• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Мамыр, 2020

Алакөл жағалауы абаттандырылып жатыр 

1364 рет
көрсетілді

Биыл көл жағалауында ұзындығы 3 шақырымды құрайтын веложолақ салынып жатыр.

Жаз туса, жұрт Алакөлге ағылады.

Соңғы жылдары көл жағалауында абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілгендіктен туристер қарасы да көбейген.

Алакөл жағалауында қазіргі уақытта абаттандыру жұмыстары қызу жүргізілуде. Демалушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында модульді санитарлық-гигиеналық дәретханаларды іске қосу, жаңадан модульді санитарлық-гигиеналық дәретханалар мен киінуге арналған қосымша кабиналар орнату жоспарланған. Сонымен қатар көлдің абаттандырылған жағажайында тыйым салу және ескерту белгілерін, ақпараттық стендтер, тақтайшалар, шағын көлемді су кемелері үшін тиісті қоршаулары мен ақпараттық тақтайшалары бар жеке тұрақтар салу жұмыстары іске асырылуда. Көл жағалауын көгалдандыруға жыл сайын ерекше көңіл бөлінеді. Биыл  көл жағалауына брусчатка төселіп, ағаш көшеттері отырғызылыпты.

Ерекше атап өтер дүние, биыл көл жағалауында ұзындығы 3 шақырымды құрайтын веложолақтың салынып жатқандығы. «Бұл жұмыстардың барлығы облыс әкімі Даниал Ахметовтың тапсырмасына сәйкес атқарылып жатыр. Жақында көл жағалауына барып, қолға алынған жұмыстарды көріп қайттым.

Биыл Алакөлді дамытуға қатысты жоспарларымыз көп. 2020 жылы Қабанбай ауылынан Алакөл көлінің жағалауына дейінгі аумақты абаттандыруға тиісті қаржы бөлінді. Жоба аясында көгалдар отырғызу, вело-тротуарлық жолды бояу, айдау сорғыларын, су резервуарын және суару жүйесін орнату жоспарланған. Алакөлге келімді-кетімді жұрт көп болғандықтан жағалауының санитарлық талаптарға сай болуы маңызды. Осы ретте биыл көл жағасында үлкен екі жоба жүзеге асырылмақ. Біріншісі, ауданымыздың туризм саласын дамыту аясында Алакөл жағалауында туристерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында су құбырының құрылысы салынады. Екіншісі,  Мақаншы ауылынан Көктал қосалқы станциясына дейінгі электр желісінің құрылысы жүргізіледі. Аталған екі жобаны іске асыру нәтижесінде Алакөл жағалауында көл маусымында демалушыларды таза сумен қамту және энергия қажеттілігіне деген қордаланған мәселелер шешілетін болады» дейді Үржар ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітов.

Шығыс Қазақстан облысы,

Үржар ауданы