Әйтеке би ауданының Қияқты ауылында жергілікті атқарушы органдар, қоғам өкілдері және полиция қызметкерлерінің қатысуымен профилактикалық кездесу өтті, деп хабарлайды Egemen.kz
Іс-шараға ауыл әкімі, ауыл ақсақалдары, полиция қызметкерлері және ауыл тұрғындары қатысты.
Кездесу барысында құқықбұзушылықтың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау, қоғамдық тәртіпті нығайту және ауылдағы қолайлы әлеуметтік ахуалды сақтау мәселелері талқыланды. Жиын қорытындысы бойынша ауыл тұрғындары алкоголь өнімдерін сату және тұтынудан бас тарту бастамасын бірауыздан қолдады.
Ел тұрғындарының алкогольге жұмсайтын шығыны 15,2 пайызға азайды
Қияқты ауылында 62 үй бар, халық саны – 207 адам. Соңғы бес жыл ішінде ауыл аумағында бірде-бір қылмыс пен әкімшілік құқықбұзушылық тіркелмегені атап өтілді.
Полиция қызметкерлері мұндай оң нәтижелер тұрғындардың ауызбіршілігі, ауыл халқының белсенді азаматтық ұстанымы, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың, ақсақалдар кеңесі мен полицияның бірлескен профилактикалық жұмысының арқасында мүмкін болып отырғанын алға тартты.
Статистика: Ел тұрғындары темекі мен алкогольге кететін шығынды азайтқан
Бүгінде облыс бойынша 40 елді мекен алкоголь өнімдерін тұтынудан бас тарту бастамасын қолдады. Тұрғындары алкогольден бас тартқан ауылдарда тұрмыстық жанжалдар мен құқықбұзушылықтар саны азайып, қоғамдық тәртіп нығайып, қауіпсіздік деңгейі артып келеді.
Полиция қызметкерлері тұрғындарды өзара сыйластықты, заңға құрметті және қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне жауапкершілікпен қарау дәстүрін одан әрі сақтауға шақырды.