• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
31 Қаңтар, 2015

Тынышсыздық тұмшалаған әлем

353 рет
көрсетілді

«Тақтатас төңкерісінің» ақыры

Сонау 2009 жылы Буэнос-Айрес  қаласында өткен халықаралық газ конференциясында  ВР корпорациясының басшысы Тони Хейворд пен CERA консалтингтік зерттеу фирмасының жетекшісі Дэниел Ергин тақтатас газын өндіруде бетбұрыс басталғанын, осы ретте озық технология ашқан АҚШ «тақтатас төңкерісін» жасайтынын жарты әлемге жария етті. Хейворд таяудағы бірнеше жылда әлемдегі тақтатас газының қоры 60 пайызға өсетіндігін жобаласа, Ергин бұл көрсеткіш 250 пайызды құрайтынын айтты. Сол-ақ екен Американың бірқатар компаниялары газ және мұнай өндіру саласында «төңкеріс» жасау қозғалысына белсене кірісіп те кетті. Әлемдік БАҚ өкілдері де «отқа май құйғандай» бұл қоз­ға­­­­лысты барынша әспеттей бас­та­ды. Мәселен, кейбір басы­лым­дар Техаста тақтатас мұнайы­ның бір баррелін өндіру бар бол­ғаны 15 доллар екен, алдағы жылы бұл көрсеткіш, тіпті, екі есе төмендейтін көрінеді, ал Сауд Арабиясында тақтатас мұна­йы­ның өзіндік құны 7 доллардан да аспайды деп даурықты. Тағы бір басылымдар, мәселен, «Однако» журналы тақтатас мұнайы әлемдегі барлық елдердің аумағында біркелкі орналаспапты, оның жерасты қорының 70 пайызы АҚШ-тың аумағында орналасса, Ресей аумағында оның 7 пайыз ғана қоры бар көрінеді, деп жазды. Рас, АҚШ тақтатас газын өндіру технологиясында бірқатар табыстарға жетті. Қазір Америка тақтатас газы мен мұнайын өнді­рістік ауқымда өндіру технология­сын игерген бірден-бір мемлекет болып отыр. Соңғы жылдары бұл елде тақтатас газын өндіру көлемі де айтарлықтай артты. Осыған байланысты АҚШ энергетикалық қуат көздері нарығындағы ең ­басты ойыншыға айналатындығы айтыла бастады. Мәселен, Дэниел Ергин мен әлемдік сарапшы Майкл Стоппард жақын арада АҚШ жаһандық газ нарығының көшбасшысы болатындығына болжам жасады. Алайда, бүгінде «тақтатас төңкерісінің» болашағы бұлың­ғырлана бастаған сыңайлы. Тақ­татас газы мен мұнайын өндірудің айта қалғандай арзанға түспейтіні белгілі болды. Тақтатас мұнайын өндіру технологиясы бойынша, жер қойнауының белгілі бір тереңдігіне жеткеннен кейін тікелей бұрғылаудан жер қыртысын үңги горизонтальді бұрғылауға көшіп, тереңдегі жер қыртысын қопара айыру керек. Мамандардың айтуынша, тақтатас мұнайы қорланған жер қыртысын үгіту үшін орасан көп мөлшерде әртүрлі химикаттар қосылған су айдалады. Ең бір ерекшелігі, су өте көп мөлшерде қажет етілетін көрінеді. Онсыз да жұмыр жер таза судан тапшылық көріп отырғанда тақтатас мұнайын алу үшін миллиондаған текше метр таза су химикаттармен уландырылып, жер қойнауына жіберіледі. Сөйтіп, адамзат болашағына ауа­дай қажет жерасты суларына орны толмас зиян келеді екен. Тақтатас мұнайын өндірудің мұнан басқа экологиялық зардаптарын айтудың өзі қорқынышты. Оның үстіне, тақтатас мұнайы­ның ұңғымалары қазіргі мұнай ұңғымаларына қарағанда 5-15 есе қымбатқа түсетін көрінеді. Мәселен, АҚШ-тың Солтүстік Дакотадағы бір ұңғымасын бұр­­ғылауға 9 миллион доллар жұм­салса, дәстүрлі тікелей бұрғылау ұңғымасына 400-600 мың доллар қаржы жұмсалатын көрінеді. Сонда осынша қымбатқа түсетін тақтатас мұнайын игерудің эконо­микалық тиімділігі қандай? Оның астарында не жатыр? Сарапшылардың айтуынша, әлемдік мұнай бағасы 60 дол­лардан төмен түсетін болса, тақ­та­тас мұнайын игеру банкроттық­қа бастайды екен. Сондықтан ОПЕК-тің мұнай өндіру көлемін қысқартпай бағаны түсірудегі басты мақсаты да әлемдік мұнай нарығындағы орындарынан айы­рылып қалмау болып отыр. Сөйтіп, халықаралық бұл ұйым 2014 жылдың 27 желтоқсанында өткен басқосуда мұнай өндіру көлемін тәулігіне 30 миллион баррельден төмендетпеу жөнінде шешім қабылдады. Ақыры мұнай бағасы 50 доллардан да төмендеп кетті. Қазіргі мұнай бағасы ОПЕК ұйымының Венесуэла, Алжир, Нигерия, Иран, Ирак мемлекеттері сияқты мүшелеріне жеңіл тиіп отырған жоқ. Соған қарамастан, бұл халықаралық ұйымның көшбасшысы – Сауд Арабиясының талабы бойынша ОПЕК мұнай бағасын барынша төмендету бағытынан таймай келеді. Бұл талап өзінің алғашқы нәтижелерін беруде. Солтүстік Америкада тақтатас мұнайын өндіріп жатқан көптеген компаниялар тығырыққа тірелді. Тіпті, мұнай бағасының құлдырауына байланысты банктен алған несиелерін өтей алмай банкротқа ұшырағандары да бар. Сөйтіп, америкалық «тақтатас төңкерісі» ақиқаттан аңызға айналатын түрі бар. Қазірдің өзінде тақтатас мұнайы кен орындарындағы АҚШ-тың мұнай платформалары қысқара бастады. Өткен жылдың желтоқсан айында мұндай платформалардың саны 1576 болса, қаңтар айының ортасында олардың саны 1366-ға дейін құлдырады. Жақында ОПЕК ұйымының бас хатшысы Абдалла әл-Бадри «Қазір мұнай бағасы өзінің ең төменгі деңгейі – 45-50 долларға түсті», деп мәлімдеді. Егер мұнай бағасы дәл бүгінгі деңгейде қыркүйек айына дейін сақталатын болса, Американы әлемдік мұнай державасы дәрежесіне көтеретін «тақтатас төңкерісі» де құрдымға кететінін барлық сарапшылар бірауыздан мақұлдап отыр. Адамзат болашағына орасан экологиялық апат әкелетін бұл «тақтатас төңкерісінің» бесігінде тұншыққаны қажет-ақ!

