• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Мамыр, 2015

«Қарттарым, аман-сау жүрші!» 

707 рет
көрсетілді

«Ембімұнайгаз» мұнайшылары Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлерін ұдайы құрмет тұтады

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында да Атырау мұнайшыларына үлкен жауапкершілік жүктелді. Тарихи деректерге сүйенсек, сол кезеңде Атырауда өндірілген «қара алтын» тікелей майданға жөнелтіліп отырған. Кей деректерде сол жылдары бұл өңірде 43 мың тонна мұнай өндірілген. Соғыс басталысымен бұл өңірдегі мұнай кәсіпшіліктері өнім өндіру көлемін ұлғайтты. Тіпті, жаңа кен орындары да іске қосылды. Осылайша, ембілік мұнайшылар 1941 жылы «қара алтынды» 24,4 пайызға артық өндіруге қол жеткізеді. Ал Ескене мұнай кәсіпшілігі 1941-1942 жылдар аралығында Мемлекеттік Қорғаныс Кеңесінің Қызыл туын сегіз мәрте жеңіп алыпты. 

Әрине, соғыс жылдарында ерлердің орнына оператор, машина, трактор жүргізуші, ұңғымаларды жерасты жөндеуші болып еңбек еткен аналар да бар. Олар 12-14 сағаттан ауыр жұмысқа жегіліп, мұнай өндіруді тоқтатқан жоқ. Мәселен, 1941 жылы қосшағылдық мұнайшылар жексенбілікке қатысудан 4000 сомнан аса қаржы жинап, Отан қорғау қорына тапсырды. Ал 1943 жылы Қоңырша Сүлейменова, Айтжан Қауқаев пен Василий Данченколар Қосшағыл және Ескене кеніштерінің мұнайы тиелген бір эшелонды неміс басқыншыларының қоршауында қалған ленинградтықтарға жеткізіп беріпті. Оқ пен оттың ортасындағы арпалыс сәтті бас­тан кешкен кеңес әскерлеріне бір эшелон мұнай жеткізудің қиындығы айтуға жеңіл көрінгенімен, үш мұнайшының өмірі қыл үстінде болғаны анық еді. Жеңіс сағатын жақындатқан жанқиярлықтың үлгісін ембілік мұнайшылар осылай да көрсеткен.

