• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
09 Қаңтар, 2015

Қазақ хандығы

3441 рет
көрсетілді

*Қазақ хандығы – 550

Есім ханның ескі жолы

Бұл кезеңде ойраттардың бір бөлігі Тәуекел ханға бағынды. Тәуекел хан Мәскеуге жолдаған грамотасында өзін қазақ пен қалмақтың патшасы деп атаған. 1598 жылы Тәуекел хан Таш­кент қаласының түбінде Абдолла хан­ның әскерін талқандады. Көп ұза­май Абдолла хан қайтыс болып, ор­нына баласы Абдылһұмин хан бол­ды. Иран шахы Аббас оған қарсы аттан­бақ болды. Бірақ одан бұрын 100 мыңнан астам қазақ әс­кер­імен Тәуекел хан Мауреннахрға басып кірді. Қазақ қосындары қар­сыластарын күйрете қуып, Ахсы, Ән­діжан, Ташкент, Самарқан қала­ларын басып алды. Тәуекел ханның осы жеңісті жорықтары бүкіл Орта Азия тарихындағы ірі оқиға болды. Орта Азияның алынбас қамалға айналған қала-бекіністері бірінен кейін бірі Тәуекел ханның жеңімпаз әскері алдында тізе бүкті. Тәуекел хан жиырма мың әскер­мен туған інісі Есім сұлтанды Самар­қанда қалдырып, өзі 70 мың қолмен ұлы жорықты толық жеңіспен тәмамдау үшін Бұхараға аттанды. Қарсы шыққан әскерді қирата жеңіп, қазақ қосындары Бұхара қаласын қоршауға алды. Қазақ әскерлері Бұхараны 20 күн қоршауға алып, жойқын соғыс жүргізді. Қаланың құлауына санаулы күндер қалған еді. Өкінішке орай, осы кезде қала бекінісі түбіндегі шайқаста Тәуекел хан тура тиген жау жебесінен ауыр жараланады. Қазақ әскері қаланы қоршаудан босатып, бір түнде Таш­кентке қарай шегінеді. Тәуекел ханның жараланғанын естіген Есім сұлтан шұғыл аттанып, 20 мың қолы­мен негізгі әскерге келіп қосы­лады және бүкіл қазақ әскерінің қолбасшылығын қолға алады. Ауыр жарақаттан оңала алмаған Тәуекел хан Ташкент қаласында қайтыс болды. Тәуекел ханның орнын басқан Есім хан 1598 жылы Бұхара мен Самарқанның билеушісі Мұхаммедпен бітім шартын жасасты. Бұл бітім Қазақ хандығының ұлы жеңісін паш етті. Бітім бойынша, Сырдарияның ұзына бойындағы Түркістан, Отырар, Сауран бастаған отызға жуық қала, Ташкент қаласы бүкіл уәлаятымен Қазақ хандығының құрамына қосылды. Сонымен бірге, қазақтар Әндижан  қаласымен қоса Ферғана жазирасының солтүстік бөлігіне иелік ететін болды. Туған ағасы Тәуекел қайтыс бол­ған соң Қазақ мемлекетінің билігін тарихта «Еңсегей бойлы ер Есім» деген атпен әйгілі болған Есім хан (1598-1628) қолына алды. Дарынды әскербасы ғана емес, білікті саясатшы, парасатты мемлекет қайраткері ретінде Есім хан Қазақ хандығының сыртқы шекарасын нығайтумен қатар, елдің ішкі жағдайын да жақсартты. Есім ханның кезінде ел мамыражай әрі сенімді тіршілік кешті. «Есім хан­ның ескі жолы» атты атақты заң же­лісі мемлекеттің тұғырлы әрі берік ішкі және сыртқы саясатын қалып­тастырды. Жұмыр жер бақталастық пен тақ таласының алаңына айналып, әрбір билеуші өз үстемдігін жүргізуге ұм­тыл­ған жаугершілік заманда Еуразия­ның кіндігіндегі алып далада Қазақ хандығы сияқты іргелі мемлекет қалып­тасып, оның қанатын кең жая бастағаны бүйірлеріне шаншудай қадалып, көз алартушылар көбейе түсті. Әсіресе, көшпенділерден көп запа шеккен Ресей мен Қытай ірге­лерінде Қазақ хандығы