Соғыс өрті шарпыған балалар

Адамзат өркениеті өркендеген сайын қарапайым халық тұрмысы қиындай түсетін сияқты. Дүниежүзін мекендеген барлық мемлекеттердегі байлар мен кедейлер арасындағы айырмашылық аспен мен жердей алшақтай түскен. Бүгінде әлемнің әр түкпірінде дүркін-дүркін бұрқ ете түскен соғыс өрттерінің беті қайтар емес. Миллиондаған адам жұмыссыздықтан, қайыршылықтан және қантөгіс соғыстардан зардап шегуде. «Түйені шайқалтқан дауылда ешкіні аспаннан көр» дегендей, тұрақсыздық пен соғыс дауылы ушыққан елдердегі балалардың жағдайы өте аянышты. Бүгінде дүниежүзіндегі әрбір оныншы бала соғыс қимылдары өршіген аймақтарда мекен етуде. БҰҰ-ның Балалар қоры бағдарламасы тұрақсыздық тұмшалаған 71 мемлекетке көмек көрсетпек. БҰҰ-ның Балалар қоры (ЮНИСЕФ) кеше Женева қала­сында осы қордың донорлары болып табылатын мемлекеттер мен ұйымдарға үндеу жолдап, биылғы жылы қорға 3,1 миллиард доллар қаржы бөлуге шақырды. Қазір жер жаһанды мекендейтін 62 миллион бала апат қаупі өршіген аймақтарда өмір сүріп, жаһандық гуманитарлық көмекке зәру болып отыр. ЮНИСЕФ биылғы қорға қажетті қаржының 1 миллиард долларға артып отырғанын жаһанды жайлаған жұқпалы аурулардың асқынуымен, со­ғыс қимылдарының өршуінен түсіндіреді. ЮНИСЕФ-тің алдын ала жасалған бағдарламасы бойынша ағымдағы жылы қорға жиналған қаржының 903 миллион доллары Сириядағы соғыстан зардап шеккен балаларды құтқаруға, 507,5 миллион доллар «Эбола» ауруының алдын алуға жұмсалса, 320 миллион доллар – Ирак, 160 миллион – Оңтүстік Судан, 117 миллион – Судан, 111 миллион доллар Сомали елдеріндегі қақтығыстардан зардап шеккен балалардың жағдайын жақсартуға жұмсалатындығын белгілеп отыр. Сонымен бірге, БҰҰ-ның Балалар қоры Ауғанстан, Чад, Йемен, Палестина, Эфиопия, Нигерия және Орталық Африка Республикасында балаларды қиындықтан құтқару мақсатындағы гуманитарлық шараларды жүзеге асырмақ. Биылғы жылы ЮНИСЕФ бағдар­лама­сында Украина балаларына көмек көрсету бағдарламасына басымдық берілмек. БҰҰ-ның мәліметі бойынша, Украинадағы соғыс зардабынан 5,2 миллион адам, оның ішінде 1,7 миллион бала гуманитарлық көмекке зәру болып отырған көрінеді. Соңғы уақытта Украинада 1,5 миллионнан астам адам оның ішінде 130 мың бала босқынға айналған. Донецк қаласында 1 мыңнан астам бала тұрақты түрде жертөлелерде өмір сүруге мәжбүр екен. ЮНИСЕФ Украина балаларына көмек көрсету үшін биылғы жылы 32 миллион 450 мың доллар қаржы жұмсамақ. БҰҰ Балалар қорының атқа­­рушы директоры Энтони Лейк өзінің мәлімдемесінде: «Украи­на­да, Иракта және Газа секто­рын­да ушыққан соғыс қимыл­да­ры­ мыңдаған балалардың өмі­ріне­ қауіп төндіріп отыр, үздік­сіз жарылған снарядтар адам таң­дамай жасты да, кәріні де құр­бан­дыққа ұшыратуда», деп атап көрсет­ті. ЮНИСЕФ үстіміздегі жылы аштық­қа ұрынған 2,7 миллион балаға, ауызсуға жарымай отырған 34,3 миллион ересектер мен балаларға нақты көмек көр­сетпек. 13,6 миллион балаға жұқ­палы ауруларға қарсы вакцинация жасалынбақ. БҰҰ-ның балалар қоры дүниежүзіндегі гума­нитарлық көмекке зәру болып­ отырған балаларға басқа да қолдан келген көмектерді жасамақ.

