Премьер-Министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Байқоңыр кешенінде туризмді дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді. Құжат халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті туристік өнім қалыптастыруға және саланың тұрақты дамуына қажетті жағдай жасауға бағытталған, деп жазады Egemen.kz.
Тұжырымдаманы іске асыру аясында шетелдік туристер үшін рұқсат беру рәсімдері жеңілдетілді. Қазір қажетті құжаттарды рәсімдеу мерзімі 10 күнге дейін қысқартылды. Бұл кешеннің шетелдік қонақтар үшін қолжетімділігін арттырып, ғарыш аппараттарының ұшырылымдарын тамашалауға арналған туристік бағдарламалардың дамуына серпін береді.
Туризмді дамытуға Қазақстанның қарамағына бірқатар нысанның берілуі де жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Олардың қатарында Гагарин ұшу алаңы, монтаждау-жанармай құю кешені және динамикалық сынақтар стенді бар.
Байқоңыр ғарыш айлағынан жөндеу жұмыстарынан кейін алғаш рет зымыран ұшырылды
Аталған нысандардың туристік әлеуеті жоғары. Олар ғылымға, технологияға және ғарыш тарихына қызығатын әлемнің түкпір-түкпірінен келетін саяхатшылар үшін маңызды тартымдылық орталығына айнала алады.
Қазіргі уақытта нысандарды жаңғыртуға және заманауи туристік инфрақұрылым қалыптастыруға мүдделі инвесторларға арналған инвестициялық ұсыныстар әзірленген.
Сондай-ақ ұшырылымдар арасындағы кезеңде оқиғалы туризмді дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Бұл бастама жыл бойы тұрақты туристік ағын қалыптастыруға және кешеннің қолданыстағы инфрақұрылымын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Тарихи оқиға: Байқоңырдан «Союз-5/Сұңқар» перспективті зымыран-тасығышы сәтті ұшырылды
Байқоңырды әлемдік деңгейдегі туристік орталық ретінде дамыту – туризм саласын әртараптандырудың маңызды бағыттарының бірі. Бұл Қазақстанның халықаралық туристік нарықтағы ұстанымын нығайтып, елдің туристік тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы былтыр Ресейге сапары кезінде «Российская газета» басылымындағы мақаласында «Байқоңыр» ғарыш айлағын «Әлемдік космонавтиканың алтын бесігі» деп атап өткен болатын.