сияқ­ты ірі де іргелі мемлекеттің күшей­ге­нін қаламады. Қайткенде де бұл мемлекеттің іргесін сөгуді ойлады. «Іздегенге сұраған» дегендей бұл кезде, XVI-XVII ғасырлар тоғы­сы­н­да Моңғолияның батыс аймағын­да Жоңғар хандығының іргесі қалан­ды. Ғасырлар бойы тау суындай тас­қындап, Шығыста Қытайды, батыста Ресейді және бүкіл Еуропаны ық­тырып келген көшпелілер мекенін­де пайда болған Қазақ хандығы мен Жоңғар хандығы көршілерін бей­та­рап қалдырмады. Олар осынау екі мемлекетті бір-біріне айдап салып, ғасырлар бойы бүйірлеріне қадалған «шаншудан» құтылуды ойластырды. Осы орайда, әсіресе, Ресей белсен­ді­лік танытып, жоңғарлармен шұғыл ел­шілік байланыс орнатып, олар­ды астыртын отты қарулармен жа­сақ­тап, Қазақ хандығына қарсы арандату шараларын жасады. Ресей патшалығының Жоңғар елінің Торғауыт, Дүрбіт, Қошауыт сияқты үлкен тайпаларына Еділ бойынан қоныс бөлуі қазақ пен қалмақ ара­сын­дағы жүз жылдық соғыстың тұтануы­на себеп болды. Осынау жүз жыл­дық соғыс салдарынан салт атты көш­пелілердің үш мың жылдық өрке­ниеті толық күйреп, қазақтардың Ресей патшалығына бодан болғаны,  ал жоңғарлардың ата жұртынан мүлде жойылып кеткені тарихтан аян. Міне, осы қатерлі қасіреттің алғашқы дауылымен Есім хан беттесті. 1620 жылы жоңғар қонтайшысы Қара Құла Қазақ хандығының иелі­гіне тұтқиылдан шабуыл бастады. Бейбіт елді қатты қырғынға ұшы­ра­тып, асқан қатыгездік танытты. Еліне жау тигенін естіп, Есім хан шұ­ғыл жорыққа аттанады. Қазақ әс­кері жоңғарларды тас-талқан етіп, Сібір­дегі орыс қалаларының іргесіне де­йін айдап салды. Сол замандағы орыс жазба деректерінде: «Қазақ Ор­дасының Есім ханы қалмақтарды қат­ты қырғынға ұшыратты. Қалмақ тай­шылары өте қиын халге түсті», деп атап көрсетілген. 1627 жылғы ұлы жорықта Есім хан жоңғарларға тағы ойсырата соққы беріп, алғашқы Ой­рат одағын ыдыратып жіберді. Еңсегей бойлы ер Есім ханның бұл ұлы жеңістері Қазақ хандығына енді ешкімнің тісі батпайтындай сыртқы жағдайды қалыптастырып еді. Өкінішке орай, дәл осы кезеңде өзін хан деп жариялаған Тұрсын сұл­­танның дербес саясатының сал­дары­нан Қазақ хандығында үлкен күйзеліске ұрындырған азамат соғы­сы басталды. Ташкент қаласы қазақ­тарға қараған соң, көп ұзамай оны Жәні­бек ханның немересі Жалым сұл­тан ұлы Тұрсын сұлтан билеген еді. Бертін келе ол тәуелсіз хан болуды көксейді. Сол заманның тарихшысы Мах­мұд бен Уәлидің жазуынша, Есім хан 1627 жылы жоңғарларға қарсы жорыққа аттанғанда, Тұрсын сұлтан бар әскерімен Түркістан қаласын шабады. Бейбіт жұртты қырып-жойып, ат тұяғы жеткен жердің бәрін ойрандайды. Есім ханның әйелдері мен бала-шағасын тұтқындайды. Енді Есім ханның өзін құртпақ болып, ауыр соғыстан оралып келе жатқан қазақ әскеріне тұтқиылдан шабуыл жасайды. Бірақ Есім ханға хабар бұ­рын жетеді. Екі әскер Сайрам қа­ма­лының түбінде беттеседі. Есім хан ант бұзған Тұрсын сұлтанның жақ­тас­тарын қирата жеңіп, Ташкент бекі­нісіне дейін тықсырады. Бар әс­керінен айырылған Тұрсын сұл­танды нөкерлері тұтқындап, жауының қолы­на тапсырады. Есім хан опасыз Тұр­сынның басын алып, оның қолты­ғына