Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің «Оңтүстік» өңірлік басқармасының бір топ қызметкері Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында облыстағы «Ерлік» мұражайына келіп, жауынгерлер рухына тағзым етті. «Батыр бабаларға тағзым» деп аталатын шараға әскерилерден бөлек, олардың отбасылары да қатысты.
Күндей күркіреп өткен соғыс лаңы жаралы жүректерден жазылған жоқ. Соғыста хабарсыз кеткен жауынгерлердің дерегі әлі табылып жатыр. Олар жасаған ерліктер де жинақталуда.
Мұражай меңгерушісі Ақмарал Құдайбергенова осындай деректермен қатар, жыл бойы Жеңістің 70 жылдығына байланысты атқарылатын іс-шаралардың бірпарасын айтып өтті.
«Оңтүстік» өңірлік басқармасының да Жеңіс сарбаздарына лайықтаған тосын сыйы бар екен. Оны мереке кезінде майдангерлерге тарту ететіндіктерін жеткізді.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
ШЫМКЕНТ.