Алматыдағы көпқабатты үйдің төбесіне жеке тұрғынжай салынған. Бұл үй туралы былтыр әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланған. Әкімдік оның заңдылығын анықтау үшін арнайы тексеру жүргізген. Жылжымайтын мүлік мамандарының айтуынша, барлық құжаттары талапқа сай болып шыққан, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Үй барлық тексерулерден, соның ішінде сейсмикалық төзімділік сынақтарынан өтуі керек болған. Сәулеттік шешімдер толық тексерілген. Мұнда орталық су құбыры мен орталық жылыту жүйесі тартылған, бәрі негізгі үйден қосылған. Сондықтан бұл үй толықтай заңды», деді Жылжымайтын мүлік жөніндегі сарапшы Владислав Саржан.
Қалалық әкімдік даулы құрылыстың тағдырын сот арқылы шешпек болғанын хабарлады. Алайда қала құрылысы бақылау басқармасының меншік иесіне қарсы берген талабы қараусыз қалдырылған.
Заңсыз салынған тұрғын үй кешені бұзылды
Заңгер Руслан Қожахметтің пікірінше, шенеуніктер алдымен мұндай үй салуға кімнің, қашан және қандай негізде рұқсат бергенін, сондай-ақ рұқсат беру барысында заң бұзушылықтар болған-болмағанын анықтауы керек еді.
«Иә, өткен уақытта белгілі бір қателіктер жіберілген болуы мүмкін. Бірақ бұл жауапкершілікті қазіргі меншік иелеріне жүктеуге болмайды. Олар бұл мүлікті барлық рұқсат құжаттары рәсімделіп, азаматтық айналымға заңды түрде енгізілген нысан ретінде сатып алған», деді ол.
Заңгердің пікірінше, енді билік органдары жіберілген қателіктерді талдап, осындай жағдайларға қатысты нақты ұстаным қалыптастыруы қажет. Бұл алдағы уақытта басқа көпқабатты үйлердің шатырларында жаңа баспаналардың пайда болмауына септеседі.
Пәтер ішін заңсыз жоспарлау неге апарады