• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Руханият 15 Сәуір, 2019

Мәреге жеткендер марапатталды

925 рет
көрсетілді

Өткен жұмада «Ауыл» халықтық-демо­кра­тия­лық партиясы мен «Әдебиет» порталы ұйымдастырған қаламгерлер арасындағы дәстүрлі «Ауылым – алтын тұғырым» әдеби-онлайн байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау салтанаты өтті. Қазақ Ұлттық өнер университетінде өткен іс-шараға Парламент депутаттары, елімізге белгілі ақын-жазушылар қатысты.
2016 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан әдеби байқауға осы уақыт аралығында еліміздің жүздеген қаламгері қатысып, таңдаулы шығармалардың авторлары әр жанр бойынша түрлі жүлдеге ие болды.  Шара шымылдығын түрген «Ауыл» партия­сының төрағасы Әли Бектаев әдеби байқаудың маңыз­­дылығын, ауылдағы өзекті мәселелердің шығар­ма тілінде халыққа тарауын, ауылдың айшық­ты тұс­тарын айтып, қаламгерлерге ризашылығын білдірсе, Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов әдеби бәйге дарынның арынын ашуға үлкен септігін тигізетінін айтып, игілікті шараның маңыздылығына тоқталды. Танымал қаламгерлер мен әдебиеттанушы ғалымдар қазылық еткен әдеби байқауға биыл 288 қаламгер өтініш білдіріп, поэзия, проза, драматургия аталымдары бо­­йын­ша шығармаларын ұсынған. Оның ішінде проза жанрында – 113, драматургия – 25, поэзия жанры бойынша 150 туынды келіп түскен. Ұйымдастырушылар алқасы атап өткендей, қазылар жыл бойы әдебиет порталында онлайн түрде жарияланған шығармалардың ішінен үздік туындыларды анықтаған. Қаламгерлер қауымы мен «Ауыл» партиясы аймақтық өкілдіктерінің өтініш­тері бойынша 2018 жылдан бастап әдеби бай­қау­ға орыс тілді қаламгерлер де қатысқанын айта кеткен жөн.  Бір айта кетерлігі, биыл байқауға еліміздің белгілі қаламгерлері Бауыржан Үсенов, Мұқағали Мақ­атаев, Нұрлан Мәукенұлы, Төлеген Айбергенов, Ақсе­леу Сейдімбек, Шерхан Мұртаза, Иван Глухов, Шах­мет Құсайынов, Сафуан Шаймерденов, Қали­хан Ы­сқақ атындағы қосымша 10 арнайы жүлде беріл­ді. Байқаудың негізгі шарты бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер арасынан ең үздік шығарма авторы «Алтын Тұғыр» сыйлығымен марапатталды. Аталмыш жүлдеге қарымды қаламгер Ерболат Баятұлы драматургия саласы бойынша лайық деп танылды. Проза жанры бойынша жазушы Құрманжан Қасымжанұлы, поэзия аталымы бойынша ақын Қуаныш Оспан бірінші орын алды.