11 мамырдан бастап қала тұрғындарына қатаң санитарлық ережелерді сақтай отырып саябақтарға, алаңдарға және скверлерге баруға рұқсат етілді. Демек, аталған орындар аумағында дезинфекция жүргізіледі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Бүгін ботаникалық бақта, «Жерұйық» және «Ақжайық» саябақтарында дезинфекция жүргіземіз. ТЖ режимі аяқталғанына қарамастан, вирусты жұқтыру қаупі әлі де бар. Карантиннің босаңсуына байланысты саябақтарда халық көп. Сондықтан біз барлық қоғамдық орындарда дезинфекцияны күшейтеміз», – деді «Астаналық дезинфекция» ЖШС директорының орынбасары Арман Әлімбеков.
Тұрғындар қашықтықты қатаң сақтауға, бетперде киюге, топтанып жиналмауға тиіс. Елорданы өңдеу бірнеше кезеңде жүргізіледі.
Барлығы 20 миллион шаршы метрден астам аумақ дезинфекцияланды.
Дезинфекция жаяу және арнайы машиналардың көмегімен жүргізіледі. Сондай-ақ әлеуметтік нысандардың, базарлардың, сауда орталықтарының, блокпостардың аумақтары, сонымен қатар аулалар, балалар алаңдары, үйлердің кіреберістері және адамдар көп жиналатын басқа да орындар өңделеді.