Apple компаниясы Еуропалық одақ елдерінде Siri дауыстық көмекшісінің жаңа жасанды интеллект нұсқасын іске қосудан бас тартты. Оған себеп Еуропалық комиссия оның жергілікті заңнама талаптарынан босату туралы өтінішін қанағаттандырмаған, деп жазады Egemen.kz.
Бұл туралы Еурокомиссия өкілі Тома Ренье мәлімдеді.
Оның айтуынша, сервисті еуропалық нарыққа шығармау туралы шешімді Apple компаниясының өзі қабылдаған.
Даулы мәселе ЕО-ның ірі технологиялық компанияларға арналған ережелеріне байланысты. Бұл талаптарға сәйкес, жаңа цифрлық сервистер тек өз әзірлеушілерінің өнімдерімен ғана емес, үшінші тарап компанияларының шешімдерімен де өзара әрекеттесе алуы тиіс. Siri жасанды интеллект жағдайында бұл басқа өндірушілердің құрылғылары және қосымшаларымен тығыз интеграцияны білдіруі мүмкін.
Реньенің сөзінше, Apple үйлесімділік талаптарына да, қауіпсіздік пен жеке деректерді қорғау жөніндегі еуропалық стандарттарға да бірдей сай келетін шешім ұсына алмаған. Оның орнына компания қолданыстағы ережелерден өзіне ерекшелік беруді сұраған, алайда бұл өтініш қабылданбады.
Айта кетейік, бұған дейін Apple компаниясы өз құрылғыларындағы Siri дауыстық көмекшісін жаңартатыны туралы жазған болатын.