Білім және ғылым министрлігі 2018 жылғы жұмысты қорытындылап, алдағы жоспармен бөлісті. Жиынға парламент депутаттары Д.Назарбаева және Б. Әйтімова, Президент Әкімшілігінің өкілдері, сенаторлар мен мәжілісмендер, білім саласының қызметкерлері қатысты.
Алғашқы сөзді алған Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрайымы Б.Әйтімова білім саласы бойынша Елбасының биылға берген нақты тапсырмаларын еске салды. Ол елімізде білімге еш қатысы жоқ отбасының болмайтынын алға тартып, қазіргі таңда қызу талқыға түскен «Педагог мәртебесі» туралы заң жобасын мұқият пысықтау қажеттігін және өзі басшылық етіп отырған комитет атынан қабылданған заңның орындалуын қадағалайтынын тілге тиек етті.
Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев деңгей-деңгеймен ең маңызды мәселелерге тоқталды. Министрдің мәліметінше, былтыр 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту 95 пайызға жеткен. 2020 жылға дейін оны 100 пайызға жеткізу жоспарланған. «Балаларды балабақшаларға автоматты түрде бөлу жүйесі 29 қалада енгізілді. Қазір сол қалаларда ата-аналар балабақшаны өздері таңдайды. Осы үрдісті басқа қалаларда жалғастыруымыз қажет», деді Е.Сағадиев. Нөлінші сыныпты биыл апробациядан өткізіп, келесі оқу жылына енгізуге дайындау министрліктің алдағы алғашқы жоспарында тұр. Бұл бойынша біріңғай бағдарлама әзірленіп, тәрбиешілерге таратылған. Орта білім берудегі жұмыстарды 1-9 сыныптардың жаңартылған мазмұнға көшетінінен бастаған министр: «Педагогтарды аттестаттаудың жаңа жүйесі енгізілді. Одан өткен 60000-нан астам мұғалім біліктілігіне қарай 30-50% қосымша ақы алуда. Осыған орай, министрлік атынан мұғалімдерді құттықтаймын!», деді. Былтырдан бастап физика, биология, география, химия пәндері жоғары сыныптарда ағылшын тілінде ерікті түрде оқыту басталды. Е.Сағадиевтің сөзіне сенсек, былтырдан бері 3 мыңнан астам мектепте 8000-дай мұғалім ағылшын тілінде сабақ беруде, биылғы оқу жылынан бастап мектептер санын 4 мыңға және мұғалімдер санын 11 мыңға жеткізу жоспарланған. Ал техникалық және кәсіптік білім жүйесін әлемдік WorldSkills стандарттарына көшіру жалғасып жатыр. ОЭСР мемлекеттерінің 500-ден астам оқулығы қазақ тіліне аударылып, жаңа бағдарламаларымен колледждерге беріліпті. Сондай-ақ алда колледжерде Дуалдық жүйеге сәйкес оқу сағаттар азайтылып, оның орнына практикалық сағаттар көбейеді. Оны оқу орны студенттермен келісіп таңдайды. «Келесі мақсат – «Жас маман» жобасын жүзеге асыру. Бұл бойынша 3 жыл ішінде 200 оқу орны 1-2 қажет мамандық бойынша жаңа жабдықтармен қамтамасыз етілетін болады», деді министр.
Жоғары білім бойынша Е.Сағадиев университеттердің академиялық дербестігін кеңейту бойынша Заң қабылданғанын жеткізді. «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес грант көлемі 20 мың орынға көбейді. 22 мемлекеттік университеттің ректоры жаңа механизм бойынша сайлау арқылы тағайындалды. Бұл – жақсы нәтиже. Жоғары оқу орындарының педагогикалық ұжымдары осы механизмге жоғары баға беріп отыр», деді ол. Бұдан былай университеттер өз түлектерінің 50 пайызын жұмысқа орналастыруға міндетті және жыл сайын бұл пайыз өсіп отырады. Қазақстан ғылымын халықаралық жүйеге бейімдеу мақсатында ғалымдарды ағылшын тіліне оқыту басталды. Жыл аяғына дейін ғалымдар санын бес мыңға жеткізу көзделген. «Ғылыми жобалар мен зерттеулерді бизнес тарапынан қаржыландыру 2 пайызға өсіп (12%), ол 5,3 млрд теңгені құрады. Елбасының тапсырмасымен жас ғалымдарға бөлінетін гранттарды 3 млрд теңгеге арттыру жоспарда бар», деді министр. Жастар жылына орай, министрлік тарапынан қолға алынып, қазір ЖОО студенттерімен талқыланып жатқан «Әлеуметтік студенттік кредит» жобасында волонтер-студенттерге сағатына 1000 теңгеден төлеу қарастырылған. Е.Сағадиев бұл жобаға қатысатын студенттер санын алдағы 3 жылда 20 мыңға жеткізетінін айтты.
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»