Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев облыстық перинаталды орталықтағы сәби өліміне қатысты өкімет мәжілісінің үзілісі кезінде өз пікірін білдірді.
Журналистер сауалына жауап бере келіп, Нұрлан Ноғаев тергеудің аяқталуын күтуді, ақ-қарасы анықталғанша ой түйіндеуге асығыстық танытпауды өтінді.
- Ресми органдар ресми пікірлерін білдірді. Қазір тергеу шаралары жүргізілуде. Солардың аяқталуын күту керек. Министр өз пікірін айтты, вице-премьер де келді. Тергеу қорытындылары шықпай тұрып, біз баға бере алмаймыз,- деді әкім. – Бұл мәселенің барлық түйіткілдерін мұқият тексеру керек. Біріншіден, тергеу ғана барлық сауалдардың жауабын таба алады. Дүниеге келген сәбилердің 80%-ына жуығы оңалту бөліміне түседі, салмағы өте аз, күні жетпеген. Бұл бағыттағы жұмысымыздың бүге-шүгесіне дейін тоқталмай-ақ қояйын, айтайын дегенім, сәби өлімі проблемасы мен ана мен бала күтімі басты назарда болмақ. Бұл бағытта үлкен жұмыстар атқарылуда. Егер өткен жылғы көрсеткіштерді биылғымен салыстыратын болсақ, төмендеу байқалады. Бірақ әлдебір себептермен тамыз айында қайтадан сәби өлімі өршіп кетті. Тамызда - 26, қыркүйекте - 17 сәби шетінеген. Тиісті шараларды қолға аламыз. Босанатын 75 әйелді қалалық перзентхана мен өзге де ауруханаларға көшірдік. Бұл кеңесті арнайы комиссия тергеу барысында берген болатын. Денсаулық сақтау министрлігінің комиссиясы, өзге де органдардың топтары қызмет атқаруда. Жүйелі жұмыс жүруде. Ана мен бала өмірі - баға жетпес байлығымыз, сәби өлімі біз үшін трагедия!
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының жауапкершілігі туралы журналистердің сауалдарына жауап бере келе, Нұрлан Ноғаев төмендегідей жауап қатты:
- Басқарма басшысы өз өтінішімен қызметінен кету жөнінде арыз жазды, қазір мәселе қаралу үстінде,- деді әкім.
Айта кетейік, 2019 жылы өңірге 123дәрігер келіп, оның ішінде 54 маман перзентхана мен өзге де балалар ұйымдарына жіберілді (13 акушер- гинеколог, анестезиолог-реаниматолог, 3 неонатолог, 19 бала дәрігері, 14 терапевт), оның ішінде 12 маман облыстық перинаталды орталыққа жіберілген болатын.
Облыс әкімі резидентураға 48 грант, оның ішінде, 27 грант перзентханалар мен балалар ұйымдарына бөлді. Бұл гранттардың 56% (9 акушер-гинеколог, 4 неонатолог, 5 анестезиолог-реаниматолог, 5 инфекционшы, 1 балалар неврологі, 1 балалар дәрігері) осы бағыттағы мамандардың еншісінде.
АТЫРАУ