• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
03 Сәуір, 2014

Табысты өткен телекөпір «Жаңа қазақстандық патриотизм» ұранын асқақтатты

252 рет
көрсетілді

Көкшетауда «Жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыздың табыс кілті» атты республикалық телекөпір өтті. Аталған іс-шараға Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары үн қосты. Қазақстан Республикасының Президенті Нұр­­сұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассам­­б­­­­­­­лея­сының сессиясында: «Қазақстан – біздің қ­а­сиетті мекеніміз. Кейінгі ұрпақ осынау қас­терлі өлкеде өмір сүріп, өркен жаятын болады. Қазақ жеріне тағдырдың жазуымен алуан түрлі ұлт өкілдері қоныс аударды. Біз оларға құшағымызды ашып, қазақи қонақжайлылықпен қарсы алдық. Олар біздің елімізде өсіп-өніп, бауырларымызға айналды. Қазір біз көпұлтты сипаты бар, бір­тұтас елміз», деп атап өткен болатын. Елбасы тұжырымының тиянақтылығы бүгін­гі шараның өн бойынан да айқын көрініс тапқанын айтуымыз керек. Телекөпірге үш облыстың этномәдени бірлестіктері, Қазақстан халқы Ассамблея­сының мүшелері, қоғам қайраткерлері, мем­лекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, жастар мен бүлдіршіндер де қатысты. Ақмола облысы атынан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева, Ақмола облысындағы «Вайнах» чешен-ингуш қоғамдық бірлестігінің төрағасы Герихан Яндиев сөз сөйледі. Облыстық телеарнаның тілшісі Наталья Дементьева қазақ тілінде дайындаған «Басқа ұлт өкілдері мемлекеттік тілді білеміз» атты сюжетін көп­шілік назарына ұсынды. Сондай-ақ, Бура­байдағы Ш.Уәлиханов атындағы кадеттер корпусының курсанттары, әскер қатарына шақырылушылармен, білікті әскери мамандармен сұхбат жүргізілді. Қостанай облысы әкімінің орынбасары Серік Бектұрғанов бұл игі шараның Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауындағы міндеттер аясынан туындайтынының маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, еліне игі істерімен тірек болған жерлестерінің үлгі-өнегесін паш еткен солтүстікқазақстандықтар да телекөпір байланысына белсене қатысты. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы.