• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Руханият 13 Ақпан, 2020

«Қыз бен теңіз» әлеуметтік драмасы қазақстандық прокатқа шықты

355 рет
көрсетілді

Бүгін «Қыз бен теңіз» фильмі қазақстандық прокатқа шығады. Фильмді Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе және Алматы қалаларының көрермендері көре алады. Бұл туралы «Қазақфильм» АҚ хабарлады.

Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Новый мир» АРДИ студиясының қатысуымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген фильмнің сюжеті БЦП-мен ауыратын Әсел есімді бойжеткеннің қиын тағдыры, оның армандары, махаббат және отбасы туралы баяндалады. Фильм «ARDI» оңалту орталығының қамқорлығындағы (мүгедек балалардың ата-аналарының қауымдастығы) Динара Шарипованың өмірінен алынған нақты оқиғаға негізделген.

- Мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын бәріміз де жақсы білеміз, сондықтан біз «Қыз бен теңіз» фильмі әлеуметтің мүгедектердің мәселелеріне мұқият болуға көмектеседі деп сенеміз. Мен бұл фильмді барлығына көруге кеңес беремін», - деді «Қазақфильм» киностудиясының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Әсенов.

«Қыз бен теңіз» картинасы 2017 жылдың көктемінде өндіріске енгізілді. Фильмнің негізгі түсірілімі Алматы қаласында өтті, жеке көріністер Қапшағай жағалауында түсірілді. Режиссерлері - Әзизжан Зайыров пен Мұхамед Мамырбеков. 

- Қазақстандықтардың біздің фильмді көретініне өте қуаныштымыз. Үлкен прокатқа шығар алдында фильм халықаралық фестивальдарға ұсынылды. Арнайы іс-шаралар аясында фильмді Ресей, Ұлыбритания және Испания тұрғындары көрді. «Қыз бен теңіз» - мүмкіндігі шектеулі жастардың өмірі туралы баяндайтын «Шексіз мүмкіндіктер» дилогиясының екінші бөлімі. Аталған дилогияның екі бөлімін «АРДИ» оңалту орталығына келген кезде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұсынған болатынбыз. Мемлекет басшысы біздің фильмге жоғары бағасын беріп, режиссерлер мен актерлер атына алғыс хаттар жолдады, - деді фильмнің режиссері Әзизжан Зайыров.

Фильмдегі рөлдердің көпшілігін ерекше қажеттіліктері бар кәсіби емес актерлар – «АРДИ» оңалту орталығының студенттері ойнады. Мысалы, басты рөлдердің бірін дилогияның бірінші бөлігіндегі рөлімен танымал Тахир Умаров, сондай-ақ, Эмир Байгазиннің «Жараланған періште» трилогиясының екінші бөлімінде Камо рөлін ойнаған Қанағат Тасқараев сомдады. Ал басты кейіпкердің сіңлісі рөліне кәсіби театр және кино актрисасы Гүлбахрам Байбосынова шақырылды.

- «Қыз бен теңіз» фильмі кең аудиторияға ерекше қажеттіліктері бар адамдарда кездесетін мәселелердің барлығын ашады. Көрермендер біздің кейіпкерлерімізді жақсы түсініп, сүйіп қана қоймай, сонымен бірге өз күштері мен шексіз мүмкіндіктеріне сене алады», - дейді фильмнің сорежиссері Мұхамед Мамырбеков.

Айта кету керек, «Қыз бен Теңіз» фильмінің премьералары былтыр Нұр-Сұлтан мен Алматыда аншлагпен өткен болатын.