптың тұсаукесеріне жиналғандарды әрі тәнті етіп әрі таң- ғалдырған деректер өте көп болды. Ең бастысы, оның қазіргі жалғыз ұлы Марк де Дюльмен (Mike Marc de Dulmen) табылып, көптеген деректерді қуаттап отыр.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлі есін жимаған әлемге әйелдік нәзіктікті оралтуға ұмтылған жас Кристиан Диордың музасы туралы 1949 жылдан бастап әрісі АҚШ, Франция, Англия, Бразилия, Жапония тіпті Аустралияның белді басылымдары жарыса жазып, суреттерін таласа жариялағаны тарихтан белгілі. Оның үстіне Алла 1967 жылы Франция азаматтығын алғанға дейін Еуропа оны «қытай» деп білді. Осы жерде ақиқат үшін атап өткен жөн, Кристиан Диордың музасы дегенде алдымен Марлен Дитрих пен Митца Брикардың аты аталады. Бірақ Диор өле-өлгенше Алла Ильчунның сән әлеміндегі сиқырын мойындап, табыстылығының тұмары екендігін айтып, оның пікірімен есептесіп, қорғаштап өткен.
Ал енді мына дүниеден озарында қазақ екендігін мойындап өткен модель талай жұмбағын өзімен алып кеткені сөзсіз.
Сонымен Диордың жетекші моделін Парижге қай жазмыш жетектеп келген десеңіз, Алланың әкесі Қуантхан 1897 жылы Верный қаласында (Алматы) ауқатты отбасында өмірге келеді. Әкесі туралы Алланың өз аузынан жазып алған шетелдік журналистер оны бір жерде Хуанхал, енді бір жерде Жуанхан деп түртіп алса керек. Өткен ғасырдың 20-жылдары инженер мамандығын алған Қуантхан солтүстік-шығыс Қытайға, жоғарыда айтып отырғанымыздай, Харбинде 1891 жылы басталған әлемдегі ең ұзын темір жолдың құрылысына аттанады. Сол жерде Алланың шешесі Тамараны тағдыр жолықтырып, 13 жас айырмашылықтарына қарамастан 16 жастағы жап-жас Тамараға үйленеді. Дүниеге келген нәрестеге Алла деген есім беріледі. Бұл ат екеуіне де ортақ болатын.
Көп ұзамай Маньчжурияда жапон интервенциясының басталуы олардың өмірін мүлде басқа арнаға бұрып әкетеді. 1935 жылы Қуантхан отбасын темір жол арқылы Шанхайға алып кетуге әрекет жасайды. Осы сапарда атыс болып, Тамараның әпкесі қайтыс болады. Ал Қуантхан әйелі мен қызын Францияға жүзіп бара жатқан Норвегия кемесіне отырғызып үлгереді. Тура бір жылдан кейін-ақ жапондар Шанхайдан шығатын кемелердің жүзіп шығуына тыйым салады.
Өкінішке қарай, Қуантханның кейінгі тағдыры беймағлұм. 1936-1937 жылдары большевиктердің қолынан қаза табуы мүмкін немесе Қарағандыдағы ГУЛАГ құрбаны болды-ау деген дәйексіз болжамдар ғана бар.
– Ал Францияға келгеннен кейін шешесі Тамара (кей жерлерде Татьяна) тіс дәрігері болса да жұмыс таба алмай біраз уақыт сандалады. Оның Шанхайдан алған дипломы жарамаған соң, бір кезде кәсіпқой тұрғыда ән айтумен әуестенгені есіне түсіп, Париждегі консерваторияға қайтадан оқуға түсіп, оны жақсы тәмамдайды. Тіпті оның П.Чайковскийдің 100 жылдығына арнап қойылған «Қарғаның мәткесі» операсында ән салғаны жайлы деректер бар. Кейін де ол сондағы орыс қауымына концерттер беріп, мейрамханаларда ән айтып табыс тауып келген, – дейді Берлин Иришев.
Автор былтыр ғана жазда Париждегі кәдімгі антикварлық дүкенде суретші Леон Зейтлин салған портреттің сатылып жатқанын көреді. Берлин Иришев сол суретті өткен жылы Алматыдағы мемлекеттік Ә.Қастеев атындағы өнер музейіне бір айға қойғанын да білеміз. Осы кезде Алла Ильчунға деген отандық БАҚ өкілдерінің қызығушылығы оянып, бірқатар мақалалар да жарық көрді.
Айтқандай, Алланың тірі кезінде салынған осы екі портреттің бірін жәдігер деп білген дұрыс. Өйткені оның даңқы шарықтап тұрғанда кәсіпқой фотографтар айналасында шыбындай үймелеп жүргендіктен, ешкімнің де басына оның суретін салу келе қоймайды. Ал Леон Зейтлинге келсек, ол Алла екеуі тағдырлас болған.
Әңгіменің бәрі осы жерден басталады. Алла Ильчунның портреті Ә.Қастеев музейіне қойылғаннан кейін әлеуметтік желіде қызу пікірталас туып, оның тегі кім деген сұрақ туады.
Көзі тірісінде «орыс қытайы» атанса да, оның қытай тілін тіпті білмегені және аты-жөні де бұл ұлтпен байланыспайтыны аян.
