• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:17

ТКШ жүйесі жаңғыртылады

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы өз Жолдауында бұл саланың инфрақұрылымын жаңғырту және оны басқарудың жаңа моделін қалыптастыру қажеттігін айрықша атап өткен болатын.

Президент жүктеген міндеттердің Солтүстік Қазақстан облысындағы орындалу барысы «Аmanat» партиясының өңірлік филиалы ұйымдастырған «Тұрғындар аманаты» атты республикалық жиында талқыланды. Алқалы басқосуға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, партия белсенділері, салалық басқарма өкілдері, депутаттар, сондай-ақ Мүлік иелері бірлестіктерінің (МИБ) және Пәтер иелері кооперативтерінің (ПИК) төрағалары қатысты. Өңір басшысы облыста бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті.

«Бүгінде облыста 1 920 көпқабатты тұрғын үй бар. Олардың ішінде 511 МИБ құрылып, 946 кондоминиум нысаны тіркелді. Бұл – жергілікті атқарушы органдар мен өз үйлерінің жай-күйіне бейжай қарамайтын тұрғындардың ортақ еңбегінің нәтижесі. Ендігі міндет – қол жеткізілген нәтижемен шектелмей, саланы жүйелі түрде жаңғырту, инженерлік желілердің сенімділігін арттыру және халықпен ашық диалог орнату», деді облыс әкімі.

Партия Орталық аппаратының хатшысы Александр Данилов МИБ пен ПИК жетекшілерінің халықпен тікелей байланыс орнатудағы рөлі зор екенін атап өтіп, олардың көтерген мәселелерін шешу бағытында партия тарапынан тиісті қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Жиында сөз алған «Жаңа үй» МИБ жетекшісі Азамат Қасенов тұрғын үйді басқару саласы бүгінде сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілгенін айтты. Оның айтуынша, ескірген инженерлік жүйелер мен жеделсатыларды жөндеу мәселесінде ПИК мүшелеріне мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолжетімді жаңғырту бағдарламалары мен нақты тарифтік саясат арқылы қолдау көрсету қажет.

Өз кезегінде ПИК қауымдастығының төрағасы Сергей Худяков заңнама талаптарына сәйкес биылғы 16 шілдеге дейін ПИК-тер басқару нысаны ретінде қайта тіркеуден өтуге тиіс екенін еске салды. Оның айтуынша, бұл жүйе қаржының жұмсалу ашықтығын қамтамасыз еткенімен, іс жүзінде тіркеу үдерісінде бірқатар бюрократиялық кедергілер сақталып отыр.

Басқосуды қорытындылай келе, жиында көтерілген барлық өзекті мәселелер мен ұсыныстар «Тұрғын үй қатынастары туралы» жаңа заң жобасына енгізу үшін жолданатыны атап өтілді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы 

Соңғы жаңалықтар