7 наурыз күні Финляндияның Хельсинки қаласында бокстан Gee Bee халықаралық турнирі басталады. Бұл Қазақстан боксшылары жыл басталғалы бері қатысатын үшінші бәсеке. Ұлттық құраманың бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев Финляндияға аттанатын боксшылар есімін атап, олардың алдындағы негізі мақсатқа тоқталды.
- Gee Bee халықаралық турниріне бұған дейін Болгария мен Венгрияда өткен жарысқа қатыспаған боксшыларды жіберуді жөн санадық. Олардың арасында тәжірибелі боксшылар да, жастар да бар. Команданың толық құрамы төмендегідей: Ержан Жомарт (49 келі), Азат Махметов (52 келі), Жанболат Қыдырбаев (56 келі), Бағдат Уайдаев (60 келі), Мирасәлі Сәрсенов (64 келі), Талғат Шайкен (69 келі), Тимур Ержанов (81 келі), Нұрбек Оралбай (75 келі), Тимур Ержанов (81 келі), Айбек Оралбай (91 келі) және Дамир Тойбай (+91 келі), - деп атап өтті бас бапкер.
Ол Хельсинкиде өтетін халықаралық турнирдің деңгейіне де тоқталып өтті.
- Gee Bee турнирі дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан, үздік боксшылардың басын қосатын жарыс. Биылғы додаға Ресей, Үндістан, Қырғызстан, Англия мен Нидеранд және Балтық жағалауы елдерінен командалар қатысады. Қазір Еуропада бокс турнирлері тоқтаусыз өтіп жатыр. Ол жақтан тәжірибелі мықтыларды да, жас боксшыларды да кезіктіруге болады. Үздіктер өз шеберлігін шыңдауға келсе, жастар үшін мұндай турнирлер тәжірибе арттыру үшін таптырмайтын мүмкіндік. Боксшыларымыз бір деңгейде қалып қоймау үшін біз де өз спортшыларымызды осындай жарыстар арқылы шыңдап отырамыз. Әзірге медаль жөнінен қандай да бір болжам айтпаймын. Барлығына қойылған міндет – жақсылап жұдырықтасу, - дейді Кенжебаев.
Ғалымбек Кенжебаев спортшылардың наурыз айындағы басты жоспарларына да тоқталды.
- Бакуде «Жібек жолы» дәстүрлі турнирі өтеді. Осы турнир аясында оқу-жаттығу жиынын өткізіп, Азия чемпионатына дайындаламыз, - дейді бапкер.