Жақында Шымкент қаласындағы Rixos Khadisha Shymkent қонақүйінде мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ғалым, академик, геология-минералогия ғылымдарының докторы Шахмардан Есеновтің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында «Қазақстандағы геологиялық барлау ісінің даму эволюциясы: инновациялар мен перспективалар» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Ауқымды ғылыми жиын «САУТС-ОЙЛ» ЖШС, Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы және Ұлттық инженерлік академиясымен бірлесіп ұйымдастырылды. Конференция еліміздің геология, мұнай-газ, инженерия және жер қойнауын пайдалану салаларындағы өзекті мәселелерді талқылайтын маңызды ғылыми алаңға айналды.
Жиынға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, инженерлер, геологтер, мұнай-газ саласының мамандары, ғылыми-зерттеу институттары мен өндірістік компаниялар өкілдері қатысты. Конференцияның басты мақсаты – академик Шахмардан Есеновтің қазақ геологиясына қосқан тарихи еңбегін дәріптеу, сондай-ақ қазіргі геологиялық барлау ісінің жаңа бағытын, инновациялық әдістерін, болашақтағы даму келешегін айқындау болды.
Пленарлық мәжіліске техника ғылымдарының докторы, Қазақстанның Еңбек Ері, «Мұнай-газ кешені ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестік кеңесінің төрағасы, ҰҒА академигі Ұзақбай Қарабалин төрағалық етті. Ол конференцияның ашылуында Шахмардан Есенов есімі ел геологиясының тұтас дәуірімен сабақтас екенін, ал бүгінгі ғылыми жиын сол мектептің жаңа тарихи кезеңдегі жалғасы болғанын атап өтті. Оның сөзінде геология саласындағы сабақтастық, ғылыми жауапкершілік пен елдің табиғи ресурсын тиімді игеру мәселелері негізгі ой ретінде көрініс тапты.
Техника ғылымдарының докторы, «САУТС-ОЙЛ» ЖШС президенті, ҰҒА академигі Серікжан Сейтжанов отандық мұнай-газ саласының алдында тұрған міндеттерге тоқталып, елімізде дәстүрлі емес көмірсутек ресурстарын, соның ішінде тақтатас мұнайын зерттеу мен игеру ісі стратегиялық маңызға ие бола бастағанын жеткізді. Оның айтуынша, бүгінде геология ғылымы мен өндірістің өзара байланысы бұрынғыдан да күшейіп, нақты технологиялық шешімдерге сүйенген жаңа ізденістер қажет.
Елімізде мұнай-газ саласының дамуы ондаған жыл бойы дәстүрлі кен орындарын игерумен тығыз байланысты болды. Бұл кен орындары экономиканың өсу негізіне айналып, оның өнеркәсіптік әлеуетінің қалыптасуына, энергетикалық тәуелсіздігінің нығаюына жол ашқаны да сөзсіз. Бүгінде жаңа кезең табалдырығын аттамақ ниеттеміз, яғни ресурс базасын едәуір кеңейтуге, тұрақты дамуға қосымша мүмкіндік ашуға қабілетті дәстүрлі емес көмірсутек қорларын игеруге көшу кезеңін бастадық.
Тақтатас мұнайы – энергетикадағы мүмкіндігі мол салалардың бірі әрі технологиялық тұрғыдан күрделі бағыттардың бірегейі. Бұл тек өндірудің тың технологиясы ғана емес, жер қойнауын пайдалануға мүлдем жаңа, салалық тұрғыдан өзгеше тәсіл болмақ. Яғни заманауи инженерлік шешімдерді, деректерді талдаудың цифрлық әдістерін, жобаларды кешенді басқаруды үйлестіре отырып жүзеге асады. Әлемнің көптеген елдерінде дәл осы тақтатас жобалары технологиялық инновациялардың дамуына, инвестициялардың келуіне, жаңа өндірістік тізбектердің қалыптасуына серпін беретін негізгі қозғаушы күшке айналып отыр.
Ал елімізде бұл бағытты дамыту стратегиялық маңызға ие екенін де атап өткім келеді. Ең алдымен, әңгіме энергетика саласын әртараптандыру мен елдің ресурстық қауіпсіздігін нығайтуда болып отыр. Тақтатас қабаттарын игеру бұрын қолжетімсіз болып келген көмірсутек қорларын өндіріс айналымына енгізуге мүмкіндік береді. Осылайша, мұнай өндіру саласының игерілу мерзімін ұзартуға, дәстүрлі кен орындарының сарқылуына тәуелділікті азайтуға жол ашады.