су бүркіп, қандастарына қарсы со­ғысқа айдап салған Бұхар ханы Имам­құлға сәлемдемеге жібереді. Тұр­сын «ханның» опасыз өлімі тура­лы Марқасқа жырау былай дейді: «Ей, Қатаған хан Тұрсын! Кім арамды ант ұрсын. Жазықсыз елді жылатып, Жер тәңірісіп жатырсың. Хан емессің қасқырсың, Қара албасты басқырсың! Алтын тақта жатсаң да Қазаң жетті қапылсың! Еңсегей бойлы ер Есім, Есігіңе келіп тұр, Шашқалы тұр қаныңды, Кешікпей содан қатарсың!» Тарихшы Махмұд ибн Уәли «Бахыр әл-асырар» атты еңбегінде Есім хан 1628 жылы қайтыс болды де­ген дерек келтірсе, «Қазақ совет энци­клопедиясының» мәліметіне қарағанда Есім хан 1645 жылы қай­тыс болған көрінеді. Ал кейбір тарих­шылар 1628 жылдан бастап 1643 жыл­ға дейін Есім ханның ұлы Жәні­бек хандық құрды деген пікірді алға тар­­тады. Қайткен күнде де Қазақ хан­ды­­ғының шежіресіндегі осы бір жыл­дар­­дың тарихы көмескі. Нақты дерек­тер де, зерттеулер де  жоқтың қасы. Сөйтіп, Есім хан дүние салған соң Қазақ хандығының тағына оның ұлы Жәңгір хан (1643-1652) ие болады. Елі үшін еңіреп ту­ған Жәңгір таққа отырмастан бұ­рын­нан халық арасында зор құр­метке бөленіп, елінің, жерінің азат­тығы жолында жанқиярлықпен күрес­кен тарихи тұлға еді. Жәңгір сұл­тан­ның қайраткерлік істерінен оның хан болып жарияланғанға дейінгі жылдардың өзінде мемлекет сая­сатын, әскер билігін ұтымды басқар­ғанына тәнті боламыз. Хан Жәңгірдің ғажайып ерліктері қалың қазақ жұрты былай тұрсын көрші елдерге кеңінен мәлім болды. Халық оны Салқам Жәңгір деп құрметтеді. Жәңгір хан билік құрып тұрған кезеңде Қазақ мемлекеті мен Жоңғар хан­дығы арасында үш ірі соғыс болғаны тарихтан мәлім. Оның бірін­шісі 1635 жылы, екіншісі 1643-1644 жыл­дары, үшіншісі 1652 жылы бол­ған еді. 1635 жылғы шайқастың толық қалай аяқталғаны туралы нақты мәлі­мет жоқ. Бірақ осы шайқаста Жәң­гір сұлтан қолға түсіп, көп ұзамай тұт­қыннан қашып шығады. 1643 жылдың соңғы айларында, қақаған қыста бүкіл Жоңғар жұртын бір тудың астына топтастырып, Жоңғар хандығының еңсесін көтерген Батұр қонтайшы Қазақ хандығының иелігіне басып кіреді. Орыс деректері бойынша, Жоңғар басқыншылары ең алдымен, Алатаудағы қырғыздарды шауып, бейбіт жұртты қырып-жойып, Тоқмаққа дейін жетеді. Ол заманда қырғыз халқы Қазақ хандығының құрамындағы бір ұлыс болатын. Ел шетіне жау тигенін естіп, Жәңгір шұғыл аттанып, шағын нөкерлерімен қырғыз арасына жетеді. Жау бетінің қатты екенін түсінген Жәңгір қалың әскерінің келуін күтпестен, аз ғана жанкешті жасағымен жоңғарлардың 50 мыңдық әскеріне қарсы тұруға шешім қабылдайды. Соғыс тари­хын­да 600 жасақ­пен басқыншы жау­дың мұздай қару­ланған 50 мың әскеріне қарсы ерлік күрес ашқан оқиға бұрын-соңды  болып көрген емес еді. Әскербасы шеберлігінде шен­десі жоқ  Салқам Жәңгірдің көзсіз ерлігі сол заманның бүкіл соғыс ше­жіресіне бетбұрыс жасады. Соғыс тарихында ұлы ерліктің баламасыз бұл оқиғасы туралы тарихи жазба деректерде былай делінген: «Жәңгір өз жасағының бір бөлігіне жоңғарлар биік таудан асып өткенше, екі тау арасындағы тар шатқалдан ор қазып, бекініс жасауға бұйырады. Ал өзі қалған