Нарықтық экономиканың елеулі элементі өндіріс екенін ұққалы сапалы зауыттар салуға ден қойдық. Жол ортасында шаруасы шатқаяқтағандары да жоқ емес. Ал сапаға айрықша мән беріп, жұмысты жүйелей білгендер біршама белесті бағындыра алды. Соның бірі – 10 жылдан бері тасы өрге домалаған «Talas Investment Company».
Біз тыныс-тіршілігін баян еткелі отырған зауыт жылына 15 мың тонна натрий цианид пен 5 мың тонна аммоний сульфат өндіреді. Алыс-жақын алтын өндіруші компанияларға натрий цианидінің дайын өнімін жөнелтеді. Жамбыл облысының Талас ауданында орналасқан өнеркәсіп кешенін өз көзімізбен көріп қайттық.
Ай сайын 1 300 тоннаға дейін өнім шығаратын зауытты көруге Астанадан Жамбыл облысына арнайы келдік. Зауытты аралатып, үдеріс барысын таныстырып жүрген бас директор Мерей Омаров сұраныс көбейсе, өндіріс әлеуеті де арта түсетінін жеткізді.
– «Talas Investment» зауыты он жылдан бері натрий цианидін өндірумен айналысады. Осы уақыт ішінде сенімді жеткізуші болды. Біз жылына 15 мың тонна өнім шығарамыз, оның 30-40%-ы (шамамен 5 мың тонна) экспортқа кетеді. Жобаның бірінші кезегін «Қазақстанның Даму банкі» қаржыландырды. Тіпті екінші кезеңнің құрылысын да қолдап жатыр. Жаңа инвестициялық жоба аясында өнімділікті жылына 30 мың тонна натрий цианидіне дейін арттыру, құрылысты 2025 жылдың желтоқсанына дейін аяқтау, экспортты ұлғайту жоспарланып отыр, – дейді М.Омаров.
Бұл өндірістен отандық алтын өндіруші компанияларға натрий цианиді мен аммоний сульфатының дайын өнімі жіберіледі. Ал минералды тыңайтқыш аммоний сульфаты отандық ауыл шаруашылығы өндірушілері мен былғары зауыттарына жеткізіледі. Зауыт өткен жылы 13 800 тонна натрий цианидін, 4 666,500 тонна аммоний сульфатын өндіріп, отандық нарыққа және экспортқа жөнелткен. Осы жылдың тамыз айына дейін 79 89,36 тонна натрий цианиді, 2 754,400 тонна аммоний сульфаты өндірілген. Сондай-ақ Ресей, Тәжікстан, Моңғолия, Қырғызстанға экспорт жасалады. Осылайша, кәсіпорын өңір экономикасына да тұрақты табыс түсіріп отыр.
– Қазіргі уақыттағы нарықты көріп отырсыздар. Көзді ашып-жұмғанша өзгеріп отырады. Натрий цианидін алтын өндіру үшін ел ішінде көп қолданады. Сұранысты зауыт ашылмайынша шетелден әкелген өніммен жауып отырдық. Бүгінде ішкі қажеттіліктердің біршамасы осы зауыттың арқасында қанағаттанып отыр. Мұның бәрі өңдеу өнеркәсібіне жатады. Талас ауданында ол жоқтың қасы еді. Ал қазір осы зауыт аудандағы өңдеу өнеркәсібінің 80%-ын құрайды. Одан бөлек, аудан экономикасын едәуір алға жылжытты. Мысалы, жылына 700-800 млн салық төлейді, – дейді Талас ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп, туризм бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаров.
Зауыт құрылысы 2012 жылғы мамырда басталып, 2014 жылғы маусымда пайдалануға берілген екен. Қазір мұнда 637 қызметкер жұмыс істейді, орташа жалақысы 292 362 теңгені құрайды. Олардың 80%-ы Қаратау қаласы мен Талас ауданының жергілікті тұрғындары. Айтпақшы, компания аудан орталығының әлеуметтік саласына жіті араласып, қызметкерлерге материалдық көмек көрсететінін естіп, ішіміз жылып қалды. Арасында қайырымдылық та жасап тұрады екен.
Тағы бір көңіл көншітерлігі, зауыттың өңір экологиясына еш зияны жоқ. Себебі өндіріс ошағы қалдықсыз технологияға негізделген. Қажетті шикізат ретінде газ бен кен қоспалары пайдаланылады.
Көбіне зауыттарда қауіпсіздік шаралары сақталмай жатады. Сондықтан да халық зауыт жұмысынан қашады. Ал мұнда байқауымызша, қауіпсіздікке баса мән берілген. Өндіріс аймағына арнайы киімсіз ешкімді кіргізбейді.
Зауыттағы баротермикалық цехта су бірнеше мәрте сүзіледі. Натрий цианидін өндіру үшін алдымен табиғи газ катализатордан өтеді. Құрамындағы метанды 89-96%-ға жеткізеді. Ары қарай оған аммиакты қосып синил қышқылын алады. Сосын синил қышқылына натрий гидроксиді қосылып, натрий цианиді алынады. Осы химиялық түзілістерден шыққан газдың бәрін залалсыздандыру, тазалау кезінде аммоний сульфаты шығады. Мұны бізге Жанна есімді қызметкер түсіндіріп берді.