Экономикалық әсері де кем емес. Тақтатас мұнайы саласындағы жобалар геологиялық барлау жұмысына, бұрғылауға, инфрақұрылымға әрі жоғары технологиялық жабдықтарға қомақты инвестицияны қажет етеді. Бұл өз кезегінде заманауи инженерлік шешімдерге сұраныс қалыптастырып, қызмет көрсету компанияларының ғылыми-зерттеу орталықтарының, өндірістік кәсіпорындардың дамуын ынталандырады. Нәтижесінде, бүкіл экономика үшін мультипликативтік әсері қалыптасады, демек машина жасау мен логистикадан бастап, білім беру және кадр даярлау жүйесіне дейін ілгерілейді.
Біз жаңа сала дамуының әлеуметтік өлшеміне ерекше назар аударамыз. Әрбір ірі энергетикалық жоба – жаңа жұмыс орындарының ашылуы, мамандар біліктілігінің артуы, сондай-ақ жобалар жүзеге асырылатын өңірлерде халық табысының өсуі дегенді білдіреді. Заманауи өндірістердің айналасында жаңа инфрақұрылымдық нысандар қалыптасып, әлеуметтік сала дамиды, өмір сүру сапасы жақсарады.
«САУТС-ОЙЛ» компаниясы қоғам мен мемлекет алдындағы жауапкершілігін терең түсінеді. Сонымен қатар даму қағидаттарын да дәйекті түрде жүзеге асырып келеді. Компания тек өндірістік көрсеткіштерге ғана емес, экологиялық қауіпсіздікке, әлеуметтік қолдауға, қызметтің ашықтығына да айырықша мән береді. Тақтатас мұнайын игеру барысында экологиялық стандарттарды қатаң сақтау қажет екенін ерекше атап өткен жөн. Дегенмен заманауи технологиялар қоршаған ортаға келтіретін әсерді едәуір азайтуға мүмкіндік беретіні көңіл көншітеді. Яғни су тұтынуын қысқартуға, көміртек ізін төмендетуге, ресурстарды пайдалануды оңтайландыруға жағдай жасауға болады. Біз экологиялық құрамдасты шектеу ретінде ғана емес, тиімді әрі ұзақмерзімді бизнестің маңызды элементі ретінде қарастырамыз.
«САУТС-ОЙЛ» компаниясы үшін тақтатас мұнайы бағыты мұнай-газ саласындағы көпжылдық тәжірибенің заңды жалғасына айналады. Жүргізілген геологиялық барлау зерттеулері, геологиялық үлгілерді жасау және алғашқы тәжірибелік жобалар Оңтүстік Торғай бассейніндегі тақтатас қабаттарының жоғары әлеуетін растады.
Тақтатас мұнайының алғашқы қорларын мемлекеттік балансқа қою тек біздің компания үшін ғана емес, бүкіл сала үшін маңызды. Бұл оқиға іс жүзінде еліміздің мұнай өндіру тарихында елеулі өндірістік бағыттың қалыптасуына негіз қалады. Бір бұл бағытты елдің энергетика секторын тұрақты дамытуға, озық технологияларды енгізуге, заманауи өндірістік мәдениетті қалыптастыруға бағытталған ұзақмерзімді стратегия ретінде қарастырамыз.
Тақтатас мұнайын өндірудің дамуы еліміздің экономикалық өсіміне елеулі үлес қосып, әлемдік энергетикалық нарықтағы ұстанымын нығайтып, инновациялық өнеркәсіптік ортаның қалыптасуына ықпал етеді. Ал өз кезегінде, «САУТС-ОЙЛ» компаниясының тәжірибесі еліміздің энергетикалық саласының одан әрі дамуы-на пайдалы болады деп үміттенеді.
Іс-шараға Президенттің кеңесшісі Мағзұм Мырзағалиев, мемлекет және қоғам қайраткері Ахметжан Есімов, Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров, «Kazenergy» қауымдастығының төрағасы Болат Ақшолақов, Ұлттық ғылым акаде-миясы, геологиялық институттар, мұнай-газ компаниялары және кәсіби бірлестіктер өкілдерінің қатысқаны оның мәртебесін тіпті арттыра түсті.
Жиын барысында Шахмардан Есеновтің өмірі мен қызметіне арналған деректі фильм көрсетіліп, академиктің ел ғылымына сіңірген еңбегі туралы айтылды. Мақсұтбек Шахмарданұлы Есеновтің қатысуы конференцияға ерекше рухани мән берді. Ол әке мұрасының ең басты өзегі елге қызмет ету, ғылымға адалдық, жас ұрпаққа сенім арту екенін жеткізгендей әсер қалдырды.