«Өткелде ат ауыстырмайды»

Бүгінде Еуропалық одақтың барлық назары Грекияға ауып отыр. Грекия бүкіл кәрі құрлық үшін жарылмайтын жаңғаққа айналды. Соңғы 15 жыл бойы Грекия еуропалық қарыз берушілерден орасан көп мөлшерде несие алды. Осы мерзімде Грекияда ешқандай түбегейлі реформалар жасалған жоқ. Тіпті, гректер жұмыс істеуді де қойды. Соның салдарынан мемлекеттің сыртқы қарызы 320 миллиард еуродан асып, ұлттық ІЖӨ-нің 175 пайызын құрады. Соңғы 15 жыл ішінде Грекия Еуроодақтағы ең кедей елге айналды. Жұмыссыздық деңгейі 25 пайыздан асып жығылды. Елдің экономикалық жағдайы осындай тығырыққа тірелген шақта ел үкіметінің тізгінін солшылдар көсемі Алексис Ципрас қолға алды. «Өткелде ат ауыстырмайды» дей тұрсақ та Грекия сайлаушылары солшылдар үкіметін жақтап дауыс берді. СИРИЗА партиясының 40 жастағы көсемі Алексис Ципрас – грекиялық комсомолдан шыққан өкіл. Батыста оны «коммунистік Гарри Поттер» деп атайды. Себебі, ол сиқыршы таяғын бір сермеп, Грекияда жылдар бойы қордаланған қиындықты жеңілдетпек. Алайда, жаңа үкімет гректерді жуыр маңда тығырықтан алып шығатынына күмән көп. Ципрас үкіметінің 20 мүшесінің екеуі ғана бұрын үкімет құрамында болған. Қал­ғандарының бұл орайда ешқандай тәжірибесі жоқ. Соған қарамастан, бұл үкімет ондаған жылдардан бері шешілмей келе жатқан проб­лемаларды еңсермек. Грекияның жаңа үкіметі Брюссельдің алдына ел қарызы­ның жартысына кешірім жасап, қалған жартысын өтеу мерзімін ондаған жылға ұзартуды талап етіп отыр. Сонымен бірге, Ципрас Грекияның бұрынғы үкіметі Брюссельмен келісіп жасаған несиені өтеу жөніндегі бағдарламаны тоқтатты. Егер Брюссель олардың талабын орындамайтын болса, Ципрас үкіметі еуроаймақтан шығып, драхманы қалпына келтіруді, тіпті, Еуропалық одақтан шығып кететіндіктерін мәлімдеуде. Ал Еуропалық одаққа олардың бұл талабын орындау жарға жы­ғылумен бірдей. Егер Грекияға сәл босаңсыту жасалатын болса, оның артынан Италия, Испания, Португалия және Ирландия мем­лекеттері аттандап шыға келеді. Ал бұл – еуропалық инте­грацияның тамырына балта шабу деген сөз. Бүгінде Алексис Ципрастың бастамаларын «отқа май құй­ғандай» өршітушілер қатары да көбейіп келеді. Мәселен, француздардың «Ұлттық майдан» атты партиясының көсе­мі Марин Ле Пен: «Мен Гре­кия­ның Еуроодаққа өте қатты демократиялық шапалақ бер­геніне бек қуаныштымын», деп мәлімдеді. Оның пікірінше, ал­дағы уақытта еуроаймақта бірыңғай валюта қолданудың тиімділігі қаншалықты пайдалы екендігін талқылайтын пікірталастар өткізілуі керек. Сонымен бірге, Ципрас үкіметі Ресейге қарсы жасалып жатқан экономикалық санкцияларды тоқтатуды қолдайтындықтарын да ашық айтуда. Қалай болғанда да, Грекия үкіметінің тізгінін қолға алған солшылдар кәрі құрлықты тітіркентіп тұр. Ал солшылдар қимылының қаншалықты нәтижелі болатындығы уақыт еншісінде. Дайындаған Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».