• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
04 Сәуір, 2014

Қазақстан – үлкен мүмкіндіктер елі

813 рет
көрсетілді

Біз Мәжіліс депутаты, Сидней Олимпиадасының чемпионы Ольга Шишигинаны қысқа ғана әңгімеге тартқан едік. – Өз өміріңіздегі ең бақытты күніңізді еске түсіріп көріңізші? – Өмірімдегі ең бақытты күнім, әрине, 2000 жылы ХVІІ Сидней Олимпиадасында алтын медаль алған күнім ғой. Бұл медальді қазақстандықтар асыға күткен. Алайда, оған қол жеткізу оңай емес-ті. Алда бір алынбайтын асу тұрғандай еді. Олимпия ойын­дарының уақыты орта кезеңінен асса да, қазақстандықтар қор­жы­нына ешқандай медаль түспей қой­ған еді. Сол биікті алғашқы болып мен бағындырдым. Сол күні жалғыз өзімді, отбасым мен жақындарымды, тіпті, коман­далас достарым мен Сидней Олим­пиа­дасын көруге, жанкүйер болуға келген жерлестерімді ғана емес, барша қазақстандықтарды үлкен қуанышқа бөлегенімді анық се­зіндім. Осыдан асқан бақыт та жоқ деп ойлаймын. Менің жетістігімнің арқасында Қазақстанның көк туы Сидней ас­панында қалықтап тұрды. Ән­ұра­нымыз әлемге асқақтай шыр­қалды. Бүкіл әлемнің көзі маған қадалды, соның ішінде 16 млн.-нан артық қазақстандықтың өзі­ме ризашылықпен қарап, қуаны­шыма ортақ болып, бірге шаттанып тұрғанын сезіндім. Сезіндім де өзімнің осынша халқы бар, ұлан-ғайыр жері бар алып Ота­нымның ендігі уақытта өзімді әр­қашан да аялап, қорғаушым да, қолдаушым да болатынын түй­сіндім. Мені сол қуаныш тіпті ас­қақтата түсті. – Сізге өз Отаныңыз – Қа­зақ­стан несімен ұнайды? – Маған алдымен біздегі татулық, сыйластық ұнайды. Сонымен бірге, біздің халқымыз мейірімді, бір-бірімен үнемі жақсы қарым-қатынас жасайды. Біздің елімізде жүздеген этнос өкілдері тұрып жатыр, алайда, олардың бәрі өздерінің біртұтас Қазақстан азаматтары екенін жақсы сезінеді. Қазақстан заңдары оларды ұлтына, дініне қарамай қорғайды. Барлық этностар өкілдеріне бізде қандай іспен айналысамын десе де бірдей, тең құқылы жағдайдағы мүм­кіншіліктер ашылған. Сон­дықтан мен Қазақстанды үлкен мүм­кіншіліктер елі дер едім. Біздің отандастарымыздың әр­түрлі ұлттық тағамдары да маған ұнайды. Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінде мен әрқашан оларды көріп, әрқайсының дәмін татуға тырысамын. Қаншама ұлт пен ұлыс болса, олардың әрқайсысы соншама бір-біріне ұқсамайтын дәмді тағамдар дайындай алатынына таңғаламын. – Қазақ халқының бойындағы қандай қасиеттерді ерекше бөліп айтар едіңіз? – Маған қазақ халқының Шығыс халықтарына тән қонақжайлылығы ұнайды. Кез келген қазақтың үйіне барсаң, дастарқаннан дәм татырмай жібермейді. Тіпті, асығыс болып, дәм тата алмасаң реніштерін де білдіріп жатады. Сондықтан, өз басым қазақ достарымның үйіне барғанда міндетті түрде дәм тататынымды біліп, асықпай баруға тырысамын. Мұндай дархан мінез Еуропа халықтарында жоқ. Оларда бәрі де есептеулі, өлшеулі және күткен адамдарының санына сәйкес санаулы ғана болады. Қазақтар мұндайды ойға да алмайды, олардікі әрқашан да бәріне де, барлық уақытта да жетіп жатады. Осының өзі жомарттықтың белгісі ғой. – Қазақ достарыңыз көп пе? – Әрине, көп. Сіздердің әріп­тестеріңіз Оңдасын Елубай аға­мызбен де жақсы қарым-қаты­настамыз. Ол мен туралы көптеген материалдар жазды, кітаптарына енгізді. Ол кісімен осы жолы Сочидегі Қысқы Олимпия ойындарында да кездестік. Әркездегідей ол үздік спортшыларды суретке түсіріп, сұхбаттар алып жүрді. – Ольга Васильевна, сізді қа­зақ­стандықтардың жақсы біле­тінінде сөз жоқ, дегенмен, жеке өміріңіз, өзіңіз жайлы да айта кет­сеңіз. – Мен қазір Мәжіліс депутаты болғандықтан осы Астана қала­сында тұрамын. Жалпы, 1968 жылы Алматы қаласында өмірге келгенмін және соңғы уақыттарға дейін сол шаһарда тұрып келдім. Отбасым, бір ұлым бар. Мен Олимпиада чемпионы болғанда 32 жаста болатынмын. Сондықтан үлкен спортпен ұзамай қош айтыс­тым. Әрине, бірден тастағаным жоқ. 2001 жылы Канаданың Эд­монтон қаласында өткен әлем чемпионатына қатысып, үшінші орын алдым. Осы жарыста аздап жарақаттанып қалдым. Бұл үлкен спортты тастауыма негізгі себеп болды. Алайда, одан біржолата қол үзіп кеткен жоқпын. Үнемі спорттық ауыр жүктемеге үйреніп қалған ағзам қозғалысты талап етіп тұ­рады. Сондықтан аптасына екі рет жүгіруді әдетке айналдырдым. Бұл өзімді әрқашан спорттық формада ұстап, сергек болуыма мүмкіндік береді. Бірнеше жоғары оқу орнын бітірдім, соның ішінде Қазақ дене тәрбиесі институты, Туризм және спорт академиясы және Қазақстан тележурналистика мектебі бар. Соңғы мамандығым «Хабар» арнасында тележүргізуші болып істегенде қажет болды. Тағы не айтсам екен? Менің Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері атағым бар. Ұзақ жылдар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінде спорт нұсқаушысы болып тіркелдім. Әскери атағым – подполковник. Одан Туризм және спорт академиясында жеңіл атлетика кафедрасын басқардым. – Жоғарыда айтқандардан басқа спортта қол жеткізген жеке жетістіктеріңіз қандай? – 100 метрге кедергілермен жүгіруден Азия рекордын жаңар­тып, 1994 жылы Хиросимада өткен Азия ойындарында чемпион атандым. 1995 жылғы әлем чемпионатында күміс, 1998 жылы Азия біріншілігінде алтын және 1999 жылы Жапонияда өткен әлем чемпионатында алтын медаль алдым. Жалпы, Жапонияда болған жарыстарда үнемі бағым жанып отырды. Ал 2000 жылы Олимпиада чемпионы болғанымды білесіздер. Елбасы Н.Назарбаев менің еңбегімді жоғары бағалап І дәрежелі «Барыс», «Құрмет», ІІ дәрежелі «Достық» ордендерімен наградтады. Сондай-ақ, маған 2000 жылы Мемлекеттік «Дарын» жас­тар сыйлығы берілді. – Әңгімеңізге рахмет, биік та­быстарға жете беріңіз. Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».