Конференцияның ғылыми мазмұнында ерекше орын алған бағыт – елімізде тақтатас мұнайын зерттеу және өндіру келешегі туралы болды. Бұл тақырыптың жеке фильммен, арнайы баяндамалармен және технологиялық талқылаулармен қамтылуы елімізде сланец мұнайы бағытының жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын көрсетті. Бұған дейін тақтатас мұнайы көбіне АҚШ пен Қытай тәжірибесімен байланыстырылып келсе, енді еліміз де осы күрделі әрі келешегі мол бағытта ғылыми-өндірістік ізденісін бастады.
Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, академик Асқар Жұмаділдаевтың конференцияға қатысуы да жиынның ғылыми салмағын арттыра түскені анық. Ол елімізде тақтатас мұнайын зерттеу және өндіру мәселесіне айрықша назар аударып, бұл бағыттың ғылым үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. Ұлттық инженерлік академиясының президенті Бақытжан Жұмағұлов «Қазақстанда тақтатас мұнайын өндіру перспективалары» тақырыбындағы баяндамасында бұл бағыттың еліміз үшін жаңа технологиялық мүмкіндік екенін атап өтті. Оның баяндамасының негізгі өзегі – Қазақстан геологиясы дәстүрлі кен орындарын зерттеумен шектелмей, күрделі құрылымды, өткізгіштігі төмен және дәстүрлі емес көмірсутек қабаттарын игеруге көшуге тиіс деген ойға саяды. Бұл – ғылым мен өндірістің тоғысқан жерінде ғана шешілетін күрделі міндет.
«САУТС-ОЙЛ» ЖШС геология және кен орындарын игеру жөніндегі вице-президенті Шайхан Мұхаметрахимов «Тақтатас мұнайы: сын-қатерлер мен шешімдер» атты баяндамасында сланец мұнайын өндірудің технологиялық күрделілігіне назар аударды. Баяндама мазмұнында тақтатас қабаттарының геологиялық ерекшелігі, өткізгіштігі төмен коллекторларды тиімді игеру, қабатты гидрожару, көлденең бұрғылау, геомеханикалық модельдеу және өндірістік тәуекелдерді басқару мәселелері көтерілді. Бұл бағытта тек мұнайшының емес, геологтің, инженердің, цифрлық модельдеушінің және экологтің бірлескен еңбегі қажет екені айқындалды.
«Carrie Technology Holding Limited» компаниясының президенті Жэньци Цзян «САУТС-ОЙЛ» ЖШС келісімшарттық аумағында тақтатас мұнайын барлау және игерудің прогресі мен әлеуеті туралы баяндама жасады. Оның баяндамасында халықаралық тәжірибе, технологиялық бейімдеу және нақты геологиялық аумақта сланец мұнайын игерудің мүмкіндіктері сөз болды. Бұл баяндама Қазақстандағы тақтатас мұнайын игеру ісінің тек теориялық талқылау деңгейінде емес, нақты келісімшарттық аумақтарда ғылыми-өндірістік негізде қарастырылып жатқанын көрсетті.
Тақтатас мұнайын өндіру – оңай игерілетін ресурс емес. Ол терең геологиялық талдауды, заманауи сейсмикалық зерттеулерді, жыныстардың кеуектілігі мен өткізгіштігін дәл бағалауды, қабат қысымын, органикалық заттардың жетілу деңгейін және мұнайдың миграциялық ерекшеліктерін кешенді зерттеуді талап етеді. Конференцияда айтылған ойлардан байқалғандай, елімізде бұл бағыттың болашағы, ең алдымен ғылыми дәлдікке, өндірістік тәжірибеге, халықаралық технологиялық әріптестікке және кадрлық әлеуетке байланысты.
Алдағы жылдары тақтатас мұнайын зерттеу еліміз үшін геологиялық барлаудың жаңа белесіне айналуы мүмкін. Егер бұл бағытта жүйелі ғылыми зерттеулер, пилоттық өндірістік сынақтар, заманауи бұрғылау технологиялары және экологиялық қауіпсіздік талаптары қатар дамытылса, елімізде дәстүрлі емес көмірсутек ресурстарын игерудің жаңа мектебі қалыптасады. Бұл үдеріс Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, мұнай-газ саласының ғылыми-инженерлік дамуына тың серпін береді.
