Ақмола облысының тұрғыны қайтыс болған әжесінің атына 3 жыл бойы заңсыз зейнетақы алып келген, деп жазады Egemen.kz.
Прокурорлық шаралардың нәтижесінде ер адамның қылмысы әшкерленіп, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Ақмола облысы прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметінше, зейнетақымен қамтамасыз ету мәселесі бойынша жүргізілген талдау барысында 1937 жылғы зейнеткердің 2021 жылы Зеренді ауылында қайтыс болғаны анықталды. Өз кезегінде қайтыс болған адамның туған немересі, пайдакүнемдік ниетпен, жеке баю мақсатында қайтыс болу дерегін уәкілетті органдардан жасырып, қайтыс болған адамның зейнетақы банк картасын пайдаланып, зейнетақы төлемдерін жүйелі түрде алып отырған. Осылайша, ол 4 млн теңгеден астам қаражат ұрлап, мемлекетке ірі мөлшерде залал келтірген.
- Осы дерек бойынша Зеренді ауданының прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 1-тармағының 190-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерді (алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін ұрлау немесе ірі мөлшерде жасалған алдау арқылы бөтеннің мүлкіне құқық алу). Зеренді аудандық сотының үкімімен қаскүнем Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және оған орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеу арқылы, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті, сондай-ақ көрсетілген залал сомасы мемлекет кірісіне өндірілді, – деді ведомстводан.