Google компаниясы дүние жүзі бойынша жер сілкінісі туралы алдын ала ескерту жасайтын ең ауқымды жүйе жасап шығарды. Бұл технологиялық жаңалық туралы wired.com хабарлады.
Google жасаған жүйе Android қолданушыларға жер сілкінісі болардан сәл ерте хабарлама жібереді. Ол үшін смартфондарға орнатылған акселерометр пайдаланылады.
Алпауыт компанияның ресми блогында айтылғандай, әлемнің әр түкпірінде күн сайын түрлі дәрежеде жер сілкіністері болып жатады. Табиғи апат төніп келе жатқаны жайлы адамдарға дер уақытында ескерту жасау олардың алдын ала дайындалып үлгеруіне мүмкіндік беретіні анық. Алайда қауіп-қатер туралы халықты құлақтандыру жұмыстары үлкен шығынды қажет етеді, көптеген аймақтарда оған қажетті инфрақұрылым да жасалмаған. Сол себепті компания әлем бойынша жүздеген миллион адам қолданатын Android-ты сеймикалық хабаршы ретінде қолдануды жоспарлап отыр.
– Смартфондардың бәрінде кіп-кішкентай акселерометр бар. Оны жердің ең төменгі тербелісін анықтауға пайдалануға болады. Жер сілкінісі кезінде алдымен адамдарға сезілмейтін өте баяу тербелістер болады. Содан кейін ғана белгілі бір уақыттан соң жоғары жиілікті тербелістер басталады. Акселерометрдің хабаршысы алғашқы тербелісті анықтап, қабылдаған деректерді тиісті серверге жіберіп отырады. Серверде деректер өте аз уақыт ішінде өңделеді. Сол арқылы тербеліс сезілген жерлердің координаттарын да біліп отырамыз, – дейді компания өкілдері.
Орталық серверде смартфондардан түскен деректерді өңдеу жылдамдығы өте жоғары және дәл. Қай аймақта қанша балл жер сілкінісі болуы ықтимал екендігін көрсетеді. Қорытылған деректердің негізінде смартфон иесіне ескерту жібереді.
Google өкілдері айтқандай, сейсмикалық қауіп кезінде бірнеше секундтың өзі адамдардың өмірін сақтап қалу үшін өте маңызды рөл ойнайды. Жұрт сол аралықта бас сауғалайтын жер тауып үлгеруі мүмкін. Сонымен қатар бұл технология зардап шеккен аймақтарды тез арада және дәл анықтауға, яғни құтқару жұмыстарын барынша тез ұйымдастыруға көмектесетінін айта кету керек.
Google жаңа жүйені АҚШ-тың геологиялық қызметімен бірлесіп, Калифорния штатында арнайы сынақтан өткізіп үлгеріпті. Жеті жүзден астам сейсмометр орналасқан, АҚШ-тағы жер сілкінісі ең жиі тіркелетін штаттардың біріндегі сынақ сәтті өткенге ұқсайды. Компания ендігі кезекте жаңа жүйені алдымен басқа штаттарға, одан кейін дүние жүзіне таратуды жоспарлап отыр.
Wired.com-ның хабарлауынша, сейсмикалық ескерту қызметі Google Play арқылы 5.0 және одан жоғары нұсқадағы барлық Android-тарға таралады. Яғни дүние жүзі бойынша қолданыста жүрген 2,5 млрд Android құрылғыларының 94 пайызын қамтиды. Сейсмикалық құлақтандыру функциясын активация жасау немесе өшіріп қою Android-тың баптауларында көрсетіледі.