Ғылыми жиында академик Элеонора Сейтмұратова «Ш.Есенов – Қазақстан геологтерінің жұлдызды буынының жарқын өкілі» атты баяндама жасап, Шахмардан Есеновтің тұлғалық және ғылыми болмысын терең ашты. Оның баяндамасында Ш.Есенов есімі тек жеке ғалымның ғана емес, қазақ геологиясының өрлеу дәуірінің символы ретінде сипатталды. Бұл ой конференцияның рухани мазмұнын тереңдете түсті.
Ш.Есенов атындағы қор өкілі Ирина Грищенко «Армандарды қолдау, мүмкіндіктер жасау: Шахмардан Есенов қорының тарихы мен жетістіктері» атты баяндамасында жас ғалымдар мен талантты жастарды қолдаудың маңызын атап өтті. Аталған баяндама Есенов мұрасының бүгінгі күні білім, ғылым және жастардың кәсіби өсуі арқылы жалғасып жатқанын көрсетті.
Конференцияның секциялық мәжілістерінде де тақтатас мұнайына жақын ғылыми мәселелер кеңінен талқыланды. Бірінші секцияда көмірсутек шикізаты кен орындарын іздеу, барлау және игеру мәселелері қарастырылды. Мансия Бабашева мен Аружан Мақсұтова битумды жыныстар мен табиғи битум кен орындарын игеру жолдары туралы баяндап, дәстүрлі емес көмірсутек көздерінің маңызын ашты. Бұл тақырып сланец мұнайы бағытымен мазмұндас болып, еліміздегі күрделі көмірсутек ресурстарын игеру қажеттігін көрсетті.
Асқар Сыздықов жаңа геологиялық барлаудың институционалдық архитектурасы жөнінде сөз қозғап, іргелі геология, ғылыми мектеп және болашақ ашылымдарға жол ашатын орта қалыптастыру мәселесін көтерді. Бұл ой тақтатас мұнайын игеру үшін де аса маңызды, себебі мұндай күрделі ресурстарды игеру кездейсоқ шешіммен емес, мықты ғылыми мектеп пен заманауи зерттеу инфрақұрылымына сүйенуге тиіс.
Гүлмәдина Амангелдиева Оңтүстік Торғай бассейнінің рифттік тектоникасы мен көмірсутек шоғырларының орналасу заңдылықтарына тоқталса, Ақмарал Демеуова Арысқұм ойысының мезозой шөгінділерінің мұнай-газ түзу әлеуетін бағалау мәселесін қарастырды. Бұл баяндамалар тақтатас мұнайы мен басқа да көмірсутек ресурстарын ғылыми тұрғыдан болжау үшін бассейндік талдаудың, тектоникалық құрылымның, геохимиялық бағалаудың маңызы зор екенін көрсетті.
Арайбек Жиенғалиев пен Дулат Ажғалиев ГИС-модельдер мен геологиялық барлаудың перспективалары туралы баяндамасында Каспий өңірінен Арал және Әмудария бассейндеріне дейінгі кеңістікте цифрлық модельдеудің маңызын атап өтті. Бұл тақырып қазіргі геологиядағы басты үрдісті – деректерге негізделген шешім қабылдау мен кеңістіктік талдау әдістерінің күшеюін айқындады.
Жанна Баймұрзаева жоғары минералдану жағдайындағы керндерде полимерлік су айдау мәселесін қарастырды. Бұл баяндама көмірсутек кен орындарын тиімді игеру үшін қабатқа әсер ету әдістерін ғылыми тұрғыдан жетілдіру қажеттігін көрсетті. Ал Серік Исенов сейсмикалық барлау зерттеулерінің тиімділігін арттыру арқылы жергілікті іздеу нысандарын болжау мәселесіне тоқталып, мұнай-газ барлауындағы дәлдік пен технологиялық жаңарудың маңызын атап өтті.
Екінші секцияда еліміздің геологиясы, тектоникасы және металлогениясы мәселелері талқыланды. Герой Жолтаев пен Хайрлы Әбілхасымов Солтүстік Торғай бассейнінің терең құрылымы мен мұнай-газдылық келешегін қарастырды. Бұл бағыттар Қазақстанның терең қабаттарындағы көмірсутек әлеуетін қайта бағалау қажеттігін көрсетеді.
