Өңірлік «Мектепке жол» қайырымдылық шарасы биыл әдеттегіден екі апта бұрын басталды. Мұндай бастамаға облыстық мәслихаттың депутаты, Ақмола теміржол бөлімшесінің директоры Рамазан Айғайбеков ұйытқы болғанын айтқан жөн. Балаларға базарлық үлестіру салтанаты «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында өтті.
Депутат, «Нұр Отан» партиясының мүшесі өз сайлау округіндегі аз қамтылған отбасылардың үйінде болып, жағдайларына қанығып отыруды дағдыға айналдырған. Оларға материалдық қана емес, тиісті құқықтық кеңестер берілуде. Теміржолшылар №12 орта мектеп пен «Ертөстік» балабақшасын шефтік көмекке алған. Сондай-ақ, Сандықтау балалар үйінің асыға күтетін қонағы ретінде концерттік бағдарламалар ұйымдастырып, қажетті қолғабыстарын тигізіп отырады.
Бүгінгі «Мектепке жол» шарасының алдағы кезде де жалғасын табатынын айтқан Рамазан Айғайбеков, биыл бірінші рет мектеп табалдырығын аттайтын алты балаға қалам-қағаз толтырылған портфельдер мен мектеп формасын тапсырды.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов те қайырымдылық шарасынан қалыс қалмай, өз атынан екінші сынып оқушысы Тимур Ақтаевқа спорттық форма мен аяқ киімдер тапсырып, қуанышқа бөледі.
Ата-аналар атынан Шолпан Тантаева мен Галина Митрова алғыс сезімдерін білдірді.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.