жасақтың шағын тобымен таудың екінші жағына жасырынады. Батұр қонтайшы ор қазып, бекініп алған қазақтарға бар күшімен шабуыл жасады. Оңтайлы сәтті күтіп тұр­ған Жәңгір жаудың ту сыртынан қырғидай тиді. Сөйтіп, жоңғарларды қатты жеңіліске ұшыратқаны сонша, олар жақтан 10 мыңнан астам адам өлді. Ұрыс бітуге жақындағанда 20 мың әскермен Жалаңтөс батыр Жәңгірге көмекке келіп үлгерді. Батұр қонтайшы қатты жеңіліске ұшырап, шегінуге мәжбүр болды» («Қазақ совет энциклопедиясы», 6 том, 380-бет.) 1643-1644 жылдардағы үлкен майданда біріккен жоңғар әскерін күйрете талқандау және оларды ел шетінен асыра қуып тастау – Қазақ хандығының тарихындағы аса елеулі және даңқты оқиғалардың бірі. Майданның алғашқы күнінен-ақ басқыншыларға қарсы ауыр күрес жүргізген Тиес би бастаған қырғыз халқының ерлігінде де шек жоқ. Осы соғыста одақтастық шартын берік сақтап, өзбек әскерін бастап көмекке келген алшын Жалаңтөс баһа­дүрдің еңбегі де ерен. Тарихи деректер нақты айғақтағандай, жоңғар басқыншылығына қарсы азаттық күресте туысқан үш халық­тың мерейі үстем шығып, қазақ-қырғыз-өзбек әскери одағы тамаша жеңіске жетті. Ұрпақтары ұлағат алар бабалар ерлігі осылай түйінделеді. Қисапсыз қырғынға ұшырап, масқара жеңіліс тапқан Батұр қонтай­шы Жоңғарияға оралысымен жаңа соғысқа әзірлене бастады. Жоңғардың шегірткедей қаптаған әскеріне он­даған есе аз жасағымен қарсы тұ­рып, оңдырмай сағын сындырған Сал­қам Жәңгір ханнан қайткен күнде де кек қайтаруды көкседі. Қазақ хандығы мен Жоңғар хандығының арасындағы келесі жойқын соғыс 1652 жылы болады. Ыза мен намыс буып, кек қайтару соғысына мұқият дайындалған Батұр қонтайшы 1652 жылы қазақ еліне тағы басқыншылық соғыс ашады. Бұл соғыс туралы тарихи деректер мардымсыз. Кейінгі тарихшылардың «бұл соғыста қазақ жасақтары жеңілді» деген біржақты пікірлері де ақиқаттан алыс жат­қан сияқты. Өйткені, алдағы жылдар­дағы тұтқиылдан шапқан соғыстардағы­дай қазақ әскері қапысыз емес еді. Батұр қонтайшының кек қайтару жоры­ғы­на дайындығынан да Жәңгір хабардар болатын. Ендеше, сыралғы жаудың бұл шапқыншылығынан қазақ әскерлерінің жеңіліс табуы ешбір мүмкін емес. Тарихшылардың қазақ жасағы жеңілді деген тұжы­ры­мының туындауына майдан даласында Жәңгір ханның қапыда қаза табуы негіз болған сияқты. Сол заманның соғыс стратегия­сын­да дос та, дұшпан да мойындаған қолбасшылық біліктілікті асқан дарындылықпен жүзеге асырған, шайқас тәсілдеріне теңдессіз өзгеріс­тер енгізген, қазақ әскерін үнемі жеңіске бастаған Жәңгір ханның қан майдандағы қазасы қазақтар тарапынан соғыс қимылдарын күрт тоқтатуға мәжбүр етті. Қазақ әскері кейбір тарихшылар болжағандай, бұл соғыста жеңілген жоқ, керісінше жеңісті шабуылдарын өз еріктерімен тоқтатты. Өйткені, қалың әскер қатты құрмет тұтатын ержүрек баһадүрді құрметпен соңғы сапарға шығарып салу – сансыз жорық жолдарында бірге болған әрбір жауынгердің па­рызы еді. Қаһарман ханның асыл сү­йегінің Қазақ мемлекетінің аста­на­сы – қасиетті Түркістанға әкелініп, Әзі­­рет Сұлтанның саясына ақ арулап жерленуі осы ойымыздың айшықты дәлелі болса керек.

