2019 жылы Ақтөбе облысының 500 шақырым көлік жолдары қайта салынып, күрделі және орта жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы өңір басшысы Бердібек Сапарбаев халықпен есептік кездесуінде мәлімдеді.
«Мемлекет басшысы 2022 жылға қарай жолдарды 90% жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізуді тапсырды. Осы тапсырманы орындау мақсатында Ақтөбе облысында жыл сайын жолдарды жөндеу көлемі ұлғаюда. 2016 жылы 9,6 млрд.теңгеге 99 шақырым жол жөнделсе, 2017 жылы 16,9 млрд. теңгеге 302 шақырым жол жөнделді. 2018 жылы жалпы сомасы 35,7 млрд.теңгеге 404 шақырым жол жөнделген. Биылғы жылы біз 500 шақырымнан астам автожолды жөндеуді жоспарлап отырмыз», - деді Бердібек Сапарбаев.
Қазіргі уақытта ұзындығы 319 шақырым болатын «Ақтөбе – Атырау – РФ шекарасы (Астраханьға)» республикалық маңызы бар автожол учаскелерін реконструкциялау сияқты ірі жобалар іске асырылуда. Жобаның жалпы сомасы – 122 млрд. теңгені құрайды. 2018 жылы 19,4 млрд.теңге бөлінді және игерілді, ал 2019 жылы жұмыстарды жалғастыру үшін 16,7 млрд. теңге бөлінді.
«Ақтөбе – РФ шекарасы (Орск)» республикалық маңызы бар автожолы орташа жөндеумен қамтылды - 2018 жылы 2,1 млрд.теңгеге 50 шақырым жер телімі жөнделді, 2019 жылы 1,5 млрд. теңгеге республикалық маңызы бар 45 шақырым көлік жолын жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр. «Ақтөбе қаласының оңтүстік айналма» автожолын қайта салу дұмыстары жалғасуда.
Сонымен қатар, облыс әкімі Ақтөбе қаласындағы қоғамдық көлік автопаркін жаңарту жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді. Осы мақсатта ағымдағы жылы 120 автобус сатып алынады (2018 ж. – 90). Сондай-ақ, халыққа ыңғайлы болу үшін қоғамдық көліктерге электронды билеттендіру енгізіледі.