Сол кезеңде ембілік мұнайшыларды еселі еңбек етуге жігерлендіру үшін ақын Асқар Тоқмағамбетов «Мұнайшылар, мұнай бер» деп жыр арнады. Ал батыр Бауыржан Момышұлы 1942 жылы майданнан «Қымбатты достар, бір қандас аға-інілер және қарындастар, әкелер мен аналар, балалар, қазақтар, мұнайлы Ембінің жұмысшылары мен жұмысшы әйелдер! Қызыл Армия жалғыз емес, оның бүкіл жолында Қызыл Армия неміс жауыздарды өзінің қаруымен талқандауда, ал сіздер, тыл қайраткерлері, табанды еңбегіңізбен талқандайсыз. Сіздің мұнайдың әрбір литрі, продуктыларыңыздың әрбір килограмы жау тамағына тас болып тұрады, ол оған кездессе қиқылдап өліп қалады. Оларды күн сайын, сағат сайын көбейте беріңдер, ол біздің жеңіс сағатымызды жақындата түседі. Бұл міндетті сіздердің абыроймен орындайтындарыңызға біз күмәнданбаймыз», деп жалынды хат жолдапты. Отан үшін аянбай еңбек еткен аға буынның ауыр да азапты шежірелі жолы әлі де жалғасын тауып келеді. Бұл күндері «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының әр мұнайшысы соғыс жылдарында, одан кейінгі кезеңде де аянбай еңбек еткен ардақты аға буынды ұдайы құрметтейді. Өйткені, олар қиындыққа қарсы тұра білді, қажырлылықпен еңбек етті. Тәжірибелерін кейінгі шәкірттеріне үйретті. Енді олар азайып бара жатыр. Қазір аталған отандық кәсіпорынның құрылымдарында жұмыс жасаған 15 соғыс және 152 тыл ардагері бар. Олардың еңбек жолын бүгінгі тәуелсіз елдің экономикасын өркендетуге үлес қосып жүрген мұнайшылар өнеге тұтады. Оны әрине, сөзбен жеткізу мүмкін емес. Дегенмен, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында ембілік мұнайшылар әр соғыс ардагеріне, әр тыл ардагеріне құр­мет көрсету мақсатымен бірнеше шара ұйымдастырды. «Біздің ұжымның қалып­тасу кезеңіне аға ұрпақтың қосқан үлесі айрықша, еңбегі ерен деп есептейміз. Біз ардагер мұнайшыларды, соның соғыс және тыл ардагерлерін құрметтеуден жалық­паймыз. Өйткені, еліміздің табиғи байлығы – мұнай мен газды игерудің бастауында тұрады. Әсіресе, соғыс жылда­рын­дағы мұнайшылардың қажырлы еңбегі Ұлы Жеңісті жақындата түсті. Біз «Ембімұнайгаз» құрылымдарында еңбек еткен 15 соғыс ардагерінің әрқайсысына 500 мың теңгеден, ал тыл ардагерлеріне 20 мың тең­геден қаржылай қолдау көрсетуді ұйғардық», дейді «Ембімұнайгаз» акцио­нерлік қоғамы бас директорының орынбасары Қуандық Калидуллин. Кәсіпорын басшылары әр соғыс арда­­герінің үйіне барып Жеңістің 70 жыл­дығымен құттықтады. Ал кәсіпорын жа­нындағы жас мамандар кеңесі арнайы қар­жы жинап, тыл ардагерлеріне құрмет көрсетті. Сонымен бірге, Атыраудағы Же­ңіс саябағына 70 түп жас көшет отыр­­ғызды. «Бұл – біздің бүгінгі бейбіт өмі­ріміз үшін жан аямай күрескен батыр майдангерлерімізге құрметіміз. Екіншіден, еліміздегі көгалдандыру бағдарламасына қосқан үлесіміз болмақ. Біз Жеңісті жақын­датқан майдангерлеріміздің алдында қарыздармыз», дейді «Ембімұнайгаз» акцио­нерлік қоғамы жанындағы жас маман­дар кеңесінің жетекшісі Серік Шығанов. Әдетте мұнайшыларды тек өндірістің адамы деп танитын көзқарас бар. Бірақ олардың арасында өнерді сүйетін, өнерді құрмет тұтатындар аз емес. Бұған «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының жұмысшылары арасында өткізілген Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған әншілер мен көркемсөз оқушылардың ар­найы байқауы барысында көз жете түсті. Байқауға құрылымдық филиалдардан 14 үміткер қатысып, өзара бақ сынады. Олардың жетеуі соғыс тақырыбына шығар­малардан көркем сөз оқыды. Әрқай­сысының дайындығы, көркем сөз оқу мәнері әрқалай болғанмен, бәрінің де әдебиетті тереңірек тануға талпынысы бай­қалып тұрды. Мұны қазылар алқасы әділ бағалады, ал қолдаушысы болған көрермен ыстық ықыласымен қоштап отырды. Бұлардың арасында сонау бала кезінен көркем сөз оқуды серік еткені де бар екен. Солардың бірі «Қайнармұнайгаз» бас­қармасының бөлім басшысы Марғат Мә­женов Берқайыр Аманшиннің «Сақ бо­лыңдар, тірілер!» өлеңін елу жылдан бері жа­дыдан шығармай келеді. Сол кезде ол он жас­тағы мектеп оқушысы екен. Қызылқоға