«Алтын ғасырлар» соңы

Жәңгір ханның ұрыс даласында мерт болған қасиетті қазасынан кейін Қазақ хандығының шекара нығайтқан жеңімпаз жорықтары шектеліп, стратегиялық әскери әлеуе­ті бәсеңси бастаған сияқты. Екі жүз жыл­дан астам даңқты тарихы бар ор­­та­­ғасырлық ірі де іргелі мемлекет – Қазақ хандығының шежіресінде 1652 жылдан 1680 жылдың аралығындағы кезең ең бұлдыр уақыт болып саналады. Бұл жылдары Қазақ хандығының тағында Бөлекей сұлтан ұлы Батыр хан отырды деген дерек бар. Осы бір отыз жыл шамасында Қазақ мемлекеті ірі соғыс оқиғаларына араласпай бейбіт кезеңді бастан кешірген сияқты. Өкінішке орай, осы кезеңде біртұтас мемлекетті нығайтып, оның қорғаныс қуатын арттыру мақсатында да шыбық басы сындырылмағанға ұқсайды. Қайта сұлтандар арасындағы бақталастық бәсеке белең алып, іргелі мемлекет­тің іргесін шайқалтудағы алғашқы сызаттар түсе бастаған. Сұлтандар арасындағы бақталастық ашық тақ таласына ұласпаса да жүзге бөлінудің алғашқы шоғын бық­сытып, жалпы қазақ халқының бірлігіне орасан нұқсан келтірді. Бір мақсатқа, бір орталыққа жұмылған біртұтас хандықты әлсірете бастады. Бірақ Қасым, Есім, Жәңгір сияқты өз замандарының озық ойлы қайраткерлері іргесін нығайтқан ірі мемлекет уақыт сынына төтеп берді. Тек тарих сахнасындағы өзінің орнын ойып алып, бірлігін сақтап, беделін паш етті. Қазақ хандығының іргелі ел екенін танытып, беделін күшейткен Салқам Жәңгір ханның ұлы – Тәуке хан (1680-1715) тарихтағы халық берген есімі – Әз Тәуке, яғни дана Тәуке болатын. Әз Тәуке қазақ тарихында бір­тұтас мемлекетті күшейтуге бағыт­­тал­ған бірқатар реформалар жүргізген реформатор мемлекет басшысы ретін­де қалды. Тәуке мемлекеттік би­лікті бейбіт күнде қолға алды. Оның мемлекеттік қайраткер ретінде қалып­тасуы да отыз жылдық бейбіт кезеңмен тұспа-тұс келеді. Тәукенің қол бастаған жауынгер хан емес, ақылман хан ретінде билік құруының түп төркіні де осында жатса керек. Тәуке ханның ел үшін сіңірген тарихи еңбегі негізінен екі қырынан айқындалады. Біріншісі, елдің іргесін аман сақтауда сыртқы саясатты шебер ұйымдастырып, сырттан көз аларт­қан көп жауға дес бермей, мемле­кет­ті сақтауы, екіншіден, елдің ішкі жағ­дайын реттеуде саяси-құқықтық реформалар жүргізуі болып табылады. Әсіресе, терістіктегі қатерлі де қуатты көршісі Ресей патшалығымен елшілік алмасып, сауда істерін жүргізуге ден қойды. Әз Тәуке Бұхара хандығымен бейбітшілік қарым-қатынаста болуға, Орта Азиядағы барлық қалалармен сауда-саттық жасауға тырысты. Қазақ хандығының шын қатерлі жауына айналып, дүркін-дүркін шабуылдап жүрген Жоңғар хандығымен де тату көршілік орнатуды ойлады. Қазақ ханының елшісі ретінде барған Қаз дауысты Қазыбек бидің жоңғар қонтайшысына айтқан атақты толғауынан да мемлекет мақсаты айқын аңғарылады: «Қазақ-қалмақ баласы, Табысқалы келгенмін. Табысуға көнбесең, Тұрысатын жеріңді айт, Сен қабан да мен арыстан Алысқалы келгенмін». Мемлекеттің ішкі құрылымын реформалау барысында Әз Тәуке алты алаштың тізгінін алты биге ұстатты. Яғни, Ұлы жүзде үйсін Төле би, Орта жүзде Қаз дауысты Қазыбек би, Кіші жүзде алшын Әйтеке би, Қырғызда Қараш би, Қарақалпақта Сасық би, Құрамада Мұхамед