Халықаралық аренада Қазақстан медициналық туризм саласындағы өз орнын кезең-кезеңімен нығайтып келеді. Былтыр отандық медицина ұйымдары шамамен 80 мың шетелдік азаматқа қызмет көрсеткен, деп хабарлайды Egemen.kz.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, Қазақстанның бұл саладағы басты артықшылығының бірі – жоғары деңгейдегі медициналық көмекті қолжетімді бағамен ұсынуы. Бүгінде елімізде сапа мен қауіпсіздікке қойылатын халықаралық талаптарға сәйкес келетін медициналық мекемелер табысты жұмыс істеп жатыр.
Қазақстандағы 10 медициналық ұйым денсаулық сақтау саласындағы ең беделді халықаралық стандарттардың бірі саналатын JCI аккредитациясына ие.
Елімізге ем іздеп келетін шетелдіктер көбейген
Осы бағытты одан әрі дамыту мақсатында Туризм және спорт министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, 2026-2028 жылдарға арналған медициналық туризмді дамыту жөніндегі жол картасын әзірлеп жатыр.
«Құжатта отандық медициналық қызметтерді шетелдік нарықтарда ілгерілету, инфрақұрылымды дамыту, сервистік қызметтердің сапасын арттыру және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бойынша кешенді шаралар қарастырылған», делінген хабарламада.
Айта кетейік, медициналық туризмді дамыту инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және Қазақстанның ем алу мен сауықтыруға қолайлы, заманауи әрі бәсекеге қабілетті мемлекет ретіндегі халықаралық беделін нығайтуға ықпал етеді.
Бұған дейін елімізде шетелдіктердің жүріс-тұрысы қатаң бақыланатыны туралы хабарлаған едік.