Астанада Республика күніне орай мүмкіндігі шектеулі жандар арасында «Showdown» үстел теннисінен І қалалық чемпионат өтті. Қалалық турнирде арнайы жаттығудан өткен 20-ға жуық қатысушы ойын көрсетті, деп хабарлайды Egemen.kz елордалық әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Спорттық іс-шараның ашылу салтанатына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мақпал Тәжмағанбетова, Әзірет Сұлтан мешітінің бас имамы Ерболат Нұрылдаұлы, Дене мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының орынбасары Өмірзақов Әділхан, «Көзімнің қарасы» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жүзбай Серікұлы қатысты.
Астана қаласында бірінші рет өткізіліп жатқан жарыс, алдағы уақытта еліміздің басқа да өңірлерінде өткізіледі.
«Бұрыннан ізденісте жүріп, шет мемлекеттерден осыны қарап, зерттеп Қазақстанға қалай әкелсем екен деген ой болды. Бұл чемпионат осы Астана қаласында өткізілгеннен кейін, алдағы уақытта 13-ші Дүниежүзілік зағип жандар күніне орай республикалық турнир өткіземіз», деді «Көзімнің қарасы» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жүзбай Серікұлы.
Шараның мақсаты - әлемдік деңгейдегі жарыстарға қатысу үшін отандық құрама команда жасақтау.
Ал, мамандардың айтуынша, Канада, Германия, Болгария сияқты шет мемлекеттерде жақсы дамыған бұл спорт түрі көз жанарынан айырылған зағип жандардың денсаулығына пайдалы. Яғни, есту қабілетімен, қол мен аяқ қозғалысы қызметінің жұмысын арттырады.
Республика күніне орай ұйымдастырылған чемпионаттың жеңімпаздары арнайы дипломдармен, медальдармен, сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар барша қатысушыларға демеушілер тарапынан ақшалай қаражат табысталды.