ауда­нында Ұлы Жеңістің 20 жылдығына ар­налып өткізілген шарада дәл осы өлеңді оқыпты. – Содан бері 50 жыл өтті ғой. Бірақ қаламгердің туындысы жүрекке жатталып қалды. Ұдайы есімде жүреді. Балаларыма Жеңістің, бүгінгі бейбіт күннің оңайлықпен келмегенін айтып отырамын, – дейді көркем сөз оқу байқауының қатысушысы Марғат Мәженов. Көркем сөз оқу шеберлерінің арасынан төрт үміткерге ынталандыру жүл­десі берілсе, «Мәншүктің мұңлы монологы» шығармасын орындаған «Ембі­мұнайэнерго» басқармасының инспекторы Райхан Балғымбаеваның өнері үшінші жүлдемен, Отанды сүю, соғыстың қасіреті туралы толғанған «Жылыоймұнайгаз» басқармасының операторы Талғат Қаб­доловтың шеберлігі екінші жүлдемен аталып өтті. Орыс қаламгері Константин Семеновтің «Жди меня» шығармасын нәшіне келтіре оқыған «Жайықмұнайгаз» басқармасының операторы Светлана Жылқышиеваға бірінші жүлде берілді. Бірінен кейін бірі сахнаға шығып, әншілер ән орындағанда зал ішін шапа­лақтың дуылы кернеді. Өйткені, қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығын елең қылмай, табиғи байлықты ел игілігіне жаратуға үлес қосып жүрген мұнайшылар орындаған әндер әр жүректің төрінен орын алды. Жеті үміткердің таңдаған әні де бөлек, сахнада өзін ұстау мәдениеті де, ән орындау машығы да бір-біріне ұқсамайды. Дегенмен, былайғы уақытта көп орындала бермейтін әндерді таңдағандар да бар екен. Тіпті, мұнайшылықпен бірге өнерді ұдайы жанына серік еткен Нұрлан Дүйісовтің саз жазу студиясы барын көп ешкім біле бермейді. – Негізгі мақсатым – жұмысымды жауап­кершілікпен атқару. Өзім бала кезімде саз мектебінен домбыра класын бітірдім. Кейін гитарада ойнауға әуес­тендім. Әрине, ауысымдық әдіспен жұмыс істегендіктен демалысымды ән жазу сту­диясында өткіземін. Ән әрлеймін. Доста­рыммен бірігіп вокальды аспаптар ансамблін құрғанбыз, – дейді гитарамен «Журавли» әнін шырқаған «Жылыоймұнайгаз» басқармасының жүргізушісі Нұрлан Дүйісов. Байқаудың бұл бөлігінде үміткерлер «Смуглянка», «Победа», «День победы», «Ана туралы баллада», «Жойылсын мәңгілік соғыс деген» әндері орындалды. Қазылар алқасы ән орындаған мұнайшылардың әрқайсысының өнерін талқылаудан өткізіп, төрт үміткерді ынталандыру жүлдесімен марапаттады. Кәсіпорын аппаратында есепшілік кәсіпті меңгерген жас Мәди Бексейіттің ән орындау мәнері үшінші жүлдеге лайық деп табылды. «Жылыоймұнайгаз» басқармасында арнаулы техникалық кранның рөлін шырқ үйіріп жүрген жүргізуші Нұрлан Дүйісов гитарамен шырқаған «Журавли» әні үшін екінші жүлдені иеленді. Ал «Доссормұнайгаз» басқармасының өкілі Жанат Өтепованың нәзік те болса, өзіндік иірімі бар даусымен тамылжыта шырқалған әні оған бірінші жүлдені алып берді. – Мұнайшылар тек өндірістік жұмыс­тарды атқарумен шектелмей, өнерпаздық қабілеттерін ұштап келеді. Арамызда кез келген әнді шырқайтын әншілеріміз бар. Көркем сөз оқу машығын меңгерген де бар. Бұған Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арнал­ған байқау барысында куә болып отырмыз. Жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ. Аталарымыз бен әкелеріміз мұз жастанып, қар жамылып, жауға қарсы қасық қаны қалғанша арпалысты. Миллиондардың сүйегі майдан даласында қалды. Миллион­дар әкесіз, миллиондар баласыз, миллиондар жесір қалды. Миллиондарды жылатқан соғыстың жарасы әлі де жазыла қойған жоқ. Соғыстан оралған майдангерлер бейбіт күнде де ерінбей еңбек етті. Бізді бүгінгі бейбіт күнге жеткізді, – деді байқау жеңімпаздарын марапаттау салтанатында «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы бас директорының орынбасары Рысты Тасмағамбетова. – Соғыста қанын төккен, тылда маңдай терін төге еңбек еткен ардагерлеріміз қандай құрметке де лайық. Сол қарттарымыз аман-сау жүрсе екен. Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесінде «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының шақыруымен әйгілі «Дос-Мұқасан» ансам­блі мен танымал әнші Алтынай Жора­баева мұнайшылар арасында концерт берді.

Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан».

Атырау облысы.