Осыдан кейін Берлин Иришев ішкі түйсікпен оның алдымен моласын табуға шешім қабылдайды. Оның баласы мен күйеулері туралы ақпараттың тым аздығы қолбайлау болғанымен, Facebook арқылы алдымен баласы Марк де Дюльмен табылады. Ол өзін іздестірген сауалға жауап ретінде жалғыз «смайлик» жібергенімен, 90 күнге дейін үнсіз жатып алған.
Мұнан кейін де Алла Ильчун туралы барлық мәліметті «қасықтап» жинауға тура келді дейтін автор, осы кітапты жазу мен зерттеу барысында мистикалық оқиғалар мен сәйкестіктердің жиі кездескенін айтады. Мәселен, Марк де Дюльмен анасының қабірі табылған күні ғана Берлин Иришевқа хабарласып, өзінің Алла Ильчунның баласы екендігін мойындайды. Содан кейін Маркпен кездесу белгіленген Париж мейрамханасы оның бір кезде әке-шешесі махаббатқа мас болып, ұлдарын жаратқан үйдің дәл қарсы бетіне орналасқан болып шығады.
Франциядағы қазақстандықтар қауымдастығы да Алланың ұлын кездесуге абайлап көндіреді. Қысқасы, Алла Ильчун Парижде Фридерик Шопен, Эдит Пиафтармен қатар жерленген. Бірақ кейін бір түнде оның сүйегі басқа жерге ауыстырылып, тек қана қабірінде «Алла» деген жазу пайда болады. Кейінірек бұл Алланың жатқан жері екендігі дәлелденген.
Бұл кезде қауымдастық мүшелері өте сақ әрі ұстамды Марктің көмегінсіз, өз беттерінше ақпараттарды жинастыра берген. Әйгілі модель туралы біраз мәлімет жиналғаннан кейін ғана Марк бұл іске араласуға ықылас таныта бастаған көрінеді.
Қысқаша айтқанда, атақты модель Марктің әкесінен ажырасып кеткеннен кейін 19 жылдан кейін Игорь Мухинге тұрмысқа шығады. Алла өмірден озар алдында Игорь Мухинмен де ажырасады. 62 жасында яғни 1989 жылы 6 наурызда тауда шаңғы теуіп келгеннен кейін қайтыс болады. Қызы кеткеннен кейін анасы Тамара Михайловна Мухиннен Алланың жеке заттарын қайтарып беруді сұраса керек. Бұрынғы күйеуі бұл заттар оның өмірінің бір бөлшегі екендігін айтып, қайтарып беруден бас тартады. Өкінішке қарай, Алла Ильчунның бар дүниесі Мухиннің көңілдесінің қолында кеткен.
Автормен бұл ақпараттарды бөлісіп отырған сән тарихшысы Жан-Ноэль Ли. Кітаптың құрастырылуына мода шежіресін көп зерттеген, Алланың фотоларын жинаумен айналысқан Александр Васильев те көп көмектескен.
Өмірінің соңында қайта танымалдылыққа ие болған Алла Ильчун күріш экспорттайтын қытайлық компанияда жұмыс істейді. Ал оның жеке заттары мен киімдері Лимде (Перу) сатылған. Бұл сол баяғы Мухиннің көңілдесі ұрлаған заттар ма, әлде Алла оларды Оңтүстік Америкада Париждегі байланыстарын пайдаланып, өзі сатқызды ма, бұл енді жұмбақ.
Сонымен Алла Ильчунның әкесі шынында да қазақ па деген сұраққа келсек, жоғарыдағы кітапты жинақтауға бел шешіп кіріскен отандастарымыз Марктің шешесінің отбасылық альбомына қол жеткізгенге дейін ерен еңбек сіңірген деуге болады.
Тамара Михайловна отбасылық альбомнан Алланың әкесінің барлық фотоларын неге жыртып алып тастағаны өзіне ғана мәлім. Тек арт жағынан түсірілген, ат ұстап тұрған суреті ғана сақталған. Ол суретте қазақша шапан мен бөрік киген адам тұр. Ал құжаттар бұл кісінің Верный қаласында 1897 жылы туғанын, байдың баласы, Ресейде инженерлік білім алғанын, зиялы болғанын айғақтайды.
Қилы-қилы тағдыр бар, не десек те Алла Ильчун өмірінің соңында ресейлік әйгілі өнертанушы Александр Васильевті фотографсыз шақырып алып, әкесінің қазақ, шешесінің Петербургтен шыққан орыс екендігін мойындап, жазғызған.
Парижде ыдыс жуушы бола жүріп, кездейсоқ, әлі танымал болып үлгермеген Кристиан Диордың кастингіне сырқаттанып қалған құрбысының орнына қатысып, жолы болған Алла Қуантханқызы ерекше сымбатымен, бес тілді бірдей меңгерген интеллектуалдығымен Еуропаны өзіне қаратып кеткен жан.
Еуропаның мода әлеміне бөлек болып келіп, ерек болып өткен Алла Ильчун сән әлемінің қайта тумайтын тұлғасы болып қала беретіні сөзсіз.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