Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Конституцияға сәйкес болып өткен Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы барысында заңдылықты қамтамасыз ету бойынша қажетті барлық шараларды қабылдады.
Сайлау науқанында сайлау процесінің барлық қатысушыларымен заңнама талаптарын және азаматтардың конституциялық құқықтарын мүлтіксіз сақтау мәселелері прокуратура органдары үшін жұмыстың басты басымдылығы болды.
Бас прокуратура бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлау процесіне қатысушыларға сайлау туралы заңнаманың нормаларын түсіндірумен және оларды бұзғаны үшін жауапкершілік туралы ескертумен екі рет (2015 жылғы 26 наурызда және 24 сәуірде) ресми үндеу жасады.
Жүргізілген қадағалау іс-шараларына сәйкес сайлау комиссиялары немесе мемлекеттік органдар тарапынан қандай да бір бұзушылықтар анықталған жоқ.
Сайлау науқанында прокуратура органдарына сайлаумен байланысты небәрі 4 өтініш түсті, олардың 3-еуі заңнаманы бұзу фактілері туралы ақпарат немесе шағымдарды қамтымаған.
Екі өтініште заңдардың нормаларын түсіндіру сұранысы мазмұндалған, үшіншісінде президенттікке кандидаттарға заңнамада белгіленген кейбір талаптармен келіспейтіні айтылған.
Бұл 3 өтініш құзыреті бойынша Орталық сайлау комиссиясына мәні бойынша қарау үшін жолданды.
Сондай-ақ, сайлау күні Семей қаласының прокуратурасына бір отбасы жұбының арызы келіп түсті, онда олар тұрғылықты жері бойынша учаскенің сайлаушылар тізімінде болмауына шағымданған.
Дегенмен, олардың тиісті аумақта тұратындығы расталғаннан кейін оларға өздерінің сайлауға қатысуға конституциялық құқықтарын жүзеге асыру мүмкіндігі берілді.
Дауыс беру күні қандай да бір елеулі заң бұзушылықтарсыз, тыныш жағдайда өткенін атап өтеміз.
Дауыс беру күні қарсаңындағы кезеңде тек қана сайлау алдындағы үгітті өткізу, сондай-ақ қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерiн жариялау шарттарының жекелеген бұзушылықтары тіркелген, олар бойынша алдын алу сипатындағы шаралар қолданылды.
Мысалы, ағымдағы жылғы 30 наурызда Алматы қаласының прокуратурасы «Фэйсбуктегі» өздерінің парақшаларында Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидаттардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін пікір айтуға жол берген екі азаматқа заңды бұзуға жол берілмейтіні туралы алдын ала ескерту жариялады.
Сайлау заңнамасы бұзу фактілері бойынша әкімшілік және/немесе қылмыстық істер қозғалған жоқ.
Бүкіл электоралдық кезеңде Қазақстан Республикасының соттарына сайлау процесіне қатысты 7 арыз түсті, олардың 1-еуі кері қайтарылды, 3-еуі бойынша қабылдаудан бас тартылды, 1 арыз қайтарылды, 1-еуі қараусыз қалдырылды және 1 шағым бойынша әкімшілік өндіріс тоқтатылды.
Мәселен, ағымдағы жылғы 20 сәуірде С.Ж. Итегулов Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына оның сайлаушылар тізімінде жоқ болуына шағымданды және кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тартуды сұрады.
Сот С.Ж. Итегуловтың сайлаушылар тізіміне қосылғанын анықтады, ал сотқа жүгінуге Call-Орталықтың операторынан алынған ақпаратты қате түсіну фактісі себеп болған.
21 сәуірде әкімшілік өндіріс құқық бұзушылық оқиғасының болмауына байланысты тоқтатылды.
Келтірілген деректер, сондай-ақ сайлау заңнамасының бұзушылықтары туралы қандай да бір шағымдардың болмауы өткен сайлау процесінің барынша айқындығын және заңдылығын көрсетеді.
Салыстыру үшін алдыңғы президенттік сайлау барысында (2011 жылғы сәуір) прокуратура органдарында 87 өтініш қаралғанын, анықталған заң бұзушылықтар бойынша 16 әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы іс қозғалғанын, 2012 жылғы қаңтарда өткен парламенттік сайлау барысында прокуратураға 536 арыз түскенін, 76 прокурорлық қадағалау актілері енгізілгенін, 45 әкімшілік іс қозғалғанын хабарлаймыз.
Жалпы, электоралдық кезеңдегі қадағалау қызметінің нәтижесі Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы Қазақстан Республикасы Конституциясының және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңы талаптарының сақталуымен өткізілді деп тұжырымдауға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының
Бас прокуратурасы.