Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 3 наурыз – Халықаралық жазушылар күніне орай «Қалам мен ғылым» атты жиын өтті. Ауқымды шараға Астана қалалық филиалындағы ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері қатысып, ел өміріндегі өзекті мәселелерді ортаға салды.
Алқалы жиын университет ректоры Ерлан Сыдықовтың, сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлының бастамасымен жүзеге асырылғанын айта кеткен жөн.
Маңызды мәжілісте қоғамдағы кем-кетік мәселелер талқыланды. Белгілі қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің айтуынша, қоғамдағы болып жатқан түрлі толқуды бір шетке ысырып тастаумен мәселе шешілмейді. Оған зиялы қауым өкілдері бейжай қарамауы керек. Осы ретте ЕҰУ-дың жанынан болашақта қоғамдық-әдеби клуб құрылып, оған Қазақстан Жазушылар одағы бастамашы болса деген тілек білдірді.
«Жалпы, осы Астана төріндегі зиялы қауым өкілдерінің жиі бас қосып, еркін пікірлесетін алаңын қалыптастыру керек деп ойлаймын. Мәселен, дербес әдеби клубтардың мінберінде айтылған ойлар көбіне өз нысанасын дөп тауып жатады. Бүгінде еліміздің үлкен ақын-жазушыларына айналған көптеген азамат заманында Алматыдағы ҚазҰУ-дың М.Әуезов атындағы әдебиет бірлестігінен өсіп шықты. Ол жерде Мұқаңдар баяндама жасап, түйткілді түйіндер ортаға ашық тасталатын. Сол сияқты зиялы қауым өкілдері дәл қазіргі уақытта жылы кеңселердегі жиналыстардан гөрі, алыс ауылдарға арнайы барып, халықпен етене араласу арқылы қордаланған мәселелерді қоғам алдына қою керек», деді М.Жолдасбеков.
Академик Сейіт Қасқабасов тіл мәселесі мен қазақша оқулықтарға қатысты жайттарға көз жұмып қарамау керектігін жеткізді. Жиын барысында университет ректоры Е.Сыдықов ақын-жазушыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, аталған алқаның көтеретін мәселері мен алдағы жоспарлары туралы жан-жақты айтып берді. «Мұндай жиындар жазушы жанайқайын тыңдап қана қоймай, оның жүйелі жұмысын қалыптастыру үшін қажет. Жалпы, әдеби клубтар ең алдымен көркем шығармаларды талдауға баса мән беріп, қоғамдық жұмыстарға әдеби үдерістердің үстінде араласуы керек. Классикалық көркем әдебиет арқылы сананы ояту – осы мәслихаттың маңызды тақырыптарының бірі болуы шарт», деді ректор.
Жиында қорытынды сөз айтқан Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық бөлімшесінің директоры Дәулеткерей Кәпұлы Одақтың атқарып жатқан ауқымды жұмыстарынан астаналық қаламгерлерді хабардар етті. Атап айтқанда, Астана филиалы алдағы жоба-жоспарларының ішінде «Самұрық» атты әдеби журнал шығаруды ойластырып отыр.
Басқосуда ұлттық құндылықтарды дәріптеу, білім беру жүйесіндегі кейбір келеңсіздіктер кеңінен талқыланды. Ақын-жазушының міндеті тек көркем шығарма жазу емес, ұлттық қайраткерлікке ұмтылу деген пікірлер көбірек айтылды.
Мирас АСАН,
«Egemen Qazaqstan»