• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Сәуір, 2014

«Балауса» бәйгесі балалар әдебиетін байыта ала ма?

349 рет
көрсетілді

Жеті қат жердің астындағы мыс пен жезді өндіріп жатқан  «Қазақмыс» компаниясы соңғы жылдары соны бастама көтеріп, балалар әдебиетіне жазатын қаламгерлерді құлшындыру үшін «Балауса» байқауын ұйымдастырып отырғаны аян. Сәрсенбі күні Алматыда «Қазақмыс» тобы мен Қазақстан Жазушылар одағы «Балауса» бәйгесінің қорытындысын шығарды.

Аталмыш бәйге бірінші рет бұрнағы жылы, яғни Халықаралық балалар кітабы күні жарияланған еді. Мақсат белгілі – балалар əдебиетіне қолдау көрсету арқылы бүгін­гі заман талабына сай шығармалардың жазылуына ықпал ету, сол арқылы балаларды қаршадай кезінен өз ұғымдарына лайық əдеби туындылармен молынан сусындатып, туған елге, ата-анаға, дос пен бауырға деген сүйіспеншіліктерін қалып­тастырып, ұлтжанды, өнегелі, білімқұмар болып өсуіне негіз қалау ғой. Ендігі жерде, осынау ізгі шара ілкімді шығармалардың жазылуына септесе бастағаны қуантады. Сонымен, биылғы жылдың бас бәйгесіне Тілеуғазы Бейсем­бектің «Дирижер» атты өлеңдер топтамасы лайық деп танылды. Бірінші орын Тұрдақынбай Жексенбайдың «Біз де бала болғанбыз» атты әңгімесіне берілсе, екінші орынды байырғы қаламгер Бекболат Әдетовтің «Мәмілегер» атты әңгімесі мен  Бауыржан Жақыптың өлеңдер топтамасы бөлісті. Үшінші орынды ақындар Сүлеймен Баязитов пен Алмат Исаділов және Заря Жұманованың «Ғаламат түн» атты әңгімесі жеңіп алды. Биылғы бәйгеге танымал  жазушылармен қатар, әуесқой авторлар да қатысты. «Қазақмыс» тобы мен Қазақстан Жазушылар одағының өкілдерінен құралған қазылар алқасы 195 автордан келіп түскен 220-дан астам шығарманы қарап шықты. – Биылғы жылғы бай­қауға туынды көп түсті. Шығар­малардың санымен қатар сапасы да артып келеді. Біз осыған қуанып отырмыз. Байқауға танымал жазушылармен қатар, студенттер де, мектеп оқушылары да қатысты. Бұл –«Балауса» байқауының танымалдығы артып келе жатқандығының айқын белгісі. Қазылар алқасы жауапты да зор жұмыс атқарды, ең үздік деген шығармаларды таңдап алуға тырысты. Мен қазылар алқасының атынан бәйгеге қатысқан барлық қаламгерлерге алғыс білдіріп, бәйге жеңімпаздарын құттықтағым келеді, – дейді қазылар алқасының төрағасы, танымал балалар жазушысы Ескен Елубай. – «Қазақмыстың» әлеуметтік және қайырымдылық жобаларды қолдауға бағытталған белсенді бағдарламалары бар. Дегенмен, соның ішінде мемлекетіміздің мәдени мұрасы мен қазақ тілін қол­дап, ілгерілетуге де атсалысу міндетіміз. «Балауса» – сол жобалардың бірі және біз бұл бәйге көпшіліктің бала­лар әдебиетіне деген қы­зығушылығын арттырып, осы тақырыпқа қалам тербейтін талантты жандардың қаламына құлшыныс ұялатып, келешек ұрпақты тәрбиелеуге және қазақ тілін одан әрі өркендетуге қомақты үлес қосады деп сенеміз, – дейді «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС бас директоры Бақтияр Қырықпышев. Сонымен, бәйге жеңім­паздарын ресми түрде марапаттау салтанаты 2014 жылдың 2 сәуірінде Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында өтті. Үздік деп танылған туынды­лардың авторлары ақшалай сыйлықтармен марапатталды, ал олардың еңбектері республикалық басылымдарда жарық көреді. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.