Халқымызда «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» деген қанатты сөз бар. Сондықтан да балаларға алдын ала кастингтің ережелері мен форматы түсіндірілген болатын. Өнер жарысына түскен жас өнерпаздардың дауысын музыкалық продюсер Фарида Ниязова жаттықтырып, ән мәнерлеріне сай шығарма таңдауына жәрдемдесті.
Кастинг шарты бойынша әр бала іріктеу кезінде қазақша, орысша сондай-ақ ағылшын тілінде және әлемнің басқа тілдерінде өзі сүйіп орындайтын әндерін шырқады. Сайысқа ешкім жеңілемін деп келмейді, жеңемін деген үмітпен келеді. Қазылар алқасына олардың ішінен анық дараланған әншіні табу керек. Ол 8 жасар Сезім Қаhарман болып шықты. Жас әнші өз қатарластарынан дауыс және сахнада өзін ұстау жағынан ерекшеленіп тұрды. Сондықтан да қазылар құрамындағы республикамызға белгілі әнші Серік Ибрагимов қаршадай балақанға жалғыз жолдаманы табыс етті.
Сезім Қаhарман енді қазан айының 25-27 жұлдызы аралығында өтетін өнер додасының ақтық сынында Қызылорда облысының намысын қорғайтын болады. 8 және 12 жас аралығында 17 өреннің арасында өтетін «Бала дауысы» байқауының көтеріп отырған жүгі үлкен. Өйткені талантты балалар көп. Оларды бала кезінен байқап, үлкен өнердің жолына түсуіне қамқорлық жасау керек. Қазылар алқасының ұстанымы осы. «Бала дауысы-2019» жобасының шығармашылық тобы да Димаш Құдайберген сияқты әншінің ізбасарларын анықтауға жұмыс жасап жытыр. Қызылорда облысы