би тізгін ұстады. Әз Тәукенің қазақ мемлекеттілі­гінің тарихындағы ең үлкен еңбегі – «Жеті жарғы» аталатын заң жүйесін жасауы. Шын мәнінде Тәуке ханның «Жеті жарғысы» қазақ халқының этникалық болмысын, әлеуметтік-шаруашылық және мәдени ерекше­лік­терін ескере отырып, халықтық географиялық қоныстануы негізін­де жасалған мемлекеттік, саяси-құқықтық заң болатын. «Жеті жарғы» арқылы далалық демократия мемле­кеттің саяси-құқықтық, әлеу­меттік-эко­номикалық өмірінде нақты көрі­ніс тапты. Тәуке ханның тарихи еңбегі, бұған дейінгі сан ға­сыр­лық өмір тәжірибесін, көш­пелілердің демократиялық үрдіс­терін жан-жақты қорыта келіп, елдің береке-бірлігіне қызмет ететін жаңа мемлекеттік-құқықтық жүйені жасай білуінде. Сондықтан да халқы оны «Әз Тәуке» деп құрмет тұтты. 1715 жылы Әз Тәуке хан дүние салып, Қазақ хандығының билігіне Хысырау сұлтан ұлы Қайып сұл­тан келді. Қартайып қалған Қайып хан халық арасында бедел ала ал­ма­ды. Әз Тәуке іргесін нығайтқан ірі мемлекетті жүйелі басқарудың жө­нін білмеді. Билігі босаң Қайып хан­ды Әбілқайыр сияқты көкжал сұл­тандар толық мойындамады. «Жұт жеті ағайынды» дегендей бұл ке­зеңде қылышынан қан тамған Жоң­ғар одағы да қазақ даласына бас­қын­шылық соғысын күшейткен еді. Қайып хан үшін басты міндет – ел іргесін сөккен жауға қарсы қимыл таныту еді. Қал-қадерінше басқыншыларға қарсы шайқасқа дайындалып, 1717 жылы Қайып хан мен Әбілқайыр сұлтан Қазақ хандығының отыз мың сарбазын бастап, жоңғарға қарсы аттанады. Кешегі Қасым хан кезінде үш жүз мың әскер шығаратын Қазақ хандығы басқыншыларға қарсы елді азат ету жорығына бар болғаны 30 мың жасақ шығара алды. Осыдан-ақ Қайып ханның қауқарын аңғаруға болады. Осы жорықтан Қайып хан мен өркөкірек Әбілқайыр сұлтан бар әскерінен айырылып қарақан бастарын ғана аман алып қалыпты. 1718 жылы жоңғарлармен болған кезекті бір шайқаста Қайып хан қаза табады. Алты алаштың игі жақсылары жиналып, Әз Тәукенің бел баласы Болатты ақ киізге салып, хан көтереді (1718-1730). «Жақсыдан жаман туар – бір аяқ асқа алғысыз, жаманнан жақсы  туар – адам айтса нанғысыз» дегендей Болат ханның аты затына сай болмай шықты. Қабілетсіз әрі болжыр Болат хан үш жүз жылдық даму тарихы бар Қазақ хандығын тоқырауға ұшыратты. Болат ханның кезінде орталық хандық билік мүлде әлсіреп, әр жүздің өз ханы дербес билік құрды. Дәл осы Болат ханның тұсында Жоңғар одағы қазақ мемлекетін жаулап алып, қазақ халқы «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаға» ұшырады. 1730 жылдан 1771 жылға дейін билік құрған Тәуке ханның немересі Әбілмәмбет хан іс жүзінде тек Орта жүздің ғана ханы болды. Себебі, Болат ханның тұсында-ақ Кіші жүзді бөлектеп, хан атанған Әбілқайыр 1731 жылдың 10 қазанында Ресей патшалығына бодандығын мойын­даған болатын. Дегенмен, бұдан кейін де Қазақ хандығының тари­хында ер етікпен қан кешкен күй­зелген кезеңдер де, ел еңсесін көтеріп, бірлік туын асқақтатқан (Абылай мен Кенесары хандар тұсы) кезеңдер де өтті. Қалай бол­ғанда да Болат ханның билік құрған жылдарымен бірге төрт ғасыр дәуір­леген Қазақ хандығының «алтын ғасыры» аяқталған еді.. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».