Қызылжардағы Абылай хан резиденциясы музей-кешенінің филиалы – Ислам мәдениеті музейінің қоры Татарстанның орталығы Қазан қаласынан жеткізілген 13 жәдігермен толықтырылды.
Музейдің директоры Мұрат Әміржановтың айтуына қарағанда бұл жәдігерлер Ислам мәдениеті музейіне Қазанның Құл-Шариф мұражайынан сыйға тартылыпты. Әкелінген жәдігерлердің ең көнесі – 1750 жылдары шыққан Құран. Қазан қаласында бас-па ХVІІ ғасырда пайда болған екен. Ал мына Құран Қазан баспасынан ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында жарыққа шыққан.
Жәдігерлердің арасында ХХ ғасырдың басында пайғамбардың өмірбаяны жазылған кітап, 1901 жылы басылған Құранның тәпсірі – «Кәләм шариф» бар. Бұл кітаптың сол жылдарда басылған тағы бір нұсқасы да бар. Айырмашылықтары тек сыртқы көлемдерінде ғана. Сондай-ақ намаз оқудың тәртібі жазылған көне кітап та жеткізілген. «Мұның қазіргі бізде шығып жатқан намаз оқу тәртібінен еш айырмашылығы жоқ. Намаз оқудың тәртібі еш өзгермеген», дейді Мұрат Нәбиұлы.
Құранды қалай оқу тәртібі, яғни грамматика сабағы жазылған жинақ та осында. Біз үшін ең қызық жәдігер – Құран бойынша сырқаттарға оқылатын дұғалықтар болды. Науқастың сырқатына қарай кітаптағы тиісті дұға оқылады екен. Сонымен қатар мұнда Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) баталарының жинағы қамтылған.
Осы жәдігерлердің бәрін Қызылжар музейіне сыйға тартқан Қазан Ислам музейінің директоры Ильнур (тегі көрсетілмеген) атты азамат. Ол өздерінде бұлардың ескірмеген нұсқалары бар екенін айтқан. Ал мына жәдігерлердің бәрі адамдардың қолынан жиналған экспонаттар көрінеді. Сондықтан да көбі ескіріп, тозыңқырап кеткен. Енді Мұрат Нәбиұлы оларды рес-таврациялап, қалпына келтіру жұмыстарымен айналысып жатқандарын айтты.
Сонымен қатар Мұрат Әміржановқа Татарстанның бас мүфтиі киген көне сәлде сыйға тартылыпты. «Енді өзіміздің мүфтидің де бұрынғы сәлдесін сұрап алып, екеуін қатар қоятын боламын», дейді ол. Әрине, мұндай экспонаттар музейге келетіндер үшін қызғылықты жәдігерлер болары сөзсіз.