– Мұнда барлық қажетті ерітінділерге талдау жүргізіледі. Бізде екі зертхана бар: санитарлық және өндірістік. Зертхана кіріс шикізатынан бастап дайын өнімді шығаруға дейінгі барлық үдерісті бақылайды. Біз натрий цианиді мен аммоний сульфатының жанама өнімін қоса, дайын өнімнің сапасына аралық талдаулар мен толық тексерулер жүргіземіз. Сонымен қатар өндірісте қолданылатын судың толық талдауы жасалады. Кіріс суынан минералсыздандырылған және айналымға дейін бақылауда ұстаймыз. Жұмыс тәулік бойы жүргізіледі, қызметкерлер 12 сағаттық ауысыммен жұмыс істейді, –дейді ол.
Жобада өндірісті автоматтандыруға айрықша мән берілген. Өндірістік үдерістің мониторингі компьютерлік жүйемен жүргізіледі. Бұл адамдарды қауіпті жұмыс аймағынан алыстатуға мүмкіндік береді.
– Жыл сайын 8-10 мың тоннаға жуық өнім отандық компанияларға сатылады, қалған 5 мың тонна экспортқа жіберіледі. Натрий цианиді жүк көлігімен де, теміржол арқылы да жеткізіледі. Мәселен зауыт өнімі Моңғолияға пойызбен жіберіледі. Сонымен қатар жыл сайын шамамен 20 мың тонна натрий цианиді жүк көлігімен жеткізіледі, – деді сату бөлімінің басшысы Эльвира Жақсыгелді.
Зауытты аралап болған соң, екінші зауыттың құрылыс алаңына бардық. Біршама уақыт бұрын натрий цианиді зауытының екінші кезеңінің құрылысы басталған болатын. Қазір құрылыс жұмысы жоғары қарқынмен жүргізіліп жатыр. Құрылыс келесі жылы толық аяқталып, іске қосылады. Нәтижесінде, кәсіпорынның өндірістік қуаты екі есе артады.
– Серіктестікке қарасты натрий цианиді зауыты екінші кезеңінің жұмысы белсенді жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстары толық біткеннен кейін зауыттың өндірістік қуаты 30 мың тоннаға жетеді. Жоба іске қосылғаннан кейін 300 жаңа жұмыс орны ашылады. Құрылыс жұмысын жүргізу үшін жеке қаржыдан бөлек, «Қазақстан Даму банкі» мен «Бәйтерек» холдингінен инвестиция тартылды. Қысқасы, екінші кезең жұмысы аяқталғаннан кейін жылдық өнім көлемі айтарлықтай артады, – дейді бас директордың жалпы мәселелері жөніндегі орынбасары Әбдіғали Жүнісов.
Жоба өндірістің өз қаражаты, сондай-ақ «Қазақстанның Даму банкі» мен «Baiterek Venture Fund» қаржыландыруымен салынбақ. Жабдықты жеткізу және монтаждау келісімшарты Қытайдың ірі «TCC Group» корпорациясымен жасалған. Натрий цианиді нарығын отандық өндіріс 20 мың тонна көлемінде жабамыз деп үміттеніп отыр. Бұл мемлекет іске асыратын импортты алмастыру жөніндегі саясатқа сәйкес келеді. Сондай-ақ экспорттық әлеуеттің деңгейін жылына 10 мың тоннаға дейін кеңейтуге мүмкіндік береді.
– ҚДБ еліміздегі алғашқы натрий цианидін өндіру зауытының құрылысын, оның экспорт әлеуетін кеңейту мен дамытуды көздейді. Бұл қолдаудың стратегиялық маңызы бар, өйткені ол импортқа тәуелділікті азайтады, жаңа жұмыс орындарын ашады, тау-кен металлургия өнеркәсібін нығайтады. 2015 жылы Қазақстанның Даму банкі жалпы құны 80 миллион доллар болатын жобаның бірінші кезеңін іске асыруға 49 миллион доллар бөлді. Зауыттың қуатын 30 мың тоннаға дейін арттыру жөніндегі жаңа жоба аясында банк 17 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлді. Бұл жобаны жүзеге асыру 300-ге дейін жаңа жұмыс орнын ашады. 2001 жылдан бастап ҚДБ ел бойынша ірі инвестициялық жобаларды белсенді қаржыландырып келеді, – деп мәлімдеді ҚДБ аға банкирі Бақыт Бижанова.
«Өндіріс 80% аммиакты Ақтаудағы «ҚазАзот»-тан алатынын естіген едік. Қалған 20%-ды Ресейден әкеледі. «Мұның себебі неде? Ақтаудағы аммиак жетпей ме?» деген сұрағымызға, бас директордың орынбасары Ә.Жүнісов: «Ресейден алу себебіміз – логистикаға байланысты. Бір жерден ала берсең, кейде уақтылы жетпей қалады. Сондықтан да жұмыс өндірісінің тоқтап қалмауы үшін сырттан да аламыз. Ал негізі Ақтаудағы аммиак жетеді», деп жауап берді.
Сөз соңында «Мысалы, Қытайда да біздегідей өнім өндіріледі. Бірақ сапасы бізге жетпейді. Оларда – 96%, бізде – 99%. Себебі олар қоспаны көп қосады. Ал біз сапаға қатты мән береміз», деді Ә.Жүнісов.
Жамбыл облысы,
Талас ауданы