• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту

ҚТЖ-ның әлеуметтік қолдау бағдарламалары қалай жүзеге асырылып жатыр?

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру, адами капиталды дамыту және әлеуметтік тұрақтылықты нығайту жөніндегі шаралар іске асырылып жатыр. Жұмыскерлердің кәсіби дамуына, отбасыларды қолдауға және өңірлердің тұрақты дамуына жағдай жасай отырып, бұл міндеттерді шешуге еліміздің ірі жұмыс берушілері елеулі үлес қосып отыр.

Осындай жұмыс берушілердің бірі − «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ. Ұлттық компанияның әлеуметтік саясаты ардагерлер мен жастарды қолдаудан бастап теміржолшылар тұратын және жұмыс істейтін елді мекендерде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға дейінгі бағыттардың кең ауқымын қамтиды.

Өңірлерде өмір сүру үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінеді. Сонымен, Wabtec компаниясымен бірлесіп Сексеуіл мен Шалқарда шығармашылық орталық пен өнер мектебін салу бойынша жобалар іске асырылып жатыр. Жаркентте Алтынкөл – Жетіген темір жол учаскесін жаңғырту аясында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ облыс әкімдігімен бірлесіп және «Теміржол жөндеу» ЖШС көмегімен салған 140 орындық балабақша ашылды. Бұл нысандар жұмысшылар мен отбасыларының өмір сүру сапасын жақсартып қана қоймай, елді мекендердің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға ықпал етеді.

Сала ардагерлерін қолдау маңызды бағыт болып қала береді. Компания 45 мыңнан астам зейнеткерге медициналық көмек, санаторлы-курорттық емдеу және мерейтойлық төлемдерді қосқанда әлеуметтік қолдау көрсетіп келеді. ҚТЖ ардагерлер кеңесі мен Ардагерлердің консультативтік кеңесі арқылы ұрпақтар байланысы сақталып отыр, ал ардагерлердің кәсіби тәжірибесі жас мамандарды даярлауда сұранысқа ие.

Жұмысшылардың отбасыларына көп көңіл бөлініп отыр. Биыл ҚТЖ балаларды сауықтыру лагерьлеріне тегін жол жүруімен 7 372 жолдама сатып алды. Жалғызбасты ата-аналарға атаулы қолдау көрсетіледі, мектеп түлектерінің ата-аналарына қосымша ақылы демалыс күндері беріледі.

Дәстүрлі түрде балаларды қорғау күніне орай ауқымды іс-шаралар өткізіледі. Биылғы жылы ҚТЖ Басқарма төрағасының тапсырмасы бойынша шалғай станцияларда тұратын теміржолшылардың көпбалалы отбасыларынан шыққан жүз бала зияткерлік және шығармашылық дамуға, сондай-ақ белсенді демалысқа ықпал ететін велосипедтер, LEGO конструкторлары және басқа да дамытушы жиынтықтар алды.

Еліміз бойынша балалары оқу, спорт және шығармашылық бойынша елеулі нәтижелерге қол жеткізген қызметкерлердің отбасыларын құттықтау ұйымдастырылды.

Өскелең ұрпақты қолдау кәсіптік бағдар беру жұмысын да қамтиды. Компания мектеп оқушылары мен студенттерді теміржол мамандықтарымен таныстыра отырып, өндірістік нысандар мен салалық мұражайға экскурсиялар ұйымдастырады. Биыл ҚТЖ орталық мұражайына 400-ден астам жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттері келді.

Балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту маңызды. Компанияда теміржол кәсіптерін танымал етуге және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға ықпал ететін «Темір жол балалар көзімен» тақырыбында бейнеконкурстар мен шығармалар конкурстары өткізіледі.

Биыл компания темір жолға әуестік танытқан 6 жасар Әнуар Әбсаттаров пен 11 жастағы Әмір Жанғалиевтің тілектерін орындап, оларды локомотив кабиналарында сапарлауға мүмкіндік жасады және депо бойынша экскурсиялар ұйымдастырды. Сонымен қатар, ҚТЖ 100 жас спортшы-теміржолшы арасында шағын футболдан республикалық турнир өткізді.

Жас кадрларды даярлау да маңызды міндет болып қала береді. Жастар саясатының 2023-2026 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде жас қызметкерлердің кәсіби және басқарушылық құзыреттерін дамытуға бағытталған жобалар іске асырылып жатыр. Олардың қатарында «ҚТЖ-ның 100 жас есімі» жас мамандарды дамыту бағдарламасы, «Жас үздік маман» кәсіби шеберлік конкурсы, «Теміржол білгірлері» интеллектуалды лигасы, «Моя PROFессия» және «Zaman AI» конкурстары, сондай-ақ КВН корпоративтік қозғалысы және «ГалстукOFF» медиа жобасы бар.

Бұқаралық спортты дамыту компанияның әлеуметтік саясатының бір бөлігі. Осы жылдың алғашқы бес айында 9,2 мыңнан астам жұмысшы спорт секцияларында жаттықты. 7,1 мыңнан астам адамның қатысуымен 197 спорттық іс-шара өтті. Компания қызметкерлері халықаралық жарыстарда ҚТЖ мен Қазақстан атынан жақсы нәтиже көрсетіп жүр.

Сонымен қатар, корпоративтік волонтерлік белсенділік дамып келеді. Теміржолшылар қайырымдылық пен экологиялық акцияларға қатысып, ардагерлер мен зейнеткерлерге жәрдемдеседі, әлеуметтік мекемелерге қолдау көрсетеді және өңірлік өзара көмек жобаларын жүзеге асырады.

Айта кетейік, Астанадағы Паралимпиадалық орталықты қолдау, Қарағандыда «Құстарға көмектесеміз» экологиялық акциясы, Рамазан айында ораза ұстаушыларға құрма мен су тарату, «Жүректен жүрекке» және «Жақсылық жасап жарысайық» өңірлік игі істер марафондары, сондай-ақ атаулы әлеуметтік-тұрмыстық көмек көрсету және ардагерлер мен зейнеткерлерге азық-түлік себеттерін тапсыру сияқты іс-шаралар өткізілді.

Тәжірибе көрсеткендей, бүгінде ірі жұмыс берушінің әлеуметтік жауапкершілігі еңбек ұжымы алдындағы міндеттемелерді орындау шеңберінен асып түседі. Сөз адами капиталды дамытуға жағдай жасау, әлеуметтік тұрақтылықты нығайту және адамдардың өмір сүру сапасын арттыру туралы болып отыр. Сондықтан да ҚТЖ-ның әлеуметтік жобалары корпоративтік саясаттың бір бөлігі ғана емес, сонымен қатар өңірлер мен тұтастай алғанда елдің тұрақты дамуына қосқан үлесі болып отыр.

Соңғы жаңалықтар