Вячеслав Жемчужников пен Айзада Досан терең горизонттардағы карбонатты қабаттардың геологиялық барлаудағы рөлін талқыласа, Сәуле Увакова қатысқан баяндамада сейсмикалық геоморфология мен флювиалдық тұзақтарды іздеу мәселесі көтерілді. Мұндай зерттеулер тақтатас мұнайын игеру үшін де маңызды, себебі дәстүрлі емес ресурстарды анықтау көбіне күрделі геологиялық интерпретацияға сүйенеді.
Айдана Сағынбаева FZI және IPSOM негізінде фацияларды бөлу, петрофизика мен машиналық оқытуды геомодельге біріктіру туралы баяндады. Бұл қазіргі геологияда жасанды интеллект пен деректерді өңдеу әдістерінің маңызы артып келе жатқанын көрсетті. Тақтатас мұнайы сияқты күрделі қабаттарды игеруде дәл осындай цифрлық шешімдер шешуші рөл атқарады.
Үшінші секцияда заманауи іздеу, барлау және игеру технологиялары талқыланды. Жалғас Иманбаев мұнай және газ ұңғымаларын тиімді игеру тәсілдеріне тоқталса, Әлия Ебрашева мен Айжан Өмірбекова битумқұрамды жыныстарды барлау мен өндіріске енгізудің өзекті мәселелерін қарастырды. Бұл баяндамалар еліміздегі күрделі көмірсутек ресурстарын игерудің ғылыми және өндірістік маңызын толықтыра түсті.
Төреғали Мұрынов көмірсутектерді іздеу мен барлауда субатомдық технологияларды қолдану жөнінде баяндап, геологиялық барлауда тың әдістердің қажеттігін көрсетті. Ранида Төлеубаева төмен өткізгішті коллекторлардағы кеуекті кеңістікті көпмасштабты талдау туралы айтып, микроскопиялық зерттеуден цифрлық фильтрация моделіне дейінгі кешенді тәсілдің маңызын айқындады. Аталған тақырып сланец мұнайы үшін аса өзекті, өйткені өткізгіштігі төмен қабаттарды түсінбей жатып, оларды тиімді игеру мүмкін емес.
Айтбек Ахметжанов пен Айзада Досан университеттің заманауи пайдалы қазбаларды іздеу мен барлау әдістеріне цифрлық технологияларды енгізудегі рөліне тоқталды. Баяндама ғылым мен білімнің өндіріс сұранысына сай жаңаруы қажет екенін көрсетті. Ал Нұрлан Уразалиев пен Айбек Сәрсенбаев көлденең бұрғылау мәселесін қарастырды. Көлденең бұрғылау – тақтатас мұнайын игерудегі ең маңызды технологиялардың бірі болғандықтан, бұл баяндама конференцияның негізгі тақырыбымен үндес.
«Cure Land» компаниясының президенті Баолинь Лю қабатты гидрожару жобалау мәселесін баяндады. Бұл технология тақтатас мұнайын өндіруде әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылатын шешімдердің бірі саналады. Конференцияда осы тақырыптың көтерілуі елімізде сланец мұнайын игеру үшін қажетті технологиялық база мен халықаралық тәжірибені зерделеудің маңызды екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Шымкентте өткен бұл ғылыми басқосу академик Шахмардан Есеновтің мұрасын құрметтеумен қатар, Қазақстан геологиясының жаңа даму кезеңін айқындаған мазмұнды алаң болды. Әсіресе тақтатас мұнайы мәселесінің кеңінен талқылануы еліміздің мұнай-газ саласында жаңа мүмкіндіктерге бет бұрып отырғанын көрсетті. Бұл бағытта алдағы уақытта ғылыми зерттеу, тәжірибелік сынақ, өндірістік енгізу және халықаралық әріптестік қатар дамуға тиіс.
Академик Ш.Есеновтің өмір жолы – ғылымға, елге, болашаққа қызмет етудің жарқын үлгісі. Бүгінде Қазақстан геологиясы осынау ғылыми мұраны жалғастыра отырып, жаңа технологияға, дәстүрлі емес ресурстарды игеруге, ұлттық инженерлік әлеуетті күшейтуге бет алды. Тақтатас мұнайы саласындағы ізденістер осы жолдағы маңызды қадамдардың бірі болмақ. Конференция қорытындысы геология ғылымына, мұнай-газ өндірісіне және энергетикалық қауіпсіздікке тың серпін беретіні сөзсіз.
Әлімжан ҚҰРТАЕВ,
Ұлттық инженерлік академиясы Оңтүстік өңірлік филиалының вице-президенті, техника ғылымдарының докторы