• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Мамыр, 2026

Татулық темірқазығы

Білікті педагог Ольга Тимнің есімі облысымызға кеңінен танымал. Ұлты неміс болса да, жүрегі «қазақ» деп соққан ұстаз мемлекеттік тіл­дің айбарын асырып жүр. Қазақ тілінен сабақ береді. Мұнымен қоса Достық үйіндегі «Мәміле» клу­бының белсендісі.

Ольга Тимнен «Тілді қалай үй­рен­діңіз?» деп сұрай­тындар көп. Осакаров ауданы Шұңқыркөл ауылында өмірге келген кейіпкеріміз қарадомалақ қазақ балаларымен ойнап өскендіктен, тілді еркін меңгергенін айтады. Ольганың мектептегі ең сүйікті пәні қазақ тілі болыпты. Ал 5-сыныптан бастап «мұғалім боламын» деген асыл арманы оны алға жетеледі.

Орыс мектебін бітірсе де, Ольга Германовна болашақ ма­мандығын таңдауда еш мү­дірген жоқ. Сенімді түрде қазақ тілі пәнінің мұғалімі болуға бел буды. Қарағандыдағы «Бола­шақ» колледжінің бірінші курсын аяқтаған соң, алғашқы педа­гогикалық тәжірибеден өтуді Пионерское ауылындағы мектепте бастайды. Ол жерде әпкесі мен жездесі (алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі) қызмет ететін. Дәл осы жерде жас маманның өмірі күрт өзгереді.

Мектептің сол кездегі басшы­лығы екі тілді де жетік білетін, бала тілін таба алатын дарынды, талапты қызды бірден бай­қайды. Мектеп директоры Ольга­ға сырттай бөлімге ауысып, бірден жұмысқа қалуды ұсы­нады. Осылайша, небәрі 18 жасында Ольга Германовна өзінің ұстаздық жолын қазақ тілі мұғалімі ретінде бастайды.

Колледжді аяқтаған соң білімін «Bolashaq» академия­сында жалғастырды. Оның ізденімпаздығы мен қоғамдық белсенділігі елеусіз қалған жоқ. 2012 жылы Қарағанды облысы әкімінің дәстүрлі «Қайнар» жастар сыйлығының «Жыл сту­денті» аталымын жеңіп алды. Осы жетістігінен кейін магистратураға грант ұсынылса да, Ольга «менің орным – жоға­ры оқу орнында емес, мектеп­тегі шәкірттерімнің жанында» деп, ғылым жолынан гөрі жанына жақын ұстаздық жолды таң­дайды.

Сегіз жыл бойы ауыл мек­те­бінде шыңдалған ұстаз, тұр­мыс құрғаннан кейін облыс ор­та­лығына қоныс аударды. Қара­ғанды қаласындағы №21 орта мектепте мұғалім және аға тәлім­гер болып қызмет етіп, кейін­нен біліктілігінің арқа­сында Қ.Сәтбаев атындағы гимна­зия­ның тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары лауазымына дейін көтерілді. Бұл жылдар ішінде ол облыстық және республикалық деңгейдегі көптеген байқаудың шыңын бағындырды. Әсіресе «Тіл жанашырлары» байқауының «Тіл білгірі» аталымында үздік шығуы – оның көпжылдық еңбегінің лайықты бағасы еді.

Бір қызығы, Ольга Герма-нов­наның отбасы да – көп­ұлт­ты. Анасы – украин, әкесі – неміс. Ал өмірлік серігі – қазақ азаматы. Тіпті енесі де – неміс ұлтынан.

«Шаңырағымызда қазақ­тың барлық салт-дәстүрін ұстана­мыз. Наурызкөже әзірлеп, жеті шелпек пісіреміз. Қазақ отбасына келін болған соң, мұ­нымыз – үйреншікті үрдіс. Бала­ларымызға неміс дәстүрлерін де үйретеміз. Біліп өскеннің артықшылығы жоқ», дейді ол.

Ольга Тимнің қоғамдағы қыз­меті тек мектеппен шектелмейді. 2019 жылдан бас-тап ол Достық үйі жанындағы «Мәміле» клубының жұмы­сына белсене араласып, мемлекет­тік тілді үйренуге құштар жандарға дәріс оқиды. Клубтың ерекшелігі – тілді ереже, емлелер арқылы емес, халқымыздың тарихы мен мәдениеті арқылы меңгертуінде.

Бүгінде клубқа келушілер­дің қатары күн сайын көбе­йіп келеді. Олардың арасында балабақша тәрбиешілерінен бастап, зейнеткерлерге, танымал әртістер мен қарапайым такси жүргізушілеріне дейін бар. Ольганың пайымынша, Қазақстанда тұратын әрбір азамат мемлекеттік тілді білуге міндетті. Өйткені тіл – халықтың жаны, достықтың дәнекері.

Қысқасы, Ольга Тим сияқты тіл жанашырлары барда қазақ тілінің көсегесі көгеріп, көкжиегі кеңи түсетініне кәміл сенеміз.

 

Қарағанды облысы 

Соңғы жаңалықтар